Сақтықты ұмытып, «ұрлыққа» барғаның қалай, «САЯСАТ-ақпарат?»

360
1

00848Өзіміз халыққа басылым ұсынғаннан кейін, өзге басылымдарды да назарымыздан еш уақытта тыс қалдырған емеспіз. Қолымызға қоғамдық-саяси «Саясат-ақпарат» басылымының – қыркүйектің соңындағы саны түсті. Басынан бастап көз салып, ортасындағы айқарма бетке келгенде ел таныған, халықтың қалаулысы, бизнесмендердің көшін бастап келе жатқан Рәшкүл Оспанәлиевамен жасалған сұхбатқа көзіміз түсті. Қуанып қалдық. «Саясат-ақпарат» газеті өзінің дәргейін көтерген екен ғой деп. Біз білетін Рәшкүл Оспанәлиева анау-мынау газетке басын иіп, мойнын бұрып, сұхбат бере қоймайтындығын білетінбіз. Өзіне тән кісілігі, тектілігі бар бұл азаматшамен өткен жылы газетімізде жарық көрген сұхбаттасу кезінде осыған анық көз жеткізген болатынбыз. Сөйтіп, соншама тірліктің арасынан уақыт тауып, сауалға жауап бергенде, бұл кісі нені айтып, нелерді қозғады екен деген журналисттік қызығушылықпен кіріспесінен бастап шолып шықпақ болдық. Сөйтсек…

