ШЫМСАЯ ШАТҚАЛЫНА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

69
0
Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастыру, көшелерді көгалдандырып, саябақ аумақтарын дамыту бағытында бірқатар шарлар қолға алынуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді», — деп айтқан болатын.
Осы бағатта бүгін еліміздің үшінші мегаполисінде «Ағаш отырғызу – сауапты іс» атты тал егу акциясы өтті. Шымсая шатқалында өткен сенбілікке қалалық әкімдіктің басқармаларына, оларға қарасты мекемелер мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық өкілдігі мүшелері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының өкілдері мен волонтерлар, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына енгізілген этнос жастары – жалпы 300-ге жуық адам қатысты.
«Президенттің бастамасымен 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жыл сайын 120 мың түп ағаш егілуі қажет. Әрі Шымсая шатқалын жандандыру да басты назарда тұр. Осы шатқалдағы 11 гектар жер «Жасыл белдеу» мекемесіне тиесілі. Жалпы биыл күзде осында 8 378 көшет егу жоспарланған. Бүгінгі сенбілік те соның аясында өткізілуде. Осы акция аясында 4 мыңға жуық терек отырғызылды. Көшеттің барлығы «Жасыл белдеу» мекемесінің тұқымбағынан жеткізілген», – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Сейтжанов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылға елдегі орман қорында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін егу ісі қолға алынған.
Жоспар бойынша үшінші мегаполисте 5 қарашадан бастап жаппай ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нәтижесінде қала аумағына жалпы 160 696 ағаш көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде Дендросаябақ аумағына – 5000 көшет, аудан әкімдіктері тарапынан көше бойларына – 35 696 көшет, «Жасыл белдеу» мекемесінің жеріне 120 000 көшет егілмек.