Қала әкімінің бұл әрекетін қалай бағалаймыз?

182
0

3311458_1 копияҚашанда әруақ сыйлап, имандылық салтын ұстанып өскен ұрпақпыз. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, өліге құрмет – елге құрмет. Әсіресе, бақилыққа аттанған марқұмның  соңында қалған үрім-бұтақтары ас-жиын өткізіп, құран бағыштап жатқанда кешігіп келу, көпшілік орынға олпы-солпы киініп бару, арақ ішу – бұл енді, біріншіден –әруақты, екіншіден – көпшілікті  құрметтемеу, үшіншіден –мәдениетсіздік дер едім. Күні кеше осындай жағдайды көріп, көзіммен жер шұқыдым. Жәй адам болса да бір сәрі-ау, қала әкімі мен орынбасарының тірліктері сол жиынға қатысып отырғандарды да қайран қалдырды. Күбір-күбір сөздердің тап сол екеуіне бағышталғанын да естідік.

«Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Алмасбек Мамытбеков жуырда ғана ең бір қимас адамы-аяулы анасынан айрылып, аңырап қалғанын білеміз. Осы азамат анасының 40-күндік асын қаладағы «Жұлдыз» тойханасында берді. Халық көп болды. Құран бағышталып, Тұрғанкүл анамыз туралы жылы лебіздер, тұла бойды елжіретер естеліктер айтылып жатты. Бірінші тамақ беріліп, екіншісі таратылар тұста, яғни белгіленген уақыттан 40 минут өткенде спорттық жейде киген екі азамат кіріп, облыс әкімі, мәслихат хатшысы және бірқатар лауазымды тұлғалар отырған төрдегі үстелге тіке тартып, сонда жайғасты. Көптің көзі осы екеуінде. «Бұлар кім?» деушілер де болды. Кешіккенімен қоймай, марқұмның 40-күндік асына емес, жарыс өтіп жатқан  спорт кешеніне келгендей тайраңдаған бұл екеуі – Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мен оның орынбасары Бахадыр Нарымбетов екенін әзер білдік.
Миллионға жуық халқы бар қала әкімінің осы әрекеті талайларға ой салды. Мәдениет – табалдырықтан басталады. Басқа-басқа, өлімді жерге әлгіндей ұсқында, кешігіп барғаннан – бармағаны  жөн еді. Барған күнде де көпшіліктен, жиынды өткізушілерден кешірім сұраулары тиіс еді. Қайдан, керек болса бір ауыз сөз алып, танымаса да Тұрғанкүл апамыз туралы лебіз айтуға жарамады. Өзі үлгі болатын лауазымды тұлғаның әлгіндей әрекетіне олар емес, біз ұялдық. «Ұлық болсаң – кішік болғаннан» бөлек, «сырт көз – сыншы» екенін ұмытқан әкімдеріміз осылай істесе, жетіскен екенбіз, онда!

Е.СӘРСЕНБИН.