77777777770001Әлқиссамыздың басын әріден бастайық. Өткен жылғы 17-ші мамырда «Уақыттың» 12-нөмерінде бас редактордың орынбасары, белгілі журналист Тұтқабай Фазылбектің «Береке» корпорациясының басшысы, ОҚ облыстық мәслихатының депутаты Рәшкүл Жәлелқызы Оспанәлиевамен «Біздің облыста кадр жоқ» дегенге кім сенеді?!» атты үш беттік сұхбаты жарияланған. Облыстық мәслихаттың жалғыз әйел депутаты Р.Оспанәлива жөнінде Парламенті мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат депутаты Лесбек Тәшімов және Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиевалардың оймақтай ойлы пікірлері қоса берілген болатын.
Бетпе-бет әңгіме алдында Рәшкүл Оспанәлива турасында оның есімінің көпке танылуы, алған атақтары, Шымкентте «Неке сарайын» салдырғаны турасында кіріспе сөз жазылып, ары қарай адамның тұлға ретінде қалыптасуында оның туып-өскен ортасының ерекше мәнге ие екендігі, намысшыл, қайсар мінездердің кімнен келгендігі жөнінде өткен күндерді саралаған сұрақ-жауаптан бастау алған сұхбат, ең соңында депутат ханымның «Уақыт» газетіне деген шынайы тілегімен аяқталған болатын. Сол сұхбатты алғанымызға біз, бергеніне Рәшкүл ханым «мәз болып» жүргенімізде, сол сұхбатымыз арада бір жарым жыл өткенде директоры Назипа Мамықова, бас редакторы Момбек Амангелдиев (Әбдәкімұлы) болып саналатын «Саясат-ақпарат» деген газетте тура үш бетке жарқ етіп, жаһанға жария болып шыға келді. Баяғы «Уақыттан» көшіріп басты дейін десең, үш жағы тура келмейді. Біріншіден сұхбатты жүргізген Тұтқабай Фазылбек емес, соңғы газеттің директоры Назипа Мамықова. Екіншіден газеттің екеуінің атауы екі түрлі. Үшіншіден, сұхбаттың тақырыптары екі түрлі. Жақындығы – қойылған сауалдар мен берілген жауаптар бір шешеден туған егіздердей ұқсас.
Енді әңгімені үш бетке ортақ тақырыптан бастайық. «Уақыт» тақырыпты «Рәшкүл Осанәлиева, Оңтүстік қазақстан облыстық мәслихатының депутаты» деп лауазымын көрсетеді де, қос нүкте қойып «Біздің облыста кадр жоқ» дегенге кім сенеді?!» деп аяқтайды. Ары қарай мәтін жалғасады.
Ал «Саясат-ақпарат» болса 27.09.2013 жылғы №31-32 санында тақырыпты былай өрнектейді: «Рәшкүл Оспанәлиева, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты» дейді де, оған қос нүкте қоймай-ақ, тақырыбын «Өзі депутат, өзі кәсіпкер, өзі саясаткер Ол жасаған тірліктерді онша-мұнша еркек атқара алмайды» деп, тырнақшамен қоршап қояды. Сонда бұл тақырыптағы сөз Рәшкүлдікі ме, әлде сұхбатты алып отырған басылымның директоры Назипа Мамықованікі ме? Бұған, кешіріммен қарадық. Рәшкүл батысқа, сұхбаттың тақырыбы шығысқа қарай беттеген осы жазылымның енді ішек-қарнына қарай ойысып, айтылған ойды, түйіндеген пікірді, сырлы әңгімені оқып, танысқанша асықтық. Бірінші бағанадағы сауал да, жауап та көзімізге оттай басылды. Әр әрпі, әр сөйлемі өте бір таныс, көңілімізге тонның ішкі бауырындай болып, етене жақындай түсті. Біз былтыр алғашқы сауалды мәслихат депутатына «Адамның тұлға ретінде қалыптасуында оның туып өскен ортасы ерекше рөл ойнайтыны анық. Немесе «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейміз қысқа қайырып. Рәшкүл Оспанәлиеваға кісінің талағы жарылып кетсе де турасын айтатын, намысшыл, қайсар мінездер кімнен келген?» деп қойыппыз. «Саясат-ақпарат» газеті де алғашқы сұрағын осылай бастап, осылай аяқтапты. Тек ұяттары басымдау болғандықтан ба «Уақыттағы» «Рәшкүл Оспанәлиеваға кісінің талағы жарылып кетсе де» деген жарты сөйлемді жекесінен қырт дегізіп қырқып тастапты.
Ал, енді осының жауабын салыстырып көрелік. Бір қарыс болатын жауап былтырғы «Уақыттан» әрпі, сөзі, сөйлемі, үтірі, нүктесі еш өзгеріссіз, қоспасыз сол күйінде көшіріліп беріліпті.
Біріншісін абайсызда біздің газеттен бағыт-бағдар алайын деп, тігіндіден алып оқып отырғанда беріп жіберген шығар деп, қиянат ойға ырық бермей, екінші сауалға шұқшидық. «Соңғы уақытта ұлт хақында, елдің дамуындағы көкейкесті мәселелер туралы жиі пікір білдіріп жүрсіз» деппіз біз. Енді Назипаның газетінің қандай сауал қойғанына бәріміз болып бір назар аударалықшы. Қаз-қалпында қалдыруға сәл-пәл ыңғайсызданған болуы керек, олар өз жандарынан баяғы біздегі сауалдың соңына «Қазіргі қазақ ұлтының басшысы жайында не айтар едіңіз?» деген бір сөйлемді тіркепті. Жауабы құдды-құдды былтырғыдай. Сірә мынау дөңгеленген дүниенің бүгінгі айтылар жауабы аз да болса басқашалау болатындығын сұхбат авторы ескермеген-ау. Өте өкінішті. Өзіміз мысалға алып отырған екінші сауалдың жауабының соңында біз де, олар да «Ал, ер-азаматтарға айтарым, некесіз туылған сәби харам болып есептеледі. Ондай баладан ертең ешқашан жібі түзу адал азамат шықпайды. Ең жаманы — тексіздік» деп түйіндеппіз. Ал біреудің дүниесін өзінің жеке меншігіндей иемденіп, ұрлап алу харам ба, халал ма? Мұны қай тектілікке жатқызамыз? Нәзипа ханым енді осы біздің сауалымызға не деп жауап берер екен?
