ТҮРІК ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ТУРИСТІК БАҒЫТПЕН ТАНЫСЫП ШЫҚТЫ
Оңтүстік Қазақстан облысында өткен үш күндік «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» аясында делегация құрамы өңіріміздің тарихи жерлеріне саяхат жасады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, түрік кәсіпкерлері Отырар ауданындағы «Отырар төбе» қалашығына барып, тарихи сырына қанықты. Мұнан соң, «Арыстан баб» кесенесіне зиярат жасалып, баба рухына дұға бағышталды.
Мәртебелі меймандарды арнайы күтіп алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов делегаттарды болашақта ауданда жүзеге асырылатын жобаларымен таныстырып, бауырлас елдің өкілдерін өңірдің туризм саласына инвестиция салуға шақырды.
Аудан басшысының мәліметінше, өткен жылы «Отырар төбе» қалашығына 110 мыңнан астам турист келсе, оның 5 мыңы шетелдік саяхатшылар екен. «ЕХРО- 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында қызу дайындықты бастап кеткен мамандар шетелдік қонақтар келген уақытта «Арыстан баб» кесенесінен бастап «Отырар төбе» қалашығына дейінгі аралық көшенің халықаралық талаптарға сай көріктендірілетінін айтады.
Бұл күні делегаттар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де аралады. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде болды. Өңірдің туристік әлеуетімен танысқан шетелдік қонақтар облысымыздың тарихи жерлерге бай екенін айтып, жоғары бағалап, соған сай болашақта мұндағы туризм саласы одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Бүкіл әлемдік мәдени мұра тізіміндегі ЮНЕСКО-ның құрамына кіретін мавзолей еліміздегі туристер ең көп келетін аймақтардың бірі болып табылады. Өткен жылдары киелі мекенге бір жылда 1млн. 60 мың турист келсе, 245 мыңы шетел азаматтары екен.
Түркістанда қонақтарды қала əкімі Әліпбек Өсербаев қарсы алып, барша түркі жұртының рухани астанасы, түрік бауырларымыз үшін «Атажұрт» саналатын — Түркістан қаласына арнайы келгені үшін алғысын білдірді.
Меймандармен кездесу барысында шаһар басшысы түрік кəсіпкерлерін бастап келген делегация мүшелеріне естелік ретінде арнайы сый тапсырса, шетелдік қонақтар тарапынан да сөз алған Түркия Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кеңесшісі Тарык Сонмез ыстық ықылас көрсеткен қазақ бауырларына ризашылығын білдіріп, қос мемлекет арасындағы экономикалық-мəдени байланыстардың одан әрі күшейе беретінін жеткізді.