СПОРТТЫҢ КӨСЕГЕСIН КIМ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ КӨГЕРТЕДІ?

222
0

кирыкбаев

«Оңтүстік өңірінде спорттың сан түрі дамымады, жетістіктерге жетпеді» деп ешкім айта алмайды. Баяғы Нелли Кимді айтпағанның өзінде, қазақтың марқасқа жігіттері Бекзат Саттарханов пен Мұхтархан Ділдәбеков төрткүл дүниеге қазақ деген халықтың атын өшпестей етіп қалдырды. Елдің былғары қолғап саласында Оңтүстіктің үлес салмағының аз еместігін талай жігіттер өмірде өз ісімен дәлелдеп шықты. Қазақша күрес енді ғана қарқын алған кезде шымкенттіктердің аты талай бәйгеден озып келді. Біз мұның барлығын тізбелеп айтқан кезде тілімізге бір азаматтың аты оралып, көз алдымызға оның бейнесі елестейді. Соңғы жиырма жылдың көлемінде облыс спорты Болат Қырықбаевтың есімімен тікелей астасып, астарласып, байланысып жатады. Бұл құр мақтау емес. Спорттың көсегесін көгертіп, бұрынғы қай кездегімен салыстырғанда да үлкен ілгерлеушіліктерге қол жеткізді. 