Әрмен қарай шынашақтай ғана жеті сауалға сұхбат алушы өз жанынан күйіп, бізді де, оқырманды да алдаусыратып, адастырыңқырап барып, баяғы біздің салған сауал-жауап сүрлеуімізге адаспай қайта түсіп кетеді. Егер мұндай мысалдарды салыстырмалы жағдайда екшеп-текшеп, миын шығара талдап, дәлелдеп бере беретін болсақ, онда тағы да газеттің үш беті босқа қор болады. Екі сұхбатты бір ауыз сөзбен түйіндеп айтар болсақ, оның өн бойындағы сұрақтар мен жауаптардың 90 пайызы ешқандай адам айыра алмайтын хәлде «Уақыттан» «Саясат-ақпаратқа» сол қалпында көшіріліп басыла салған. Сілтеме жасау, болмаса «өзіміз жаза алмағаннан кейін, өлгеннің күнінен, Рәшкүлден ұялғанымыздан көшіріп бастық» деп ашық мойындаған болса, онда біз оларды күні ертең заң орындарына сүйремес те, мынау масқара мақаланы жазбаста едік.
Кейде біздің офистің іргесінде, көрші үйде тұратын газеттің директоры Назипа Мамықованы аяймыз да. Беліне қандай шоқпар байлағанын әлі біле алмай жүрген, журналистиканың исі мұрнына бармайтын, журналистік құжаты жоқ, ұят пен ардан аттап кетіп, этиканы сақтамай, өзі де сақтанбай, тапа-талтүсте «ұрлыққа» барып, өзгенің дүниесін бауырына басқаннан кім ұтты, кім ұтылды? Сұхбаттағы он пайыз айырмашылықтан біз бір нәрсенің ақиқатына жете алмадық. Күні кешеге дейін Н.Мамықова «газет өзімдікі, өзім бастықпын» деп жүретін еді. Ал Рәшкүлге берген соңғы сауалында ол кісіден басылым үшін тілек тілегенде, жауаптың біраз сөйлемі бізден алыныпты да, ара-тұра арасына ептеп қосымшалар қосылыпты. Бұл әрине сұраққа жауап берушінің айтқандары. Сонда ол кісі не дейді, құлақ түрелік: «…Бұл басылым «Ақ жол» партиясының саясатын насихаттайтын өңіріміздегі бірден бір газет екенін көпшілік біледі және айтып та жүр. Осы «Саясат-ақпарат» газеттінің (жауапта осылай жазылған) Анарбек Оңғарұлының тікелей қолдауымен жарыққа шығып жатқанын тек ОҚО халқы емес бүкіл Қазақстан халқы да хабардар (жауапта осылай жазылған)». Қалғанын әбден дәндеген әдетпен «Уақыттан» көшіре салған. Қандай оңай тірлік, миы ашымайды, басың ауырмайды, қолың талмайды. Рахат!
Осыдан кейін ойға Анарбек Орманның айтқандары оралады. «Жо-о-қ, бұл менің газетім емес» деген. Ал сенгіш болсаң, сеніп көр. Тапқыр болсаң газеттің кімдікі екенін тауып көр.
Енді сөзіміздің ақырында көзі қарақты оқырманға тағы бір жұмбақты шешу үшін көкпар сияқты көлденең тастайық. «Саясат-ақпараттың» осы нөмерінің соңғы бетіне көз салғанда бас редактор ретінде Момбек Амангелдиев (Әбдәкімұлы) қол қойыпты. Жаңа қызметке орнығып, жаңа лауазымды иемденген біздің басылымның ең белсенді авторларының қатарында жүрген ол кісіге газетке қол қойыпты ғой деп арнайы хабарласып, құттықтауды жөн көрдік. Аты-жөні тайға таңба басқандай көрініп тұрғанмен, Әбекең «мен бұл газетте істемеймін, бас редактор да емеспін» деп басын алып қашып, бізді тағы да бір жұмбаққа апарып тіреп қойды.
Міне, ағайындар, бір ғана кісімен былтыр және биыл өткізілген, екі газетте жарық көрген, мәтіндері айнымайтын сұхбатнаманың біз көрген-баққан, көзіміз жеткен, көңіліміз сенген бар сыры осы.
Өзіңнің әріптесің жайында жанға жақпайтын әңгіме айту, немесе жазу қиынның қиыны, нағыз қиямет. Оған бүгін біз көз жеткізіп отырмыз. Айтпайын деп едік, сөздің атасы өлетін болды. Оның үстіне былтыр көктемде «Уақытқа» берген сұхбатында Р.Оспанәлиева облыс әкімінің кадрлық саясатына байланысты біршама нақтылы ойларын білдірген еді. Мұндай пікірді сонымен қатар Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Қ.Молдасейітовке қатысты да айтқан еді. Одан бері қала әкімі ауысты, облыс әкімдігіндегі кадрлық мәселелер ретке келтірілді. Сонда кәсібін шыр үйіріп, депутаттық міндетін абыроймен орындап жүрген Рәшкүл Оспанәлиеваның дәл осы облыс пен қала әкіміне байланысты айтатын пікірі, ойы, ұстанымы болмағаны ма? Мынау сұхбатқа қарап отырсақ жауап иесі айтар сөз таппай, қолына ескі «Уақытты» алып, амалсыздың күнінен сұхбат алушыға соны дауыстап оқып берген секілді. Біз білетін, сіз білетін Рәшкүл ондай әрекетке өлсе де бармайтын адам. Екі ортада Назипа апасының атына әжептеуір ыңғайсыз әңгімені жабыстырып қойды. Бірақ ел өзінің таразыға салып әділ бағасын бәрібір береді ғой. Сондықтан одан онша қорқуға болмайды.
Біз ендігі салмақты ОҚО ішкі саясат басқармасына, оның басшысы Гүлмира Тағаеваның назарына тікелей аударуды жөн көріп отырмыз. Баспасөзге тікелей басшылық жасайтын орган мынандай адам шіміркенетін, артық айтсақ айып болмас, аса бір жиіркенішті жағдайға өзінің соңғы сөзін айтатын шығар деп сенеміз.
Рәшкүлдің соңғы жауабында айтылғандай «Ақ жол» партиясының облыстағы басшысы Анарбек Оңғарұлы Орман мырза өзінің саяси құралы ретінде ұстап отырған басылымның шынайы құрылтайшысы, демеушісі, жебеушісі болатын болса, елдің алдында еңсесін тіктеп тұрып бір жауабын ашық айтар деген ойдамыз.
Қазір қазақ баспасөзі, оның ішінде газет пен журнал көрінгеннің ойыншығына айналды. Баспасөз төңірегіндегі этика мен эстетиканы біле бермейтін, құдіретті күшті баспасөзді қадірлей алмайтын, оның үдесінен шықпайтын жандардың өз жолымен жүргені жөн-ау, сірә.
Біз бүгінгі өзіміз өзекті мәселе етіп қойып отырған сұхбат төңірегіндегі әңгіменің анығына тереңірек көз жеткізу үшін «Уақыттағы» сұхбатты дайындаған Тұтқабай Фазылбекке және ОҚО мәслихатының депутаты, екі газеттегі  сұхбаттың негізгі кейіпкері Рәшкүл Оспанәлиеваға хабарласқан болатынбыз. Рахмет, ол кісілер ешқандай тартынусыз өздерінің пікірлерін басылымымыздың редакциясына білдіріп, оны көпшіліктің саналы назарына да ұсынып отыр.

