Инновациялық білім – болашаққа ашылған жол

270
0

«Қазақстанда білім беру мен ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ету керек» деп атап көрсеткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзі мен білім беру жүйесінің қайта жаңғыруға беталысы Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру мәселесін көздеп, оны жүзеге асыру жолдарын айқындап отыр.

ҚР-ның білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалім имиджін көтеру, оның жағымды бейнесін қалыптастыру және тұрақтандыру мәселесі қарастырылған. Бұл жағдайда елімізде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, педагог кадрларға баса көңіл аударылуда. Педагог кадрларға арналған білім жетілдіру курстарының жаңа форматта ұйымдастырылуы, аттестациялаудағы тестілеуден өтуі, мұғалім жалақысының өсуі, іс-тәжірибелерінің таратылуына мүмкіндік алулары, интернет желісінде ұстаздарға арналған арнайы сайттардың ашылуы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерту шараларының жүргізілуі, онлайн режиміндегі сабақтардың өткізілуі, мектептердің компьютер, интерактивті тақта, электронды оқулық сынды т.б. құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі – жас ұрпаққа жаңа заманға лайық білім беру мен жан-жақты тәрбиелеуде ұстаздар қауымының зор беделі мен өзге мамандықтардан әлдеқайда артықшылығын аңғартады. Ал ұстаз мұндай атақ-абырой мен зор беделге ие болуы үшін өз мамандығының қадір-қасиетін түсінетін, білікті де білімді маман, бала жанына жақын жанашыр жан бола білуі керек. «Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Себебі бұлар жұрт айтқандай тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» демекші ұстаз өзінің педагогтік қызметінде ұзақ жылдар бойғы еңбегінің жемісін көре алатындай қызмет етуі қажет.
Ел президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Бүгінде мектептерді жаңа инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету жалғасуда. Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» делінген болатын. Міне, әр адам, әр мұғалім осы пікірді берік ұстанып, ұдайы өзін-өзі дамытуға, үнемі ізденіс үстінде болуға, жас буынға өмірдің мәнін түсініп, оқу мен білімді  ұғынтуға атсалысуы ләзім. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген ойлы сөзге мән бере, білімнің жаңа қырлары ашылып, қоғамның алға жылжып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамыған тұсында жастарымыздың теріс ағымға ілесіп, оң-солын танымай, жаман жолға түсуіне тосқауыл бола білуіміз керек. «Бала жүрегі кішкентай күйсандық. Ол күйсандық кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әркез сол кілт жүруі керек» дейді.
Білім беру жолында №93 жалпы орта мектебінде  үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді. Кәсіби шеберліктің шыңына ұмтылатын, өз іс-әрекетін құра білетін, үнемі өсу, жетілу, өзін дамыту жолында еңбектеніп жүрген ұстаздар шығармашылығын насихаттау, жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдаланып, тәжірибе жинақтау, мұғалімдердің шығармашылығын арттыру бағытында мектепшілік әдістемелік семинарлар өткізіліп, мұғалімдер жаңа технология негізінде сабақтар өткізуде.  Ашық сабақ  материалдары  мектепшілік жинақ болып шығарылуда. «Жаңашыл мұғалім – ізденіс жолында» айдарымен іс-тәжірибелер көрмесі ұйымдастырылды. Мектеп мұғалімдері арасында алдыңғы қатарлы дамыған 50 елдің білім беру кеңістігін игеру мақсатында  семинарлар  ұйымдастырылып, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмектер беру, практикалық жұмыстар жаңа технологиялар бойынша өзара байқау жүргізу,  белсенділікті, ұйымшылдықты арттыру мақсаты көзделді. Біздің қазіргі қоғамдағы инновациялық оқу-білім болашаққа жарқын жол ашуда. Жастарымыздың қайда, қашан, қалай оқимын деген ішкі сұраныстарын қанағаттандыратындай мол мүмкіндіктер пайда болды. Мұның бәрі елімізді өркендету, дамыту, бәсекеге қабілетті ету, сауатты ұрпақ пен сапалы маман дайындаудың қадамдары.
«Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына – 20 қадам» атты Елбасы мақаласындағы 13-тапсырмада білім саласына қатысты нақты мәселелер қозғалған.  Жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді  талап етті.

Гүлсара МАРХАБАЕВА, Сайрам ауданы, №93 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.