«Есі кеткен ЕСІМОВ…»

1000
0

…Мұртты сабаз жүргізген үкімет­тің мәжілістері кейде кәмпитке таласқан балабақшаның балаларын еріксіз көз алдыңа елестетеді…
Қарындары местей көкелеріміз бен шаршап қалған апаларымыз жанарлары бақырайып, зәуде, қайда, не үшін келіп отырғандарын білмейтін адамдардай әсер қалдырады…

Өйткені, бұрын «Түркістан – екінші Мекке» деп, адасқандарымен  қоймай, биылдан бастап: «Қазақстан – туристік Мекке» дегенді шығарып алды.
Мұсылман баласы үшін Мекке біреу ғана! Екіншісі, үшіншісі, төртіншісі… жүзіншісі жоқ, болмайды да! Ең алдымен, осыны ұғынып алу абзал. Неге десеңіз, Хақ Тағаланың қасиетті Құранды түсірген ең соңғы, ең сүйікті Пайғамбары да біреу! Киелі топырақты Мекке – әрбір ауызы қисайған әңгіме ете беретін «нәпсілер ордасы» Париж емес, сондықтан, қалайда осынау қасиетті мекенді көрінген жерге қыстыра беруден тиылуымыз керек!..
…Біздің діни сауатсыз шенеуніктеріміз өздері білмейтін, түсінбейтін, ұқпайтын тақырыптары жөнінде, ең ләзімі, ештеңе айпауы керек. Әр жерден, әркімнен, әр тұстан құлағына кездейсоқ шалынып қалған сөздермен, сіңірмеген дүниелерімен ұлттың идеологиясын жасауға болмайды, мемлекеттің саясатын жүргізе де алмайсың…
Қазақ Елінің табиғаты әр алуан: аптабы мен ызғары да бар, таулары зәулім, жазығы шексіз, сұлулық пен құм-тақырдан да құралақан емес… Шіркін-ай, тек, туған табиғатымыздың ғажайыбын көре алатын – көз табылса, бағалай білер – бас табылса…
Әйтпесе, аса көркем арман қаламыз Алматыны әкім болып келгелі «жібекті түте алмаған – жүн етеді»-ге жақындатқан Ахметжан ЕСІМОВ көкеміз, кешегі мәжілісте кекжеңдеп, алақан жайып, ақша сұраудан танбады.
«Күштінің құйрығы – диірмен тартқан» Ахаң мұртты үкіметбасына: ««Көкжайлау» таушаңғысы курортына 375 млн. теңгені Экономдаму мен Инжаңатех министрліктері неге жылдам аудармайды?» – деп, шүйлікті…
Таң қаласың, Ахметжан Смағұлұлы ЕСІМОВ мырза өзінде құдды бір кемшін-мін жоқ, кіршіксіз кісідей өкіреңдейді. Алматының жолдарының шұрқ тесік екендігін, алып аспалы көпірлердің көліктерге кептеле бастағандығын, қаланың ауасының шексіз тарыла түскендігін, ең қиыны, базарлары мен дүкендеріндегі азық-түлік бағаларының, судың, жарықтың, жылудың, не керек, адамға күнделікті қажеттің түгелінің бағаларының аспанға шапшып-шарықтап, қымбаттап кеткендігін ауыздықтаған адамша арынын әлден уақытқа дейін баса алмады…
«Ұятсыздық — ессіздіктің егізі» екендігі рас-ау, күн сайын қымбатшылық қысып-қылқындырған қарапайым халықтың қамын емес, таушаңғысы курортына бағытталып, қалта-қоржынға құйылар қыруар қаржыны жоқтап, шыр-пыр болған ЕСІМОВтің ұсқыны ессіз адамнан аумай қалды…
Дала данышпанының: «Қайнайды қаның, ашиды жаның – қылықтарын көргенде…» дегені есіме түсті…

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА.