Ел іздейтін, әкімі іздемейтін Елшиева немесе «дежурный» орынбасардың обалы кімге?

215
1

454563Бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысында білім саласының қара қазанының құлағын ұстаған Альмира Елшиеваны біреу біледі, біреу білмейді десек, оған көре тұрып, өңешін созып, ешкім қарсылық таныта қоймасына жүз пайыздық кепілдік беруге әбден болады. Жалпы бұрын беймәлім тұлғалардың қатарында жүрген осы ОҚО білім департаментіне төбеден түскендей топ етіп келе қалған А.Елшиеваны осынау қысқа ғана еңбек жолында бастауыш мектептің меңгерушісі, тіпті орта мектептің «завхозы» болып та істемеген екен. Қандай алып күштің әсер еткенін кім білсін, мұрнына білім аулының «күйген қара күйесінің» исі бармайтын адамның сан мыңдаған мектеп пен білімдері ұшан-теңіз директорларға басшылық етуі кімге, не үшін керек болғандығы тағы белгісіз. Бұл құдіретті тағайындауды өзі қол қойған облыстың бірінші басшысынан басқа ешкім білмесі хақ.

Осыны ойлағанда ішің кәдімгідей ашиды. Соның Астанадағы парламенттің төрінде отырған марқұм Ерғали Сарманов, күні кеше зейнетке жасы толғанда кеңсесінен демалысқа шығып кеткен Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанған Сайлаукүл Барахова секілді тұлғалардың бір облыстың білім саласын басқарған кездерін адымдап болсын, салмақтап болсын, өлшеп болсын, байыппен бағымдап салыстырсаңыз, арасы жер мен көктей. Бұл екі кісі басқарған кезде облыстық білім департаменті олардың беделімен емес, атқарған ауқымды істерімен бағаланды. Сол кездегі мектеп, оқушы, ұстаз бүгінде де бар. Бірақ бір өкініштісі талап, тәртіп, білім бүгін жоқ. Мұны ешкімнен қорықпай, үрікпей, белінен кесіп, сеніммен, жыларман хәлде айтуымызға сапалы білімнің, саналы тәрбиенің қазіргі таңда дағдарысқа ұшыраған, әбден тоқыраған аянышты ахуалы себеп болып отыр.
Елшиева ел басқаратын көріктен де, білімнен де кенде деп айта алмаймыз. Өйтіп кемсітуге хақымыз жоқ. Олай етер болсақ ол кісі бізді сотқа сүйреуі мүмкін. Бір анығы «ОблОНО»       басшысының тәжірибесі, педагогикалық тәлімгерлігі мүлдем жоқ. Ол болмаған жерде білім майданының қақ ортасында қырық жыл «қан төгіп жүрген» жандардан, мектеп басшыларынан ол кісі не сұрай алуы, нені талап етуі, әйтпесе нақтылы қандай нұсқау-тапсырма беруі мүмкін? Міне, бар кәдік осында. Білім саласының бүгінгі уақыт талабына сай құлашын жаза алмауы, өрісінің кеңеймеуі, арнайы оқу орындарында тәртіптің осалдауы, білімнің төмендеуі, сыбайлас жемқорлықтың өріс алуының түп-тамыры да осында жатыр. Қолына орасан билік, мол мүмкіндік берілгендігі А.Елшиеваны әлі де қанағаттандырмай жүрген секілді. Өйткені, тікелей бірінші басшы ретінде жауап беретін алқалы жиындарда ол кісіні шам алып іздеп таба алмайсыз. Қашан көрсеңіз мінберде білім департаменті бастығының орынбасары Серік Әуесханов тұрады. Бірінші басшының жеке өзі тікелей жауап беретін жерде орынбасар мандытып не айта қойсын? Кейде-кейде кібіртіктейтіндігі де сондықтан. Қызметке тағайындалғанда «бірінші басшының қолымен» деп атап көрсетілгендіктен бірінші басшы әр кез өзінің тұғырында тұруы тиісті емес пе?
Күні кеше ел Президенті қандай да бір қылмысқа, сыбайластыққа, жемқорлыққа жол берген лауазымды қызметкердің жауапкершілігі саланың бірінші басшысынан сұралатындығын, оның қызмет мәселесі соған орай шешілетіндігін қадап айтты. Ал Оңтүстікте парамен ұсталған, сыбайластықтың, жемқорлықтың батпағына батып қалған мектеп басшыларының санына сырт жұрт түгілі, біздің бүгінгі бас кейіпкеріміз Альмира Елшиеваның өзі де жете алмас. Бір ғана өтіп бара жатқан 2013 жылдың өзінде дәл осындай фактілермен қызметінен босатылған, жауапқа тартылған мектеп басшыларының төбесінен қарап отырған аудандық немесе қалалық білім бөлімінің қай басшысы өз еркімен, немесе арнайы бұйрықпен қызметінен шеттетілді екен? Әзірге ондай факті де, сөз де жоқ. Өйткені, жоқ. Ал мұндай жағдай Елшиеваның өңі түгілі түсіне де кірмейтін шығар. Болмаса бармағы батып, сөзі өтіп, шамасы келмейтін болар.
Әйтеуір, Елшиева аттан құламайды, ерден аумайды. Бір күш-құдірет ілдебайлатып, ілгерлетіп, ол кісінің басшылық күндерін өткіздіріп жатыр. Аман болса, 2013 жылды да сау-саламат аяқтап, 2014 жылға дін аман жетті. Бұл белес кімдер үшін қандай болады? Дөңгеленген дүние осы қалпында тұрса, оны да көрерміз. Бірақ «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» А.Елшиева қашанға дейін «қалт-құлт» еткен қайықпен  қалбалақтап күн кешеді екен? Жұмбақтың көкесі осында.

Б.БАЙТӨРЕЕВ