«Қиын баланың» тағдырын бейнекамера шеше ме? немесе есептен кейінгі ой
ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың мәлімдемесіне жүгінсек, 2013 жылы Қазақстанда жасөспірімдер жасаған қылмыс саны 4000-ға жуықтапты. Ол мұны осыдан бірер ай бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің үкіметтік сағатында баяндаған болатын. Сол жолы республиканың «бас полицейі» жасөспірімдер қылмысының алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға азайғанын жеткізген. Министрдің мәлімдеуінше, осы жасөспірімдер жасаған 4000 қылмыстың 1065-і – ауыр, 82-сі – аса ауыр қылмысқа жатады. Ауыр қылмыстар деп отырғаны — кісі өлімі (48), қарақшылық-тонау (107) және ұрлық (829). Сол жолы министр осы қылмыстарды жасап отырған жасөспірімдердің жартысынан астамы мектеп, лицей, гимназия оқушылары екенін де айтып салған.
Рас, жасөспірімдер қылмысы Шымкент жақта да өршіп тұр. Бүгінгі бала мектепте кітап орнына қару ұстап жүр. Бүгінгі бала төбелесіп жатпайды, бірден атысады. Мұны ешкім өтірік дей алмас. Оған жуырда Шымкенттің қақ ортасында тапа-тал түсте соңы 16 жасар бозбаланың өлімімен аяқталған жасөспірімдер қылмысы дәлел. Және бұл балалар атыс-шабысының алғашқысы емес. ОҚО прокуратурасының 29 қаңтар күні таратқан баспасөз мәлімдемесіне жүгінсек, былтыр облыста оқушылар арасында өз еркімен қару-жарақты тапсыру бойынша ұйымдастырылған іс-шара нәтижесінде тіркелмеген 50 қару тәркіленіпті.
Соңғы жылдары балалар арасындағы қылмысты азайту мақсатында республика мектептерінде жаппай бейнекамера орнату қолга алына бастады. ОҚО білім басқармасының бастығы А.Елшиеваның жуырдағы жылдық есебіне жүгінсек, Оңтүстік мектептеріне бейнебақылау орнату 2012 жылдан бастап қолға алынған. 2013 жылы олардың саны 431 болып, 265-ке артыпты. «Биыл (2014 жыл) жыл соңына дейін қалған аудан, қалаларда мектептерде 100% бейнебақылау камералары орнатылатын болады» деді ол.
Әрине, бала болған соң алыспай-жұлыспай тұрмайды. Олардың бойында энергия көп. Камера орнату — мектептерде оқушылар арасындағы әлімжеттік, бопсалау, төбелесу секілді «бұзақылықтарды» азайтып, оқушыларды «уыста ұстау» үшін жасалған қадам болатын. Дегенмен, ақылы бар бала, тіпті ақымағы да мұндай қылмысты мектеп ішінде емес, сыртында жасайды. Ендеше, камера орнату – тығырықтан шығарар жол емес.
Осындайда, мектеп дегенде, Оңтүстік мектептері туралы айтылар әңгіме көп. Басқа жақты білмейміз, бірақ Оңтүстік мектептерін сыбайлас жемқорлық пен парақорлық әбден дендеген. Оған мысал тіпті көп. Басқасын айтпағанда, осы жуырда ғана бір күнде Шымкент қаласында екі мектеп директорының парамен «қаржы полицейлерінің» құрығына түсуі осыған дәлел. Бұл олардың параны алғаш рет алуы емес. Және пара алып жүрген жалғыз-жарым директор да олар ғана емес. Бұған сеніміміз мол. Жасыратыны жоқ, біздің жақта «шайпұлын» бермей тірлік бітпейді. Қанша жерден шетелдік жоғары оқу орнын «қызыл дипломмен» бітіріп келсең де мектепке қарапайым мұғалім болып тегін орналасу мүмкін емес. Мектепке кірудің бейне бір мемлекет тарапынан белгілеп берген тариф секілді өз «ставкасы» бар. Ол 2000 АҚШ долларынан басталады. Мұны бүгінде бесікте жатқан бала да біледі. Бесікте жатқан бала демекші, кезегі жетіп тұрса да «шайпұлын» бермей мемлекеттік балабақшаға баланы орналастыру да бұл Шымкентте мүмкін емес. Ал, есі түзу директор не балабақша меңгерушісі параны камера орнатылған жерде емес, одан тасалау жерде немесе сенімді біреулер алады. Ендеше, білім саласындағы мұндай қылмыстарды жоюда да бейнекамера дәрменсіз.