«Уақыт»

Рәшкүл Оспанәлиеваның  «Уақыт» газетіне  берген пікірі:

— «Уақыт» газетін оқып тұрамын. Бұл басылымға алғаш рет сұхбат беріп отырмын. Газетке тек сәттілік тілеймін. Халықтың сүйіп оқитын газеті болсын! Халық сүйіп оқу үшін, шындық жазылуы керек. Мемлекеттігі бар, тәуелсіздігі бар, бірталай газетті жаздырып алып оқимын. Өкінішке қарай, көбісін парақтап, жаба саламын. Мақалаларын бірінен-бірі көшіре салғандай әсер қалдырады. Ал, шындықты жазатын ешкімнен тайсалмайтын басылымды жұрт өзі іздеп оқиды. Міне, шын жүрегіммен сондай газет жасауларыңызға тілектеспін. Ұжымдарыңызға, шығармашылықтарыңызға табыс тілеймін.

Рәшкүл Оспанәлиеваның  «Саясат-ақпарат» газетіне берген пікірі:

— «Саясат-ақпарат» газетін көптен бері оқып тұрамын. Бұл басылым «Ақ жол» партиясының саясатын насихаттайтын өңіріміздегі бірден-бір газет екенін көпшілік біледі және айтып та жүр. Осы «Саясат-ақпарат» газетінің Анарбек Оңғарұлының тікелей қолдауымен жарыққа шығып жатқанын тек ОҚО халқы емес бүкіл Қазақстан халқы да хабардар. Басылым қызметкерлеріне саясат айдынында кең қанат қағып, ойларыңыз жүйрік, қаламдарыңыз ұшқыр болуларыңызға шын ниеттен тілектеспін! Халықтың сүйіп оқитын газеті болсын! Халық сүйіп оқу үшін, шындық жазылуы керек. Мемлекеттігі бар, тәуелсіздігі бар, бірталай газетті жаздырып алып оқимын. Өкінішке қарай, көбісін парақтап, жаба саламын. Мақалаларын бірінен-бірі көшіре салғандай әсер қалдырады. Ал, шындықты жазатын, ешкімнен тайсалмайтын басылымды жұрт өзі іздеп оқиды. Міне, шын жүрегіммен газеттеріңізді сондай биіктікке жеткізулеріңізге тілектеспін.

