Терроризммен көп болып күресейік

513
0


Бүгін шулаймыз…
Ертең түк болмағандай ұмытып кетеміз.
5 маусымдағы Ақтөбедегі теракт болған күні де қара аспанды төндіріп, қара жамылып едік. Ары кетсе бір апта дабырладық та, террористер жайлы мүлдем ұмыттық. Енді ес жиғанда 18 шілдеде Алматыда суық қаруланған ланкес тәртіп сақшыларына оқ атты. Енді бұндай жағдай қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді. Енді не істеу керек? Терроризммен қалай күресеміз?

2011 жылдан бері қарқынды түрде сәләфиліктен қайтару жұмыстары, ағартушылық шаралары үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Ал нәтижесі қандай? Сәләфилердің саны одан бері көбеймесе, азайған жоқ. Олардың санын 15000 деп кеше Дін істері агенттігінің басшысы да айтып өтті. Менімше бұл сан көзге көрінген келте балақты ер кісілері ғана. Ал қыздар мен әйелдер жағы ше? Өсіп келе жатқан балалары ше? Ал санасы уланса да өздерін жасырын ұстайтындары ше?

Исламда негізгі ұстаным – бейбітшілік. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Егер олар сендерден аулақ тұрса, әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермейді».
Соңғы екі айда республикамызда терроризммің үш деңгейі белгіленіп, күштік құрылымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлерімен қоса дін істері басқармасы және мешіттерде осы тақырыпта уағыз-насихат көбірек айтылып, түсіндіру жұмыстары әр күн сайын жүргізілуде. Облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша 18 шілдеде Алматыда болған оқиғадан кейін еңбек демалысында жүрген барлық имамдарды жинап, арнайы мәжіліс өткізіп, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, түсіндіру жұмыстарын кеңірек жүргізу керектігін айтып, халықты сабырға шақырды. Кереғар ағымдарға кетіп қалған адамдармен жеке кездесу өткізіп, кеңінен түсіндіріп, осы бағытта облыс бойынша қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Жұма намазымен қатар бесін аср намаздарында күнде уағыз айтылуда. Бұдан бөлек мектептерде ұдайы сабақтар өткізіп тұрамыз, кешегі жағдайлардан кейін күшейттік. Бұл сабақтардың көп пайдасы тиюде. Оқушыларымызбен сұрақ-жауап болып, тіпті мұғалімдер білмегендерін сұрауда. Мектеп кезінен дінді жақсылап түсіндірсек жастарымыз кешегідей теріс ағымдарға жоламайды. Тарихын, дінін, тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білген жастарымыз тура жолмен жүреді. Бұндай сабақтар мектеп кезінде өтпесе ЖОО-да оқитын студенттер теріс жолға түсіп кеткен жағдайда оларды қайтару қиынға соғады. Студенттер көп шоғырланған жердің бірі «Гарант» дүкен маңы. Ауылдан келген жас бала қалаға келген соң жергілікті жердің студенттерімен қатарласып жүргісі келеді. Әке-шешесі берген ақшасын үнемдеп, сол жерден арзан ұялы телефон сатып алғанына мәз. Бірақ ол телефон арзан болғанымен оның ішінде қымбат теріс ағымдағы аудио және видеожазбаларды жадыңа әдейі енгізіп сататын, сондай жолмен жүретін сақалдылар көп сол маңда. Ол видеоны көрген адамның санасы уланады. Ол өзінің теріс жолға қалай кіргенін байқамай қалады. Құқық қорғау органдары сол мәселемен дер кезінде айналысып жатқаны көңілді қуантады.
«Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Олай болса, қаншама бейкүнә адамның жанын қиған лаңкестік әрекеттер Исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жатпайды. Тіпті, адам өлтіру былай тұрсын, малды қорқытудың өзі Исламға теріс. Сойылатын малдың көзінше пышағын қайраған сахабасына Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.а.у.) қатты кейіп: «Сен малды неше рет өлтірмексің? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрамадың ба?» деп ескерту жасаса, тағы бір хадисінде: «Қаруды қалжыңдап болса да өзгеге кезенбе!», – деп, өзгенің көңіліне аз да болса үрей салудың өзі исламға, шынайы мұсылманға жат әрекет екенін түсіндірген. Беліне бомба байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін оп-оңай нәрсе емес.
Өзін-өзі өлтіру – исламда үлкен күнә. Құранда «Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар!» делінген. Лаңкестер өздерін дұрыс бағыттамыз деп ойлайды. Өздерін жарады, бейбіт халықты мерт қылады. Шын мұсылман өзге адамға оқ атпақ түгіл ауыр сөз айтпайды. Олардың ойынша осы жолда өлсе жұмаққа барады. Алайда, ол үлкен қате. Дін жолында шейіт болған мұсылман ғана жұмаққа кіреді. Олар Отанды, елді қорғау кезінде, қажылыққа барған жолда қайтыс болған адамдар. Бұның сауабы шексіз. Ал бұлар елге дүрбелең жасап жүргендер, елдің тыныштығын алып жүргендер шейітке жатпайды. Біз дінімізді қасиетті кітап Құраннан әрі оны түсіндіруші соңғы пайғамбар Мұхаммедтен (с.а.у.) үйренеміз. Ал енді осы мұсылманшылық қағидаларының қайнар көзі саналған Құран мен Пайғамбарымыздың өмірінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандарды қыру бар ма? Тіпті, соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтіру – дінімізде харам саналып жатса, жай уақытта күнде құбылмалы саяси ойындар үшін жүздеген бейбіт жатқан кінәсіз жандардың жанын қиюдың қандай ауыр күнә екені айтпаса да түсінікті. Исламда мақсат қандай ұлы, таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза, ұлы болуы тиіс. Террорлық әрекеттер арқылы ешбір мәселе қазірге дейін шешілмеген, әрі бұдан кейін де шешілмейді. Барлық лаңкестік әрекеттер – ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше, исламға қарсы қиянат. Қазіргі таңда болып жатқан барлық жарылыс, лаңкестік әрекеттерді ислам дініне жабу кең етек алды. Алайда, солардың барлығын істеп жатқан мұсылмандар ма? Бұған «иә» деп жауап беру, әрине, қиын. Мұсылмандықты бет-перде етіп, лаңкестік әрекеттерге барып жатқандар кімдер? Кей жағдайда олардың қатарында соғыстарда әке-шешесінен, туған-туыстарынан айырылған, немесе басқа да рухани күйзелістерге түскен адамдар да болады. Ондай адамдар кеудесін кернеген ішкі ыза-кек пен күйіктің салдарынан барлық іске баруы мүмкін. Мұндай адамдар психологиялық тұрғыдан алғанда, діннің рұқсат етпеген нәрселерін де жасауға бейім тұрады. Өз істеріне шариғаттан әлсіз болса да негіз іздей бастайды. Иә болмаса өзгелердің ойыншығына айналып, бопса тұзағына іліккен мұсылмансымақ адамдар. Бұған қоса, мұсылманның атын жамылған әлдебір ұйымдар, тіпті алпауыт мемлекеттер саяси мақсаттары үшін шала сауатты кейбір дүмбілездерді арнайы дайындап, Құрандағы кейбір аяттардың бас-аяғын қырқып монтаждап, «шейіт болып, жұмаққа кіресің» деп лаңкестік әрекеттерге айдақтауы да мүмкін. Яғни, зомбиге айналған адамдар.Бүгінде кейбір арнайы дәрілерді ішкен адамдардың өлімнен де қорықпай, өз жандарын қиып та жіберетіндігі белгілі болды. Мысалы, Шри-Ланка аралында өсетін бір шөптің жойылуы үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) 110 миллион қаржы бөлді. Бұл шөпті жеген жастарда өлімнен қорқу сезімі жоғалып, өздеріне оп-оңай қол жұмсайды екен. Тіпті «Lsd» атты дәріні белгілі бір адамға арнайы лагерьлерде күнде тамағына қосып беру арқылы миындағы өзіндік ойларын өшіріп, орнына қалаған пікіріңді құйғаннан кейін «ecstasy» секілді химикаттар арқылы 8-10 сағаттық лаңкестік әрекеттерді орындатуға болады. Мұндай дәрілер арқылы өлімнен қорқу деген сезімі өшірілген, тіпті өлімді аңсайтын мәңгүрт адамдар арқылы кез-келген лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыруға болады.