Ұмытпасақ, былтыр тура осы уақытта Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева ханым мектептердегі жасөспірімдер қылмысымен күресу үшін бейнекамера орнату аз, металло детектор жетпей тұрғанын айтып елді шалқасынан түсірген. Сол жиында оны Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов мырза қолдай жөнелгені де әлі есте. Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға арналған сол жиында қаланың бас ұстазы мен бас иделогының аузынан «бүгінгі «компьютербас» балалардың тас-шемен болып қатқан жүректерін қайткенде жібітеміз, қайткенде мұз жүректерге ізгілік нұрын себе аламыз» дейтін сөз күткенбіз. Өйткені, «адамға ең әуелі білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы». Мұны өз заманында әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтып кеткен.
ОҚО білім басқармасы басшысының жылдық есебіне жүгінсек, қазір облыс бюджетінің үштен бірі білім саласына бағытталған. «Облыстың білім саласына 2012 жылы 145739,5 млн. теңге бөлінсе, 2013 жылы 155574,8 млн. теңге қаралып, бөлінген қаражат алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8 пайызға артқан. Нәтижесінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылған, жаңа парталар мен тақталар, интерактивті тақталар алынған, лингафон-мультимедиа, химия, биология, физика, информатика кабинеттері жабдықталған. Жалпы оқушылардың үштен бірін құрайтын облысымызда 4 жылда мектептердің материалдық-техникалық базасы республикалық орта көрсеткішке жеткен». Осының бәрі балалар үшін – болашақ үшін жасалып жатыр дегенмен, ең бастысы сол есепте мектептерде оқулықтың жетпейтіні, кей пәндерден бір сыныпқа 5-6 кітаптан ғана тиетіні мүлде айтылмады. Шалғайдағы ауыл тұрмақ, қала мектептеріндегі жағдай да осы. Оқулық демекші, оны сатып алуға, әсіресе ауылдарда, көп отбасының қалтасы көтере бермейді. Сонан кейін кітап дегенде ауызға алдымен балалар әдебиеті түседі. Ал, баланы, адамды ізгілікке тәрбиелеуде көркем әдебиеттің алар орны зор. Облыстың бас ұстазы бұл туралы да ләм-лим деген жоқ.
Осындайда қайдағы-жайдағы еске түседі. Ұмытпасақ, осыдан бірнеше жыл бұрын білім саласының данышпандары «мектептерге камера орнатып берсе, балалар қылмысын ауыздықтайтын едік» деп армандарын айтқан. Содан азайған қылмыс жоқ. Бейнекамера дейтін «өркениет» ауыл мектептеріне жетпей жатып, қаланың бас ұстазы металло детектор сұрады былтыр. «Өркениет» демекші, Қазақстанда үлкен қалаларда енгізіліп жатқан жаңалықтарды қуып жете алмай, ауыл мектептерінің «өкпесі өшеді» де жүреді. Қайбір жылы білім министрлігіндегі «данышпандар» балалар кітап көтеріп шаршамас үшін оқулық орнына планшет енгізуді қолға алған болатын. Бұл республиканың біраз мектептерінде тәжірибеге енгізілген де еді. Соның ақыры не болғанын әлі білмейміз, нәтижеде балалар ауыр «дорбасын» арқалап әлі жүр. Сол бір кезде білім саласында «e-learning электронды оқыту жүйесі» деген шықты. Бұл жүйе бойынша ата-ана баласының сабақта алған бағасын үйінде отырып-ақ, ғаламтор арқылы біліп-бақылап отыруы тиіс еді. Бұған жұмсалған қаржыда шатағымыз жоқ, нәтижесін көрмедік. Қаладағы ата-ананың ғаламторға кіруге мүмкіндігі бар шығар, ал ауылдарда ғаламторға кіргеннен мектепке он рет жаяу барып келген әлдеқайда оңайырақ.
