ШЫМКЕНТТЕ БІР ҚАРЫС ТА ЖЕР ЖОҚ
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов таяуда өзі өткізген брифингте қаланың бүгінгі жағдайы жөнінде кең көлемді баян жасап, күтпеген жерден өзінен бұрын қызмет атқарған, яғни қаланы басқарған әкімдер жөнінде өткір сын айтты.
—Бүгінгі таңда Шымқаланың ең басты мәселесі – заңсыз құрылыстардың жүргізілуі. Маған дейін қалаға басшылық жасаған азаматтар жерді оңды-солды таратуға жол берген. Қазір қаланың қақ ортасында да, шет жағында да бір шаршы метр бос жер жоқ. Жекелеген азаматтар ешқандай рұхсатсыз алған жерлеріне құрылыс жүргізген. Осы заңсыз әрекеттерді білгенмен, біз олардың іс жүзінде құжаттарын туралауына мүмкіндіктер бердік, – деді өз есебінде қала әкімі.
Жер мәселесі төңірегіндегі дау-дамай Шымкент қаласының басты ауруына айналған. Қала әкімдігі соңғы жарты жылдың ішінде жерді заңсыз иемденушілермен соттасып жатыр. Оның үстіне биылғы жылдың көктемінде Шымқалада әр азаматқа 10 соттық жер тегін беріледі деген жалған мәлімет пен жалған арыздардың қабылдануы ел арасында біршама кері әрекеттерге жол берді. Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің жанында азаматтарға жер беру жөніндегі арыздар қабылданып жатқан кезде оған ешкімнің назар аудармауы, мән бермеуі – ойландыратын мәселе. Қазір қалалық әкімшілік болашақтың қаласы «Шымкент-сити» жобасына байланысты заңсыз берілген жерлерді сот арқылы қайтарып алу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бүгінге дейін жеке азаматтардан 200 гектардай жер қайтарылып алынды. Ол жұмыс әрмен қарай жүріп жатыр. Осының барлығына қаланың бүгінгі басшысы өзіне дейін қаланы басқарған әкімдерді кінәлайды. Олардың атын атап, түсін түстемесе де, кімнің не істегендігі халықтың көзінің алдында, көңілінің түкпірінде тұр ғой.
Қ.НЫШАНБЕК.