ТҮРКІСТАНДА ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ АҚПАРАТТЫҚ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан қаласындағы М. Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебінде жастар арасында алаяқтық, құқықбұзушылық, қаржы пирамидасына қарсы күрес, вандализмді алдын алу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыптарында ақпараттық-насихаттық топтың кездесу өтті. Бұл іс-шараға мектеп оқушылары белсенді қатысып, қоғамдағы тәртіп мәселелері мен құқықбұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы кең ақпарат алды.
Кездесуді Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторлары Салтанат Ержанқызы мен Жансая Мұхаметжанқызы жүргізді. Олар жастарға алаяқтық әрекеттер мен қаржы пирамидаларының зардаптары туралы түсіндіріп, сол арқылы жасөспірімдерді осындай құқықбұзушылықтарға қарсы әрекет жасауға шақырды. Олар жастарға құқықтарын қорғау, заңды білудің маңызы, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілікті сезінудің қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар, Түркістан қалалық полиция басқармасының Жедел Патрульдік Қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Б. Садыев, Ювеналдық полиция тобының аға УПИ, полиция майоры Қапашов Керім жастарға құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кеңестер берді. Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтарды болдырмау, жастар арасындағы тәртіпті сақтау мақсатында атқарылатын жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті. Олар өз сөздерінде құқық қорғау органдарының қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтініне, жастарға қауіпсіз орта қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына назар аударды.
Кездесу барысында қатысушыларға қоғамдағы тәртіптің жай-күйі бойынша бейнероликтер көрсетіліп, нақты мысалдар келтірілді. Мұндай видеоматериалдар жастардың құқықбұзушылықтардың салдарын түсінуіне, сондай-ақ өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуіне септігін тигізді.
Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Есенкулова Тәттігүл Амангелдіқызы бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, жас ұрпаққа құқықтық білім мен тәрбие берудің қажеттілігін айтты. Ол жастарды білім алуға, заңды сыйлауға, жауапкершілік сезімін дамытуға шақырды.
Кездесудің қорытындысында, қатысушылар құқықбұзушылыққа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне қатысты пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Мұндай ақпараттық-насихаттық шаралардың жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Жалпы, Түркістан қаласында жастарға құқықтық білім беру, әлеуметтік проблемаларды шешу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қоғамдағы тәртіпті нығайту мақсатында атқарылып жатқан шаралар жалғасуда. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамда тұрақтылық орнатуға бағытталған.