Қажымұқанның ізбасарлары анықталды
Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған жыл сайынғы қазақша күрестен халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды. Биыл да боз кілемде белдесуге Өзбекстан,Қырғызстан, Моңғолия Қытай мен еліміздің әр аймағынан кіл мықтылар жиналды. Тартысқа толы турнирде ордабасылық Ғұмар Қырғызбаев (60 кг), жамбылдық Ринат Махмутов (70 кг), Алматы облысының тумасы Қазбек Рамазанов (80 кг), Моңғолиядан келген Серік Бердімұрат (90 кг) пен аса ауыр салмақта семейлік Айбек Нұғымаров топ жарды. Сондай-ақ Айбек Нұғымаров Түйе палуандар бәсекесінде де қарсылас шыдатқан жоқ. Жеңімпазға аудан әкімі Данияр Тілеубергенов су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.