МЫРЗАХМЕТОВТIҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ ОРЫНТАҚТАРЫНА ЛАЙЫҚ БОЛЫП ОТЫР МА?

200
0

shymkent_akim_2011 (1)

Мемлекеттік қызмет – асқан жауапкершілікті талап етеді. Қайбір деңгейде болмасын білікті азаматқа асқан жауапкершілікпен қызмет ұсынылғанда оның үдесінен шығу бірінші кезектегі міндет болып саналады. Біз бүгін оңтүстік қазақстан облысы әкімінің орынбасарларының атқарып жүрген қызметтерінің жай-күйіне талдау жасауды басты мақсат санағанда олардың атқарған істеріне, жасаған жұмыстарына нақтылы баға беруді ең бірінші кезектегі міндет санадық.

Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтiң бақандай бес орынбасары бар. Ішіндегі ақыл тоқтатып, ілкі кезден осы орынтақты үзіліссіз, қайта-қайта алып келе жатқаны – Әли Әбдікерімұлы Бектаев. Бұл азаматты облыстың миллиондаған халқы аймақтың бас идеологы ретінде біледі. Алматы жоғары партия мектебін тауысқан азамат осы атқа, осы қызметке лайық көп тірлік істеді. Бірақ соңғы жылдары өңір басшысының тарапынан сенімсіздік болды ма, басқа бір себептер көлденең келді ме, әйтеуір идеология саласы ол кісіден алынып, кейінгі кезде мәдениет, дене тәрбиесі және спорт салаларына, табиғатты пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, жұмыспен қамтуды үйлестіру, ауыл шаруашылығын дамыту, табиғатты пайдалану және кәсіпкерлік мониторингі салаларына басшылық жасау осы кісінің құзырына берілді. Бір өкінішті нәрсе, дәл осы салалар бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінен әлдеқайда төмен. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі де жұрттың көз алдында, тайға таңба басқандай өтіп жатыр. Жұмыссыздық уақыт алға жылжыған сайын артпаса, кеміген жоқ. Табиғатты қорғау саласында қыруар тірлік ауызекі әңгімеден әрі аспай тұр. Спорт пен туризм жөнінде де ауыз толтырып айта қалатындай тірлік және байқалмайды. Барлығы да қағаз жүзінде қанттай болғанмен, түпкі нәтиже бәрібір солқылдақтық танытады.

