Каддафидің өсиеті

201
0

6 (2)«Демократия – азаматтық қоғамның дамыған үлгісі бола алмайды. Біздің әзірге басымыз жетіп, ойлап тапқанымыз осы ғана». У Черчилль.
 Араб елдеріндегі интернет сайттарының бірін ақтарып отырып «Каддафидің өсиеті» деген тақырыпты көзім шалып қалды. Оқыдым да ойға қалдым. Өркениеттің жетістігіне желіге бермей, ара-тұра бабаларынан қалған бәдәуилер шатырында түнегенді хош көретін осы бір арабтың кейінгілерге қалдырған өсиетінде бір шындықтың шеті қылтияды.. Ливиядағы оқиғаларға баршамыз куә болдық. Артынша оған әркім өзінше баға берді. Бірақ, «Ит үреді, керуен көшеді» дегендей бұл текетіресте араб елдерінде жиі болып тұратын жәйттардың бірі ретінде кейін елдің есінен шығарына күмән жоқ. Алайда, бұл қақтығыс бұқараның біраз бөлігіне ой салып кетті. Ең құрығанда қолдан ұйымдастырылған осы бүлік арқылы Еуропа мен Америка өзгелерге «қолдарынан келсе қонышынан басудан» тайынбайтындықтарын тағы бір дәлелдегендей болды. Ақырғы демінің алдында ғана жазып кеткен Ливия көсемінің кейінгілерге қалдырған өсиетін назарларыңызға ұсынамыз.

«Осымен қырық жыл бойы мен елді үймен, мектеп және ауруханамен қамтамасыз ету үшін отандастарыма қолдан келгенше жағдай жасадым. Аш болғанда оларды тамақтандырдым, тіпті, шөлді Бенгазиді гүлденген аймаққа айналдырдым. Мен ковбой Рейганның шабуылдарына тойтарыс бердім. Мені өлтіргісі келген, ол ешқандай жазығы жоқ баламды жазым етіп кетті. Мен Африка одағының қаржысымен Африкадағы бауырларыма да үзбей жәрдемдестім. Елге нағыз демократияның не екенін түсіндіру үшін қолдан келгенше көмектестім. Бірақ, бұған қанағат етпеді көбісі. Тіпті 10 бөлмелі пәтері барлардың өзіне де жаңа жиһаз бен киім-кешек алып берсем де көңілдері қош болғанын көрмедім. Дүниеқоңыздық пен өзімшілдікке салынған олар америкалықтар мен өзге елдің өкілдерімен ымыраға келіп, елге «нағыз демократияның» жетпей жатқанын айтып шағымданды. Бірақ бұл «демократия» мен «бостандық» күштілердің құқын ғана қорғайтынын олар түсінбеді. Олар Америкада қайыр сұрағандар ғана тәуелсіз күн кешетінін және тегін көже ол жақта тек қайырымдылық мақсатында ғана таратылатынын, онда да бұған қол жеткізгісі келгендердің ұзын-сонар кезекке тұратынын білген жоқ. Америкада біздің елдегідей тегін медицина, тегін аурухана, тегін білім мен тегін баспана жоқ екенін ұғынғысы келмеді. Мен не істесемде барлығына бұл аз болып көрінді. Басқалары Менің арабтар мен мұсылмандардың бірден-бір көсемі, халқының Суэц каналын пайдалануға қақы бар екенін мәлімдеген Абдел Насердің ұлы екенімді білді. Ал Мен оның бастамаларын үлгі ете отырып, өз халқымның Ливияның толыққанды иесі екенін мәлімдедім және оны отарлаушылардың ықпалынан арашалап қалуға тырыстым. Енді міне… Мен әлемдегі ең күшті армияның соққысына ұшыраудамын. Ал менің Африкалық інім Обама Мені өлтіріп, біздің тегін баспанамызды, медицинамызды, тегін білім мен тамағымызы тартып алып, оны «капитализм» деп аталатын американың сұғанақ жүйесімен алмастырмақ. Үшінші әлемде өмір сүретін барлығымыз оның қандай қоғам екенін әлбетте жақсы білеміз. Бұл дегеніміз елді корпорациялар билеп, қарапайым халықты қанау деген сөз. Менде басқа амал қалмады. Мен Өз позициямды ұстап қалуым керек. Біздің елге осынша байлық беріп, халқымның әл-ауқатын көтеріп, Африкадағы бауырларыма көмектесуге мүмкіндік берген араб бауырларым мен қандастарыма Ливия Жамахириясында жұмыла жұмыс істеуді жазған Аллаға үлкен алғыс айтамын. Егер Алла қаласа мен өз ұлысым үшін өмірімді қиюға дайынмын.
Менің өлгім келмейді. Бірақ балаларымыздың бас амандығы мен елімді құтқарып қалу үшін осылай істеуге мәжбүрмін. Осы өсиетім арқылы бүкіл әлем Менің Нато кресшілерінің кезекті шабуылына қарсы шыққанымды білетін болады. Мен қатыгездік пен сатқындыққа төзе алмаған Африкалық өзге бауырларыммен иық тірестіріп оларға қарсы шықтым. Мен бәдәуилер шатырында, қарапайым үйде өмір сүрдім. Сиртта өткізген жастық шағымды ешқашан естен шығарған емеспін. Мен Ұлттың байлығын оңды-солды шашқан жоқпын. Ислам үшін Иерусалимді азат еткен Мұсылмандардың ұлы көсемі Салахаддин сияқты аз нәрсені қанағат тұттым. Батыста мені «ақылсыз», «ақымақ» дейді. Бірақ шындықты білсе де олар өтірік айтудан ешқашан тайынған емес. Олар менің ұстанған жолым халқымның көңілінен шығатынын және бұл үшін менің басымды бәйгеге тігуге дайын екенімді біледі. Азат, тәуелсіз Ливияның өздеріне кіріптар емес екеніне іштей өкінеді. Ал Мен осы бостандық үшін ақтық демім шыққанша айқасуға әзірмін. Ұлы Жаратушы біздің еркін де ерікті болып қала беруімізді нәсіп еткей!».

Жолымбет МӘКІШЕВ,
Алматы.