Мерейтойға арналған биік межелер

339
0


Биылғы жылдың 6 тамызында Арыс қаласына 60 жыл толады. Мерейтой қарсаңында шахар басшысы Сейіт Мырзақұлұлы бір қатар нысандарды ел игілігіне бермек ниетте екенін жеткізді. Теміржолшылар қаласындағы бастамалар облыс, қала берді республика көлемінде үлгі болуға жарарлықтай.


Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласының 60 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Әкімдікпен қоса қала халқы да мерекеге қызу дайындық үстінде. Соңғы бес жылда Арыс өзгеше ажарлана түскен, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарып, халықтың тұрмысы түзелген. Бұған БАҚ өкілдерін аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған баспасөз туры кезінде көз жеткіздік. Алдымен «Қазына жер LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына ат басын тіредік. Серіктестік 2012 жылы «КазАгроҚаржы» ұйымынан несие алып, оған өз қаржысын қосып Канада елінен 389 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы сиыр әкеліп, тауарлы-сүт фермасын ашқан екен. Бүгінде мал басы көбейіп, 1 077-ге жеткен. Оның ішінде 450 бас сауын сиырдан күніне 9 тонна сүт сауылуда. Әр сиырға күтім ерекше. Нәтижесіде жақсы. Серіктестік басшыларының айтуынша, бір сиыр орташа есеппен күніне 22 литр сүт береді. Алынған өнім Шымкент қаласындағы «Алтын Дән» және «Фудмастер» компанияларының сүт өңдеу зауытына тасымалдануда. «Қазына жер LTD» ЖШС-інің иелігінде 2 816 гектар егістік жер бар екен. Оның 1 131 гектарына жүгері, 495 гектарына жоңышқа егілген.

Соның арқасында ферманың жем-шөбі қамдалады. Бір жақсысы, аталған компания Арысқа қарасты 6 ауыл округінің орталығына үлкен тоңазытқыштар орнатып, сүт қабылдау бекеттерін ашқан. Қала әкімі Сейіт Ертай ауыл тұрғындары қолындағы азды-көпті сиырын сауып, бекеттерге өткізіп жатқанын айтады.
Осы істен әр 10 күн сайын 100 мың теңге табыс тауып жатқан отбасылар бар. Серіктестік өздеріндегі асыл тұқымды ірі қараның төлін жергілікті тұрғындарға сата бастады. Оның үстіне болашақта сүт өңдейтін шағын зауыт ашу жоспарларында бар. Яғни, тұрғындар асыл тұқымды мал алып, оның сүтін өткізіп, күнкөрісін жақсарта алады. Бұл халықты жұмыспен қамтуға да оң ықпал етеді деген сөз. Сол себепті серіктестік басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, барынша қолдау көрсетіп жатырмыз, — дейді Сейіт Мырзақұлұлы.

Арыстағы көпке танымал серіктестіктердің тағы бірі – «Агрофирма «Жаңа Ақдала». Компания басшысы Т.Әжібековтің айтуынша, серіктестік биыл 300 гектар алқапқа қызанақ егіпті. Егістік алқабына барғанда биыл өнімнің мол болғалы тұрғанына көз жеткіздік. Мамандардың айтуынша, тамшылатып суару әдісінің арқасында әр гектардан 50 тонна қызанақ алу жоспарланған. Мұнан бөлек серіктестік 170 гектар жерге бау өсіріпті.

Қайсыбір жылдары тоқтап қалған томат зауытының да жұмысы қайта жанданыпты. Енді жиылған өнім көкөніс және жеміс өндеу зауытында өңделіп, тұтынушыға жол тартады. Жалпы, серіктестік 120 адамды орташа 50 мың теңге жалақысы бар тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде бұл көрсеткіш 180 адамға дейін жетеді екен. Келешекте қызанақ және алма шырынын өңдеу жоспарда бар.
IMG_9051


«Экономикаңды көтергің келсе жол сал» дейді. Бүгіндері күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Шәуілдір-Ақдала» автомобиль жолының құрылысын қолға алған мердігер компания өкілдерінің айтуларынша қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Бұл істерге «Ақдала» елді-мекенінің халқы дән риза.


Қала сыртын айнала «Арыс» өзені ағады, қалаға кірер жолда 1960 жылдан бері жөндеу көрмеген көпір бар. Көпірдің жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көпірдің енін 2 метрге кеңейтіп 12 метр болатынын айтты мердігер. Жөндеудегі жол желтоқсан айында ел игілігі үшін қолданысқа берілмек.


Шымкентте 1980 жылы Асанбай Асқаровтың бастамасымен аумағы 151 гектарды құрайтын дендросаябақ салынған. Арада 37 жыл өткенде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың тапсырмасымен Сейіт Ертайдың орындауымен Арыс қаласында дендросаябақ салынып бітіп, ол 6-тамыздағы 60 жылдық мерекеде ел игілігіне беріледі. 12 гектар алқап қоршалып, ол жерге ағаштың көптеген түрлері егілген.
IMG_9089

IMG_9066
Бұрындары Арыста жастардың бас қосып, кешкісін серуендейтін орны тек қала ішінде еді. Енді арыстықтар кештетіп жаңадан ашылған дендрологиялық саябаққа қарай ағылатын болады. Бас қақпа салынып, жасыл желек отырғызылып, жарықтандыру, суландыру жүйесі салынған. Аяқжолдарға плита төселіп, орындықтар қойылыпты. Бірнеше жылдан кейін бұл жердің үлкен саябаққа айналары сөзсіз.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері қала көшелері мен көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарымен, спорт алаңдарының құрылысымен танысты. Арыс қаласының ТҮКШЖК және АЖ бөлімінің басшысы Нәрбеков Бесеубай жыл соңына дейін 8 спорт алаңшасы салынып, 36 көше асфальттанатынын мақтанышпен жеткізді.

Соңғы нысан жеке кәсіпкер Сарыбасовтың ұн диірмені болды. Диірменде 20 — дан аса жұмысшы бар. Орташа жалақылары 50 мың теңге. Бір күнде 85-90 тоннаға дейін ұн өндіреді. Ұнды экспортқа Ауғанстан еліне бір айда 20 вагонға дейін осы кәсіпорынның өнімін жібереді. Басқа елдерге ұнды экспорттау тиімсіз екенін жасыра алмады жеке кәсіпкер Бауыржан Ағабекұлы. Кәсіпкердің нан пісіретін цехы бар, бір дана бөлке нан бағасы 35 теңге. Бұл баға ОҚО бойынша ең арзан.
IMG_9246
Сол күні Арыстан түнделетіп қайттық. Қаладағы барлық үлкен көшелер жаңғыртудан өтіп, кеңейтіліп, тақтайдай тегіс етіп асфальт төселіпті. Қос қапталында аяқжолдары да бар. Шамдары самаладай жарқырап тұр. Осыдан 5-6 жыл бұрын мұнда бірде-бір бағдаршам болмаған. Биыл жаңадан 6-уы орнатылып, қаладағы бағдаршамдардың жалпы саны 14-ке жетіпті. Көшелердің барлығына бейнебақылау орнатылған. Келер жылы тағы 60 камера орнату жоспарланыпты. Түнгі шаһарды аралап жүріп, оның келбетіне тамсанып, даму жолына нық сеніммен қадам басқанын сезінесің. Бұл да болса, Арыс қаласының әкімі Сейіт Мырзақұлұлы Ертай өз бойынан байқатқан іскерлігінің бір көрінісі. Теміржолшылар қаласы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен өзінің 60 жылдығына осындай толағай табыстармен жетіп отыр.
Дастан БАШИРОВ.