Орынбасар ретінде осы салалардың бәріне тікелей басшылық жасауға келгенде өзіне қатысты салалар болмағандықтан ба, әйтеуір Әли Бектаевтың атына лайық емес тірліктер әр жерден шошаң етіп бас көтеріп қалады.
Берік Серікұлы Оспанов – әлі қырыққа да келмеген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары. Мамандығы – экономист және заңгер, экономика ғылымдарының докторы. Берік Серікұлына облыс әкімі бүкіл идеологияның тізгінін ғана ұстатып қоймай, ауыл шаруашылығының өндірісін дамыту, ауылды жерлерде реформаларды тереңдету, қаржылық сауықтыру, ветеринарлық қызмет, сауда-логистикалық рыноктарды дамыту, энергетика, тұрғын-үй, бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылатын құрылыс, бүкіл ішкі саяси және ұлтаралық қатынастар секілді ең маңызды, ең шешуші салаларды сеніп тапсырған. Бір әттеген-айы, осы салалар бойынша бүгінде облыс деңгейінде кемшіліктер шаш етектен болып отырғандығы Б.Оспановты онша ойландырмай жүрген секілді. Бүкіл идеологияны ауыл шаруашылығы саласы бойынша көп жылдар қызмет атқарып келе жатқан адамға тапсырғаннан облыс әкімінің не ұтқаны өзіне ғана мәлім сияқты. Әйтпесе тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, ішкі саясат, ұлтаралық қатынастар бойынша нақтылы деректерді сын тезіне салсақ, одан оңды істі байқай алмайсыз. Не жаңалық жоқ. Не асып бара жатқан іс-тәжірибе тағы байқалмайды. Баяғы бір ырдуан арбаның қалыпты қозғалысы, әйтеуір осы салалардың өлместің күнін кешкен мимырт тірлігімен астасып, жалғасып жатыр. Берік Серікұлының бір жеріне ғана көптің көңілі толады. Ол – облыстың ішкі саясатын басқаруға Берік Уәли мен Қалдыбек Құрманәлі секілді білікті мамандарды орнын тауып қойғандығы. Әйтпесе облыстың бүкіл идеологиясы баяғысынша жетімнің күйін кешкен жағдайдан арылмаған болар еді. ӘСІРЕСЕ ҚАЗАҚИ ҰЛТЖАНДЫ, ШӘМШІТАНУШЫ Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІНІҢ ОБЛЫСТЫҢ ІШКІ САЯСАТЫНЫҢ БЕЛДІ МҮШЕСІ БОЛУЫНА ТІКЕЛЕЙ ЫҚПАЛ ЖАСАҒАН Б.ОСПАНОВТЫҢ ТАҢДАУЫНА ЖӘНЕ ТАЛҒАМЫНА ОСЫ РЕТТЕ БАС ИМЕСКЕ БОЛМАЙДЫ.
Ақыры орынбасарлардың міндеті мен жұмысына талдау жасағаннан кейін
Ербол Садырды да санақтан тыс қалдыруға болмайды. Негізінен, әлеуметтік-экономикалық дамуды, өндірістік және ресурстық әлеуетті, жоспарлауды жүзеге асыратын салаларға басшылық жасайтын бұл орынбасар облыс әкімінің бұрынғы орынбасары болған Болатбек Нәжіметдинұлының «ксероксі» іспетті. Алып бара жатқан жаңалығы жоқ. Жұртқа ұсынар жаңа бір жоспарлары мен ауыз толтырып айтарлық бастамалары және байқалмайды. Орынбасар деген дардай атты иемденгенмен, Ербол Садырдың ел елең ететін бастамасы да осы күнге дейін ешкімді елеңдетпей отыр. Қысқаша қорытынды жасар болсақ, бүкіл құрылыс саласындағы жұмыстар бүгінде баяғы Болатбек мырзаның дәуірінен ары аса алмай отыр. Бір сілкініс байқалмайды, өгізаяң тірлік қалыпты күн шешуде. Біз бір кездері «Уақыттың» бетінде «Ербол Садырдың аузына Болатбек Нәжіметдинұлы «түкіріп» кеткен бе?» деген тақырыпта сын мақаланы босқа жазғанымыз жоқ. Негізгі тірліктер көпке беймәлім күйде қалып келе жатқандығы да бізді әжептеуір кері ойға жетелейді. Тендер мәселесінде айтатын кереғар тірліктер жетіп артылады. Есігінің алдында мінетін көлігі жоқ ЖШС-ға тендер бөлуде Ербол мырзаның кейбір тірліктері мүлдем көңілге қонбайды. Оған нақтылы дәлелді алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Егер шын қажет болып бара жатса, нақтылы дәлелді (осы сөзді әдейі қолданып отырмыз) алыстан іздемей-ақ, аяқтың астынан тауып алуға болады. Бір облысқа аты мәлім, талай ірі құрылыстарды қолымен атқарып жатқан, аты мен заты белгілі, жол құрылысында мол тәжірибе жинақтаған «Береке» корпорациясының шетке ысырылуы осы Ербол Садырдың «ерлік» істерінің бірі саналады. Әзірге біз бас жаққа барыспай, осы пікірмен орынбасардың тірлігіне бір нүкте қойғанды жөн санап отырмыз.