Сондықтан болар, бір кездері Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі аттай қалап, Болат Наурызбайұлын Штаттық Ұлттық командалар және спорттық қор дирекциясының директоры етіп тағайындады. Ғұмыры ұзаққа созылмаған осы қызметте Болат Қырықбаев өзінің жарқын ізін қалдыруға толық мүмкіндік ала алмады. Қазір Шымкент қаласының спорт саласына басшылық жасауда.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы спорт басқармасының тізгіні жас басшы Әлібек Нұрбайұлы Нұртаевтың қолында. Алған біліміне сай басқа жаққа ауытқымай, осы саланың төменгі сатысынан бастап, жоғарғы басшыға дейінгі жолды жүріп өткен азамат.
Спорт басшылығындағы осы қос тұлға жайындағы мәліметтерді біз тектен-текке беріп отырғанымыз жоқ. Спорт деген – сиқырлы күш. Ол адамдарды өзіне тартып, нағыз жанкүйерге айналдырады. Спорттың қандай да бір түрін алып қарамаңыз, оған мемлекет тарапынан басқа салаларға қарағанда анағұрлым мол қаржы бөлінеді. Күні кешеге дейінгі сол бөлінген қаржылар өзінің қайтарымын берді деп толыққанды айтуға болады. Өкініштісі сол, кейінгі жылдары спорттың аяғына тұсау салынған кейіпте деген пікірімізге де көп жанкүйер қарсылық таныта қоймас. Төрт жылда бір рет келетін спорттың шыңы – олимпиада додасында оңтүстіктіктердің ешқандай қолтаңбасы қалмады. Бүгінгінің Бекзаттары арамыздан шықпады. Әйтпесе, айтылудан, дайындалудан, іріктеуден және қаржы бөлінуден Оңтүстік ешқандай кемшілік пен алалаушылық көрген жоқ. Бағы шаппады ма, бабы келіспеді ме, әйтеуір, Оңтүстік өңірінің спортшылары топты жарып, аузымен құс тістеп, жеңіскердің тұғырына шыға алмады. Жалпы алып қарағанда спорттың қандай да саласынан болмасын анау айтқандай жетістіктің болмай тұрғандығын жасырудың қажеті жоқ. Оңтүстік спорты қазір бір өліара кезеңді, тоқырауды басынан өткізуде. Өкімет тарапынан бөлініп жатқан қыруар қаржының қайтарымы жоқ, болса да өте мардымсыз.
Спорт пен қаржы егіз секілді. Егер қаржы болмаса, спортты дамыта алмайсың. Ал сол қаржыға лайықты қайтарым болмай жатса, ол – үлкен өкініш. Біздің бір байқағанымыз – спорттық қаржы далаға бейберекет шашылып жатпаған болар, бірақ жетістік болмағаннан кейін оның қайтарымының, қаржының қаншалықты өзін ақтағандығын бағалауға болады. Бүгінгі басшы Ә.Нұртаевтың азаматтық тұлғасында біз баға қоятындай мін болмауы мүмкін. Бірақ салалық спортты дамыту, жаңа биіктерді бағындыру, үлкен жетістіктерге қол жеткізу жөнінде әңгіме айтар болсақ, шындығы керек, Әлібек мырза әзірге өзінің де, спорттың да атын шығаратындай айтулы тірлік тындыра алған жоқ. Болмағанды болды деп, жабулап, жасырғанмен, түпкі нәтиже оның шынайы бет пердесін ашып тастайды. Ә.Нұртаев облыс спортын 14 айдан бері басқарып келеді. құлақ елеңдеп, көз көрген нәрселерді нақтылап саусақпен санап, айтып бергің келгенмен, сол құрғыр не көзге көрінбейді, не саусаққа ілінбейді. Рас, жекелеген спорт салалары бойынша бірлі-жарым қол жеткен әжептеуір табыстар бар шығар. Бірақ оны қалың жанашыр жанкүйерлер біле бермейді. Өйткені, спортың жариялығы, насихатталуы уақыт көшінен кейін қалып отыр. Облыста шығатын, таралымы өте аз жалғыз басылым бар мәселені көпшілікке жеткізе алмайды. Соның салдарынан Оңтүстік спорты қай деңгейде, біздің бүгініміз бен ертеңіміз қандай болмақ деген секілді күрмеуі қиын сауалдарға жауап іздегенде, оны таппай қиналып қаласың. Облыстық телеарналар өңір спорты жайында тиіп-қашып қана көрсетілімдер берумен шектеліп жатады. Осындай олқылықтардың орнын толтыруда, танымдылықты терең насихаттауда ОҚО спорт басқармасы келешекте өз жұмыс стилін өзгертуі тиіс.
Оңтүстік спортының бүгінгі тоқырауы жайында тереңнен ойланып, талдау жасар болсақ, оның бір ұшы барып тағы да Болат Қырықбаевқа тіреледі. Кезінде күрестің үш түрінен КСРО-ның спорт шебері атанған, еңбегіне лайық кеудесіне «Құрмет» орденін таққан, спорт саласынан педагогикалық еңбек қорғап, ғылым кандидаты атанған Б.Қырықбаевтың бүгінгі қызметі оның көтерілген деңгейіне, өзі көтерген істеріне қарағанда сәл олқылау болып отыр ма деп ойланасың кейде. Ә.Нұртаевты осы пікірден кейін бүгінгі лауазымына лайық емес деп баға беруге болмайды. Мүмкін тәжірибесінің аздығы, өзінің спорттық саланың биіктерін бағындыра алмағандығы, әлде жастығы спорт саласының көсегесін көгертуіне қолбайлау болып отыр ма деген ой басқалар секілді бізді де мазалайды.
Облыс спортының соңғы он жылдығын біз жоғарыда кәнігі спортшы, тәжірибелі басшы Болат Қырықбаевтың атымен бостан-босқа байланыстырғанымыз жоқ. Оның тәжірибесі де, іскерлігі де, беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті де мықты. Оны Оңтүстікте ешкім жоққа шығармайды. Бұрындары бұл азамат екі рет Оңтүстік спортының тізгінін ұстаған. Сүрінген кезі сирек, керісінше биіктерді игерген сәттері мол. Күні бүгін ол бір қаланың аясынан шыға алмай, қолы қысқа болып отырған секілді. Мүмкін облыс басшылығы осы мәселеге сергек қарап, үлкен талдау жасап, өңір спортының ертеңіне шын жанашыр болғысы келсе, дәл осы басшылық мәселесіне қайырылып қайта бір қарағаны жөн секілді. Уақыт – дөңгеленген дүние. Ол өз дегенін өздігінен жасамайды, оны адамдар орнықтырады.
Біз осы мәселелерді жанашыр азаматтардың ой-пікірлеріне сүйене отырып, тұщымды ойымызды қорытындылағанда біреуді қызметтен алып, біреуді тағайындауды мансұқ етіп, мақсат санап отырғанымыз жоқ. Тек ертеңгі елдігімізге сын болар сәттердің жақсы жағына қарай өзіміздің пікірімізді білдірдік. Мүмкін Әлібек Нұртаев секілді жас басшының өз айтары, ел алдында есеп іспетті жеткені мен олқы тұстары жайында пайымды пікірі бар шығар. Сондықтан біз ол кісіні «Ашық әңгіме» айдарымен сұхбаттасуға, кең отырып, келелі пікір қозғауға шақырсақ па деген ойдамыз. Егер келісімін беріп жатса, көптің көкейіндегі саналуан сауалдарға жауап табылып, жанашыр жанкүйер Оңтүстік спортының бүгінгі ахуалынан толық мағлұмат алар еді. Бәріміз үшін бір міндет, бір мақсат бар. Ол – Оңтүстік спортының көсегесін көгерту, абыройын асқақтату, саңлақтардың атын шыңға шығару. Ендеше ортақ ойлы пікір алмасар күнге дейін бәрімізге амандық тілейік.

Қ.ҚАЛИЕВ.