Өзге дінге үндеп жүр, талай қазақ қыздары

Кеңес  заманында  тәрбиеленіп өскен біздің құлағымызға «Дін-апиын» дегенді құйып, мешітті шайтанның ұясына теңеп өткен қайсыбір партия қызметкерлері кейінірек таза тақуаға айналып, қолына таспиық ұстап шыға келгенде сенер-сенбесімізді білмей қалып едік. Жүрегінде дінге деген сенімділік қалыптасып  өткендер ғой, қандай кедергілер болмасын, бес уақыт  намазын қаза жібермеуге тырысып, мұсылмандық парыздарына адалдық танытты емес пе? Дінге екіжүзділік серік емес. Алла тағалаға бас ұрып, пенделерінің жіберген кемшіліктері үшін сауға сұрағанымызбен, әркім өзінің істеген ісіне есеп беруі керек. Мұны қияметтің қыл көпіріне бармай тұрып, ойлағандары жөн.

Шымкенттегі сансыз шіркеулер мен патшалық сарайлардың маңынан өткен сайын сол төңіректе балға үймелеген шыбынша құжынаған өз қандастарымды көріп, сол шіркіндер  айдың күні аманында адасып жүргендеріне таңқаламын. Араларында жастары да, жасамыстары да жетерлік әрі бұл әрекеттерін тап бір, мақтаныш көретіндеріне қалай күйінбессің. Өзге діннің жетегінде кетіп, отбасыларының ойранын шығарған талайларды білемін. Тіпті, бүкіл отбасымен, әулетімен шіркеуге барып жүрген қазақтар барына сенесіз бе? Жақын араласатын танысымның әйелі табан астында түлен түртіп, бала-шағасын талақ тастап, басқа дінді қабылдады. Аталас ағайынның баласы мен келінге кімнің ықпалы жүргенін қайдам, бір-ақ күнде шоқынып шыға келді. Заң саласында істейтін бір танысым бүкіл отбасымен шіркеуден шықпайтын болды. Мұндай сорақылықтар қалада емес, шалғайдағы ауылды жерлерде болып жатқан соң бармағыңды тістегеннен басқа амалың жоқ.
Жуырда Шымкенттің қақ ортасында реңдері де, киген киімдері де ауылды жерден келгендерін көрсетіп тұрған қазақтың екі әйелі мені тоқтатып, құдайға сенетін-сенбейтінімді сұрап, жауабыма қанағаттанған соң әңгімелерін  бастады.
— Сіз  Құдайдан не тілейсіз?
— Еліме тыныштық, өзіме денсаулық, отбасыма амандық.
— Тілегім қабыл болсын десеңіз, шіркеуге жүріңіз. Бүгін сонда жиын өтеді, құлшылық болады, тобымызға қабылдауға әзірміз.
Мыналардың түпкі мақсаттарын білген соң талағым тарс жарылды.
— Сендерді де біреудің жары, ұл-қыздарының анасы, қазақтың қыздары дейді-ау. Арзымайтын ақыға бола бүгін діндеріңді сатсаңдар, ертең елдеріңді сатудан тайынбайсыңдар сендер. Талайлардың сана-сезімдерін улап жүрген істерің үшін мұның әлі сұрауы  болатынын да ұмытпаңдар. Мен мұсылман болып туылдым, сендер де солай. Ендеше, жүрер жолымызды, шыққан тегімізді білейік. Сендерге жаным ашиды, үйлеріңде көздері төрт болып күтіп отырған балаларыңды аяймын,өмірге ұрпақ әкелдік деп, мәз болған ата-аналарыңа обал. Қысқасы, басымды қатырмаңдар, өзгелерді де мазаламаңдар!
Уағызшылар әп-сәтте жым болды. Әсті, менен мұндай қарсылық күтпесе керек. Сөмкелерін сүйретіп, сүмірейген күйде  кетіп бара жатқан  оларға ұзақ қарадым. Байқап отырсақ, өзге діннің жетегінде кетіп те, көше-көшеде уағыз айтып жүрген де көбінесе  өзіміздің қаракөз қыздарымыз екен. Мұның қандай сыры болуы мүмкін? Әйел заты тез еліктегіш пе, жоқ отбасы тауқыметін көп арқалайтындықтан ба, әлде ерлерге қарағанда олардың түйсіктері таяздау ма? Олай дейтін десем, арды ойлаған  қайран біздің аналар кезінде жауға да шапты, кеуделерін оққа да тосты. Ал, бүгінгідей мамыражай, бейбіт заманда оларға не көрінді, соншалықты дінін сататындай? Әлде, еркегі ез, азаматы арсыз, билігі өтірікші,  дінбасылары дәрменсіз елде өмір сүріп жатқандықтан  осындай күйге душар болдық па? Әйтеуір, бір кілтипан бар. Артық айтты деп, айыпқа да бұйыра көрмеңіздер, құрметтті оқырман қауым! Біздіңкі ел болудың, елдігімізге сызат түсірмеудің әрекеті. Қашанда: «Жаным- арымның садақасы» деп өскен ұлттың  ұрпақтарына  бүгін не болды, қайда бара жатырмыз, кімге өнеге көрсетеміз, — мені мазалайтыны да осы.

Сәлімгерей БЕКБОСЫНОВ, Шымкент қаласы.