ОҢТҮСТІКТЕ ИНТЕНСИВТІ БАУ 8 МЫҢ ГЕКТАРҒА ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ
Аграрлы аймақ болып табылатын — Оңтүстік Қазақстан облысының егіс көлемі осы жылы 72,4 мың гектарға ұлғайтылып, 861 мың гектарға жеткізу жоспарлануда, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, өңірде интенсивті бау, жылыжай, жаңғақ шаруашылықтарын дамыту жұмыстары да белсенді түрде жүргізілетін болады. Мәселен, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам аудандарында қарқынды алма мен жаңғақ бауларын, ал Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында жылыжай кешені агроаймақтарын қосу көзделуде.
Дәстүрлі баулардан орташа гектарына 5-10 тонна өнім алынса, интенсивті баулардан 50-60 тонна өнім жинауға мүмкіндік бар. Осыны ескерген диқандар жаңа технология бойынша бауларды көбейтуді көздер отыр.
Яғни, осы жылы интенсивті баулардың көлемі 8 мың гектарға ұлғайса, жаңғақ көшеттері 2,5 мың гектар егілетін болады. Ал, жылыжайлар қосымша 1 177 гектар салынып, 2 300 гектарға жетеді. Сонымен бірге тамшылатып суғару әдісі 44 мың гектарға енгізіледі. Осы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,4 есеге артып, 624 млрд. теңгеге, экспорттың үлесі 22 пайыздан, 35 пайызға көтеріледі деп жоспарлануда.