Облыс әкіміне көп бағынғысы келмейтін орынбасарлардың бірі – Сәкен Әсембекұлы Қаныбеков. Есімін ел таныған, көп мойындаған Сәкен мырза қазір білімге, жұмылдыру дайындығына, азаматтық қорғанысқа, апаттар мен дүлей зілзалалардың алдын алу, жою секілді салаларға басшылық етеді. Алайда, дәл қазір көпшілік үшін Сәкен мырзаның бары да, жоғы да білінбейді. Атқарған ісін, жасаған тірлігін ешкім білмейтін секілді. Білдірмейді де. Баспасөз бетінде ол кісінің жақсысы мен жаманы жөнінде айтарлықтай нәрсені ешкім тұщынып оқи алмайды. Әйтпесе, осы сала бойынша жасалынып жатқан тірлік аз емес секілді. Тек жариялылығы ғана жетіспей, жанға қаяу түсіреді.
Елдегі Елбасы бастаған аса бір ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыратын салалардың облыстағы басшысы болып саналатын Сапарбек Тұяқбаев облыс әкімінің орынбасары болған аз ғана мерзімдегі қызметінде өзінің атын жақсы жағынан шығарғандығын шын мәнінде мойындау керек. Бір кездердегі ел өмірін түбегейлі өзгертудің Президенттік бағдарламасына үлес қосқан Сапарбек мырза оңтүстік өңірі үшін өзіндік ізін қалдырып келе жатқан азаматтардың қатырында. Шетелде білім алған жас маман ҚР Президенті әкімшілігі жанынан арнайы құрылған топтың жас мүшесі болып, өңірлерді дамыту бағдарламасының концепциясын жасауға қатысқанын екінің бірі біле бермейді. Дағдарысқа қарсы тұратын «Бизнестің жол картасын», «Индустрияны дамыту бағдарламасын» жасауға қатысқан жас кадр қазір Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары ретінде де, бірнеше тың бастамалардың авторы ретінде де өзін биік деңгейден танытуда. Жариялылыққа келген кезде, ол басқа орынбасарлар секілді «бұғып» қалмайды. Барды бар, жоқты жоқ деп таза айтатын принципті азаматтардың бірі. Оның осы ісіне қарап білгірлігіне, талғампаздығына, байыпты талдауына, жақсы істеріне еріксіз тәнті боласың. Төрт құбыласы түгел адам болмайды. С.Тұяқбаевтың да кейде тұяғының сылдыр қимылдайтын тұстары бар. Көптеген жаңа кәсіпорындар ашылып жатады. Ең өкініштісі, солардың кей ретте жұмыстары ары қарай жүрмей, тоқырауға түсіп жатады. Сапарбек мырза осы жөніндегі жұмысын сәл ғана ширатса, жауапкершілігін біршама арттырса, одан асқан орынбасар болмас еді.
Біз облыс әкімі орынбасарларының жұмысына толық болмаса да, қысқаша ғана шолу жасадық. Бұл жерде ұтарымыз жоқ, ұтылмаймыз да. Жарау атқа қамшының қажеті жоқ. Біздің айтқанымызға олардың ешқайсысы өкпесін артпайтындығына сенеміз. Қайта, керісінше, осы пікірлер, орынды сын, айтылған әңгіме олардың бүгін, ертең атқарар жұмыстарына сәл де болса демеу болатындығына сенеміз. Асқар Мырзахметовтің командасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана іс оңға басып, елдің ертеңі үшін жасалынар тірлік өз арнасымен жүреді. Мәселе отырған таққа, берген билікке ие болып, тапсырманың үдесінен шығуға тікелей байланысты. Әкімнің бүгінгі командасы оншалықты осалдардың қатарынан саналмайды. Тек істі іскерлікке ұластырып, нақтылы бағдарламаны жүзеге асырып, «бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін» деген қағида-қалыптан тысқары қалмауы керек. Облыс басшысының тірлігі, беделі, абыройы, аты орынбасарларының атқарған тірлігінің жемісті нәтижесімен бағаланады. Сондықтан да, бүгін елдің аузында жүрген, облысты бес жылдан астам басқарған Асқар
Исабекұлының қызметтегі ертеңгі карьерасы осы бірі оң, бірі сол қол болып отырған орынбасарлардың өлшемімен бағаланады. Ол бір азаматтың ғана емес, бүкіл облыстың абыройы, жақсы аты екендігін де естен шығармағанымыз жөн-ау.
Қ.ҚАЛИЕВ