Бірді айтып, бірге кетеміз. Негізгі айтпағымыз «қиын баланың» тағдырын бейнекамера шеше алмайтынын жеткізу болатын. Қиын бала деген кім? Полиция қызметкерлері үшін олар – бұзақы балалар ғана болса, педагогика ғылымында ұстазды тыңдамайтын, сабақта тыныш отырмайтын, сыныптастарына жағымсыз әсер ететін, мектептің «ережелеріне» бағына бермейтін бала «қиын бала» саналады. Орыстың ұлы педагогтарының бірі А.Макаренко «қабілетсіз немесе «бұзылған» бала «сәтсіз педагогтардың» ойлап тапқандары, барлық «бұзылғандық, тәртіпсіздік және балалардың қылмыскерлігі туа біткен және түзетуге болмайтын сапалар емес» деген екен. Тіпті оның кезінде «бүгінгі бұзылған баланың ертең қабілеті жануы мүмкін, Отанының нағыз азаматы, Социалистік Еңбек ері болып шығады» дегені бар. Кейіннен оның айтқаны айдай келді. Ол тәрбиелеген «бұзылған» балалар уақыт өте Отанының нағыз азаматы, Социалистік Еңбек ері болып шықты. Бүгінде қоғамда «қиын баланы» қойып, «қиын қыздар» шыға бастады. Бүгінгі қазақ қызы бұртиып өкпелесіп жатпайды, шаш жұлысып, жігіттерше төбелеседі, онысын камераға түсіріп, ғаламторға салады. Сорақысы сол, олар мұны мақтаныш көреді. Қазақтың маңдайына біткен заңғар жазушы М.Әуезов «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» деген екен. Ендеше, бала жүрегіне иман құймаса, мектептерге бейнекамера мен металл «тіміскілегіш» орнатудан түк те шықпайды. Ал, иман деген дүние балаға ғана емес, сыбайласып, пара алып жүрген мектеп директорлары мен білім саласы басшыларына да керек-ақ.
Сонымен, білім саласы басшыларының пікірімен санассақ, жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін оқушыны мектепте бейнекамерамен бақылап, металл «тіміскілегішпен» тексеріп кіргізуіміз керек. Қала берді әр мектепте бір-бір психолог пен полиция инспекторын ұстаймыз. ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов мырза ҚР Парламенті Мәжілісінің үкіметтік сағатында бүгінде республикада небәрі 1783 мектеп инспекторы ғана бар екенін, әлі 1600 қызметкер керектігін көлденең тартқан. Алдағы уақытта әрбір қалалық және ауылдық мектептердің бәрінде мектеп инспекторларын бекіту туралы шешім шығыпты. Осыдан кейін Қазақстанда «баланың бәрі қылмыскерге, мектеп абақтыға айналып бара жатқан жоқ па?» деген күдік пайда болады екен. Бала тәрбиесін психолог пен полицейге тапсырса, камера орнатса, мектептің абақтыдан айырмасы қайсы? Бала тәрбиесімен психолог пен полицей айналысса, ұстаздың ұстаздығы қайда?
Әй, бірақ… Ұстаз дегеннен шығады ғой, Елшиева ханымның есебі барысында, ОҚО білім сапасын бақылау департаментінің директоры Ләззат Базарқұлова білім сапасының төмендеп бара жатқанын, ең әрісі журнал толтырып, дәптер тексеруді білмейтін мұғалімдердің жыл санап көбейіп бара жатқанын сынап салған болатын. Әрине, мектепке парамен орналасқан, өзі сауатсыз мұғалімнен сауатсыз бала өсіп шығады. «Қиын бала» деген де — осындай «сәтсіз мұғалімдердің» жемісі. Мұндай жағдайда бала тәрбиесі жайлы айттың не, айтпадың не?.. Бірақ… Педагогика мен методиканы оқымаған Альбина Елшиева мұны қайдан түсінсін…
Гүлжамал МҰСАЕВА