46-002-217x325

Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА,
ОҚО мәслихатының депутаты:

— «Саясат-ақпарат» газетіне сұхбат бергенім рас. Бірақ әлгі газеттің тілшісі менің бүгінгі айтқан пікірлерімді бермей, осыдан бір жарым жыл бұрынғы «Уақыт» газетіне шыққан сұхбатымды әріп-нүктесін өзгертпей көшіріп бере салған. Кешегі күнгі сұхбатты оқысам, баяғы айтқан пікірлерім сол қалпында берілген.
Мен бүгінгі облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Дархан Сатыбалды жайлы өте жақсы пікір айтқан болатынмын. Бұрындары облыс әкіміне ешқандай қаймықпастан болып жатқан кемшіліктер, орын алған олқылықтар жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында ашық сұхбаттар беріп,  ол турасында әкімнің өзіне де қозғау болатын жүйелі әңгімелер айтқанмын. Ал мынау сұхбат «Уақыттағы» сол кездегі айтылған ой пікірлерді көшіріп бере салған. Оның мерзімі өтіп кетті. Облыс, қала әкімдерімен болатын әңгіменің ауқымы, тақырыбы, мазмұны қазір мүлдем басқаша өрбуде. Мен Назипа Мамықоваға бүгінгі күннің аясында сұхбат беріп, өзімнің соңғы пікірлерімді, ойларымды, ұстанымымды айтқан болатынмын. Өкініштісі сол, оның бірде-біреуі кешегі сұхбатта жарық көрмеген. Мен «Ақ жол» партиясының атынан келгеннен соң, оның басшысы А.Орманды сыйлайтын болғандықтан осы әңгімеге келісіп едім. Енді бүгін мынау сұхбат шыққаннан кейін газеттің сауатсыз директоры Н.Мамықова үшін, А.Орман үшін және өзім үшін қатты ұялып отырмын. «Уақыт» арқылы барлық оқырмандардан, мені танитындардан, билік басшыларынан ғафу өтінемін. Менің айтарым мынау – егер Назипа және Назипа сияқтылар қолынан келмейтін іске құлаш сермемей, жайына жүру керек. Мүмкін осыдан кейін өзін-өзі масқара еткен газеттің директоры мен газеттің болашағы жайында оны демеп, жебеп жүргендер терең ойланып, дұрыс шешім жасағаны жөн деп санаймын. Осынау әңгімеден кейін менен сұхбат алып, оның орнына басқа газеттің «шарбағына ұрлыққа» түскен Назипада оқырман алдында ешқандай бедел мен абырой қалмады деген сенімдемін.

DSCN2911

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, «СТРАТЕГИЯ» газетінің Директор-Бас редакторы:

