Жұмахан аға жарады!

218
0

1Оңтүстіктегі өзіндік орны бар оқу орны – ОҚМУ-нің жетістіктері мен толағай табыстары барын бұрыннан білуші едік, күні кеше Жұмахан Үшкемпірұлы Мірхалықов басқарып отырған жоғары оқу орны тағы бір белесті бағындырды. Еліміздегі 69 жоғары оқу орындары арасындағы рейтингтік көрсеткіште Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті үшінші орыннан көрініп, мерейімізді өсірді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Болон орталығы жүргізген сараптамада білім сапасына ерекше мән беруімен қатар, жаңаша оқыту тәсілдерін өндіріске ендіріп, елімізге білімді де, білікті мамандар даярлап келген ОҚМУ Л.Гумилов атындағы Еуразиялық ұлттық университеті мен Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінен кейінгі үшінші орынға табан тірегені – бұл жоғары оқу орнына, оның ректоры Жұмахан Мірхалықовқа берілген шынайы да, әділ бағадан бөлек, көрсетілген құрмет екенін түсінеміз.
Бүгінгі игіліктің бәрі – жастарға, себебі олар – ел келешегі. Бүгінгі студенттер – елдің ертеңгі азаматтары. Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл – өте қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады.
Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында: «Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс» деп атап көрсеткені бар. Демек, еліміздегі кез-келген жоғары оқу орындары  өздерінің жауапкершілігін жете сезініп, жәй, қатардағы маманды емес, білімді де білікті, жан-жақты маман даярлаулары керектігі түсінікті. Бұл тұрғыда ОҚМУ-дің педагог-кадрлары алдарына қойған таудай талап үдесінен шығып, еліміздегі ең мықты жоғары оқу орны деген атаққа де лайықты екендіктерін дәлелдей білді. Әрине, мұндай жетістікке жету жолындағы еңбекте университет ректоры Жұмахан Үшкемпірұлының да үлесі барын ешкім жоққа шығара қоймас.
Қанатты  қағиданы басты назарға алып, Елбасы Жолдауында атап көрсетілген басым бағыттарды бағдар еткен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы мен жоғары оқу орнының басшысы Жұмахан Мірхалықовты жоғары жетістіктерімен құттықтап, алдағы еңбектерінің мұнан да жемісті, көрсеткіштерінің мұнан да жоғары болуына тілектеспіз.

«Уақыт»