Қазіргі өмір талабына сай озық құралдармен жабдықталған білім ордаларын ашып, ол жерде сауатты білім беру, үлкен зертханалар құрып, ғылыми жаңалықтар ашу, қысқасы, жүректері діни тағылыммен, ұлттық құндылықтармен тәрбиеленген, рухани біліммен нәрленген, ал ақыл-ойлары қазіргі озық ғылыммен сусындаған еңсесі биік ұрпақ жетілдіру – міне, қазіргі мұсылмандардың кезек күттірмей іске асыратын ең үлкен қадамы болмақ. Бұл жолда қолымыздағы бар мүмкіншілігімізді сарп етуіміз ләзім. Бай байлығын, мұғалім білімін, тәрбиеші тәлім-тәрбиесін берсе, лауазымды орындықта отырған кісілер де қолдарынан келген барлық қолдауларын көрсетсе, қысқасы, ел болып әркім өз үлесіне тиген міндетін, мүмкіншілігін Алла ризашылығы үшін атқарса, сонда ғана мұсылмандар өз мәселелерін сауатты шеше алады. Әлдебіреулердің саяси ойыншығы болудан, пікір бодандығынан, экономикалық тәуелділіктен құтылады. Сонда ғана мұсылман әлемі күшейіп, дүниедегі барлық озбырлық әрекеттер мен әділетсіздіктерге батыл қарсы тұра алады. Сонда ғана мұсылман әлемі мемлекеттер арасындағы тепе-теңдіктің сақталуына, әлемде бейбітшіліктің орнығуына тарихтағы жақсы тағылымдар арқылы өз үлестерін қоспақ.
Дастан АСҚАРҰЛЫ.