— «Уақыт» газетіндегі әріптестерім хабарласқанда, «Әй, шыли олай емес шығар» деп сеніңкіремеген едім. «Саясат-ақпарат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2013 жылдың 27 қыркүйегінде жарық көрген санын қолыма алып, 6-7-8-беттерде жарық көрген сұхбатты басынан аяғына дейін оқып шығып, шындығында да, «Мен де аң-таң, апам да аң-таң» күйде отырмын. Басылым директоры Назипа Мамықова Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлиевамен әңгіме өрбітіпті. Алайда осыдан бір жарым жылдай бұрын жазған өз сұхбатым көзіме оттай басылды. Себебі, бұл материал «Біздің облыста кадр жоқ» дегенге кім сенеді?!» атты тақырыппен «Уақыт» республикалық газетінде 2012 жылы 19 мамырда әлдеқашан жарияланып қойып еді. Әлі есімде, Р.Жәлелқызымен алдын ала келісе отырып, Шымкент қаласының 4-шағынауданында орналасқан «Береке-А» корпорациясының кеңсесінде жүздесіп, емен-жарқын сұхбат құрғанбыз. Диктофондағы сұхбаттың қағаз бетіне түскен толық һәм дайын нұсқасын газет оқырмандарына ұсынбас бұрын халық қалаулысының өтінішін ескеріп, өзіне бір қайтара оқытып алғанымызды да ұмыта қойғанымыз жоқ. Бірақ араға осынша уақыт салып, аталмыш сұхбатым «Саясат-ақпарат» газетінде кенеттен жарық көретіні үш ұйықтасам да, түсіме кірген емес. Оның үстіне бір жарым жылдың ішінде талай нәрсе өзгерді ғой. Рәшкүл Оспанәлиеваға қатысты ситуация да өзгеруі әбден мүмкін. Мәселен, «Уақыттағы» сұхбатта ол ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің кадр саясатына көңілі толмайтынын айтады. Ал, қазіргі таңда Р.Жәлелқызы А.Исабекұлына барынша қолдау көрсетіп жүрген болса ше?! Рас, Н.Мамықованың еңбектенгені көрініп тұр. Тақырыбын өзгерткен. «ӨЗІ ДЕПУТАТ, ӨЗІ КӘСІПКЕР, ӨЗІ САЯСАТКЕР» Ол жасаған тірліктерді онша-мұнша еркек атқара алмайды» деп. Әйтсе де «Рәшкүл ОСПАНӘЛИЕВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты» деген сөздерді тақырыптың үстіне не үшін шығарғанын түсінбедім. Егер тақырып сұхбат берушінің өз сөзінен алынса, түсінуге болар еді… Одан кейін аннотация қайта жазылыпты. Көлемділеу етіліп. Мұнан соң сұхбат басталады. Сол баяғы мен жазған мәтін. Менмұндалап тұр. Әрине, «автор» сұхбатты әрлі-берлі өздігінше өңдеуге тырысыпты. Біршама сұрақтар мен жауаптар қосқан. Өз тарапынан болса, құба-құп. Алайда ертеңгі күні әлгі мәтіндердің де шынайы иесі табылмасына кім кепіл? Қалай десек те, тұтастай алғанда, «Саясат-ақпараттағы» бұл сұхбаттың негізгі бөлігі өзімізге тиесілі екені айдан анық. Жарайды, «көп сөйлеп созбайық, әдептен озбайық», ненің ақ, ненің қара екеніне көз жеткізу үшін, жоғарыда айтылған мерзімде жарияланған «Уақыт» пен «Саясат-ақпараттың» тиісті сандарын қатар қойып, салыстырып шықсаңыз, жеткілікті.
Және тағы бір мән беретін маңызды нәрсе, біздің ұзында кегіміз, қысқада өшіміз жоқ. Әйтпесе Н.Мамықова бізді танымайды емес. Таниды. Көрген жерде «Ағалық ақылыңызды айтыңызшы!..» деп ақыл-кеңес сұрап тұратыны бар-ды. «Білетініміз – бір тоғыз, білмейтініміз – тоқсан тоғыз» болса да, шама-шарқымызша жөн-жоба нұсқауға тырысатынбыз. Өкінішке қарай, Назипаның бұл тірлігі ұят болды! Бәлкім, өзгелердің идеясын дамытуға, жандандыруға болар. Бірақ бұлайша көшіріп алу. Үтір, нүктелер мен тыныс белгілерді де өзгертпей… Тіпті кейбір әріп қатеміз де тайға таңба басқандай тұр. «Плагиат» демеуші ме еді?! Қазақ «Ұрлық түбі – қорлық» дейді. Жақсы нәрсе емес енді. Қазір жас. «Әлі жас қой!..» деп елең қылмауға да болар еді. Бірақ жағдай ертеңгі күні «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейтін дәрежеге жетіп қалса ше? Масқараның көкесі сонда болмай ма? Сондықтан алдағы күндерде бұл қателіктер қайталанбас үшін барды бар, жоқты жоқ деп айту – біздің парызымыз.

434_e6060bb6794a20c9424309b9851ed5d8

Бауыржан СЕГІБАЕВ,
«Президент және халық» газетінің тілшісі:

— «Саясат-ақпарат» газетінің директоры Назипа Мамықованың Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Рәшкүл Оспанәлиевамен жүргізген сұхбаты жарияланған газетті Оңтүстіктегі әріптестерімнен өтініш жасап, арнайы Астанаға алдырттым. Ол сұхбаттың негізгі бөлігі «Уақыт» газетінен алынған екен. Ал кіріспе сөзіндегі сұхбаттың басы менің — «Президент және халық» газетіндегі Рәшкүл Оспанәлиева жөніндегі «Түйін» сөзіммен беріліпті. Менің халық қалаулысына қойған екі-үш сұрағым сол қалпында өзгертілмей берілгеніне таң қалдым. Бұған не дерімді де білмей тұрмын…