Шымкенттіктер үшін мақтаныш
Елбасымыздың «Қазақстан -2050» стратегиясында атап көрсеткендей, «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» болса, сапалы және қолжетімді медициналық қызметтерді көрсетуде денсаулық сақтау саласы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша жұмыс атқаруда.
Өткен жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының мақсаты Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту және елдің әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру болып табылады. Емделушілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруда “Саламатты Қазақстан 2011– 2015” бағдарламасының аясында енгізілген әлеуметтік қызметкерлер, психологтер мен екінші және үшінші медбикелер атқаратын қызметтің үлесі зор. Емханамызда 2 психолог және 3 әлеуметтік қызметкер және әр аймақта 2-3 медбикеден қызмет етуде. Бұл қосымша қызмет түрлері ұлттық скринингтік бағдарлама көрсеткіштерінің жақсаруына да септігін тигізуде. Медбикелер емханадағы жұмыстан тысқары учаскелерге тіркелген әрбір адамның пәтеріне барып, скринингтік тексерістер мен әртүрлі профилактикалық екпелерге шақырып, төсек тартып жатқан науқастарды үйлерінде бақылап тұрады. Учаскелік дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің және қосымша бөлінген мейірбикелердің тынымсыз еңбектерінің арқасында үстіміздегі жылы жүрек қан-тамыр жүйесі бойынша 6727 мақсатты тұрғындардан 18,1 пайыз, яғни 1216 науқас, глаукома ауруы бойынша 4299 адам арасында 83 науқас, сүт безі қатерлі ісігі ауруы бойынша тексерілген 303 тұрғынның 16,8 пайызында ісік алды патологиялары анықталып «диспансерлік» есепке алынды. Оларға қатысты қазіргі таңда сауықтыру шаралары атқарылуда.
Емхана жұмысы сапалы білікті мамандардың алғашқы медициналық- санитарлық көмекті Самал-1, Самал -2, Самал-3, Шұғыла, Северо-Запад тұрғындарына көрсетуге бағытталған. Қызмет көрсету аумағы 18 балалар және 16 ересектер, 7 гинекологиялық аймақтарға бөлінген. Білікті медициналық көмекті 22 ден астам мамандар көрсетуде. Оның ішінде 100-ден астам дәрігер, 200 орта буынды медицина қызметкерлері емхана іргесін құрайды.
Біздің емхана заманауи медициналық құралдармен жабдықталды: рентгенография, флюорография, маммография, ультрадыбыстық зерттеу бөлмесі, эндоскопиялық зерттеу бөлмесі. Функционалды диагностика: электрокардиограмма, электроэнцелофалограмма, реоэнцефалограмма, спирография қызмет көрсетуде. Гемологиялық, биохимиялық, жалпы клиникалық лабораториялар жұмыс жасауда.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің аясында медициналық ұйымды ерікті түрде таңдау өңірімізде жоспарлы түрде орындалып келеді. Мұның арқасында тұрғындар өз қалауынша емханалар мен ауруханаларды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз алдына медициналық қызметкерлер мен мекемелер арасында бәсекелестік орнатып, сол арқылы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет түрлерінің сапасын арттыруға жәрдемдеседі.
Г.КӨЛБАЕВА,
№6 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері.