Ғ. Әбдірахымов: «Елдімекендердің дамуы – ерекше назарда»

376
0

Абай ауданында өткен жылы оң шешімін тапқан мәселелер аз емес. Бұл жөнінде аудан әкімі Ахмет Татыбаев Жаңаталап тұрғын алабындағы №81 Т. Тәжібаев атындағы орта мектебінде өткен кезекті есеп беру кездесуінде баяндады. Өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді айқындаған жиынға шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.

Кездесуде алдымен сөз алған аудан басшысы А. Татыбаев жүзеге асқан жобалар мен оң өзгерістерге тоқталып, жоспарларымен бөлісті.

– Елбасы өз Жолдауында кез келген қиындықтарды шешуде бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруын басты назарда ұстауды тапсырды. Бұл ретте ауданның инфрақұрылымын жақсаруда қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, халықты толғандырған мәселелер рет-ретімен шешіліп жатыр. Қазір аудан аумағында орналасқан 453 көпқабатты тұрғын үй 252 аулаға біріктірілгені белгілі. Бүгінге дейін 176 аулаға ойын алаңшалары орнатылып, 44 спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Биыл 52 ауланы көріктендіру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарлануда, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Жиында әкім баяндамасынан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойды, ұсыныс-тілектерін айтты. Көпбалалы ана Жеңіскүл Камалова атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етіп, ел үшін еңбек етіп жатқан азаматтарға аналық алғысын білдірді.
– Былтыр Жаңаталап тұрғын алабындағы 15 жылдай жөндеу көрмеген басты орталық көше толық асфальтталды. Бұдан басқа 6 көшеге асфальт төселді. Аулаларда ойын алаңшалары бой көтерді. Әлі де салынып жатыр. Бастысы, елдімекенде қызу жұмыс жүргізілуде. Келесі қуанышты жайт, қаламызда Фронт-офис кеңсесі ашылды. Бұл – тұрғындардың талап-арызын орындауда маңызды рөл атқаруда, – дейді қарт ана. Игілік елдімекенінің тұрғыны Ә. Нұрбеков болса қазір көшелерге жаңа атау беріліп, жедел жәрдем қызметкерлерінің қиындықтардан құтылғанын айтып өтті.

Кездесуде тұрғындар былтырдан бері өзекті мәселеге айналған жер мәселесіне қатысты пікір қозғап, өз ойларын ортаға салды. Жергілікті тұрғындар атынан сөз алған Е. Таңатаров Жаңаталап тұрғын алабындағы заңсыз салынған үйлердің болашағы қалай болатынын, сондай-ақ ондағы адамдардың қайда тіркеуге тұратынын сұрады. Бұл сұраққа қала әкімі Ғ. Әбдірахымов тұшымды жауап беріп, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін еске салды.

– Әр түрлі себеппен елдімекенде бірнеше үй заңсыз салынғанын білесіздер. Десе де, тұрғындарға түсіністікпен қарап, біз қазір 200-ге жуық үйді заңдастырып бердік. Облыс прокуратурасы мен қала әкімдігі бұған тыңғылықты қарап, әлі де зерделеу үстінде. Тағы бір айтар мәселе, қазір елімізде азаматтарды тіркеу мәселесіне ерекше мән беріліп жатыр. Бұл тәртіп үшін керек. Бүгінде Шымкентте статистика бойынша 900 мың тұрғын бар. Ал бейресми деректе халық саны 1 млн 200 мыңға жуық. Инфрақұрылым жұмыстары тіркелген халық санына қарай жоспарланады. Сондықтан тіркеу тәртібіне бейжай қарамаңыздар. Жер алу мәселесіне келсек, елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынып жатыр. Осы бағдарлама аясында да игі істер жалғасын табады, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына дәйекті жауап берді. Жазбаша түскен сауалдар да жауапсыз қалмайтынын айтты.
Жиында қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Жаңаталапқа №125 бағытта Газель көлігі мен №80 бағытта шағын автобус жүріп тұр. Десе де, халық саны көп елдімекенде бұл жеткіліксіз. Қала әкімі өз сөзінде қоғамдық көліктердің қатары артатынын, биыл қалаға тағы да 230 жаңа автобус сатып алынатынын жеткізді. Есепті кездесудің соңында алдағы атқарылар жұмыстарға бағыт-бағдар берген қала әкімі Ғ. Әбдірахымов қорытынды сөз сөйледі.

– Әрине, халықты толғандыратыны ауызсу, жол, жарық, газ секілді мәселелер. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Абай ауданында 5 елдімекенге кәріз жүйесін тарттық. Жаңаталапта үшқабатты мектеп бой көтеруде. Білесіздер, Шымкент – Елбасымыздың ерекше назарындағы қала. Қазір елдімекендердің өркендеуі жолында мемлекетіміз тиісті көмегін жасап жатыр. Қала бюджетіне тоқталсам, 2015 жылы 80 млрд теңге, 2016 жылы 110 млрд көрсеткішке жетті. Биылғы меже бойынша жыл соңына дейін 130 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Демек, қаладан шалғай жатқан елдімекендер қолдаусыз қалмайды. Ендігі ретте тұрғындар да өздері тұратын мекеннің дамуына, әсіресе тазалығына өз үлестерін қосуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді қала әкімі.