ОҢТҮСТІКТЕ 700 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНАДЫ

531
0

Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Әлібек мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2016 жылы облыс аумағында 4849 түрлі спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 550 мыңна астам адам қатысса, оның ішінде ауылды жерлерде ұйымдастырылған 3151 спорттық шараға 362 975 азамат қамтылған. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 708 884 адамды құрап, облыстағы барлық жастағы халықтың қамтылуы 24,7 пайызға жетіп отыр. Ауа-райы қолайлы, қысы жылы болатын өңірде спортпен шұғылданамын деген азаматтарға бүгінде барлық жағдай жасалуда.
Мәселен, 2016 жылы қала, аудандардағы елді мекендерде демеушілер есебінен 52 спорт алаңшалары салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, елді мекендерде жергілікті бюджет, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында және «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы бағдарламасы аясында облыс көлемінде жалпы 116 спорт алаңшалары салынды. Шардара ауданы мен Түркістан қаласында спорт кешендері ашылды. Ал, Шымкент қаласында барлық санаттағы азаматтарға дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін «Жеңіс», «Тәуелсіздік», саябақтары мен «Нұрсәт» шағын ауданы мен «Наурыз» алаңында 4 «Street Workout» спорттық қозғалысына арналған арнайы алаңшалар стандартқа сай салынып, халық игілігіне берілген.
Бұл Елбасымыздың спортқа және бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңіл бөлуінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұқаралық спорт — ұлт денсаулығының кепілі. Осы ұстанымды қолдайтын оңтүстікқазақстандықтар мейлінше спортпен шұғылдануға ден қоюда.