«ҚЫЗЫЛКӨЛ» ҚАЙТА ТАРТЫЛМАЙДЫ ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ

Жаз-жаймашуақта шипажай іздегендерге жағымды жаңалық! Кезінде ел аяғы үзілмеген Созақтағы Қызылкөлдің арнасы биыл қайта суға тола бастады. 123 миллион текше метр су жиналуы тиіс көлде қазір бастапқы мөлшеріне жетеғабыл су бар. Айдын қайта қалпына келгелі суы тұзды, жағалауы сор батпақты Қызылкөлге ем іздеп келетіндер де көбейе түскен.

Көлдің емдік қасиетін бар екенін білген жандар ат терлетіп Алматыдан, Тараздан ағылуда. Келушілер ем алуға келеді, демалуға емес. Батпатқы көл аяқтың суығын сорады, буын, тері, астма ауруланыра және өкпе тыныс жолдарына пайдалы. Соңғы ширек ғасырдан бері биыл алғаш рет экологтар мен жергілікті халықтың дабылынан кейін көлге құятын өзендердің арнасы бетонмен шегенделді. Оның үстіне биыл көктем жауын-шашынды болды. Қазір Үшбас өзені мен Бабата каналынан жеткілікті мөлшерде су құйылып тұр. Әзірге Қызылкөлдің маңайында келушілерге ешқандай жағдай жасалмаған. Көлдің суы молайып келе жатқандықтан бұл іске инвесторлар енді қызығушылық таныта бастады. Демек, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әнінде айтылатындай «Қызылкөлдің қонақтардан босамайтын» думанды шағы енді басталғалы тұр.