ТҮРКІСТАНДА ТАУЫҚ ӨСІРУ ІСІ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

342
0

Түркістандық «Яссы нан» ЖШС-гі көрші облыстарды да ұн өнімдерімен қамти бастады. Тәулігіне 20 тонна нан өнімдерін өндіретін кәсіпорында бүгінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Серіктестік жұмысымен арнайы танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев келешекте өнім көлемін одан әрі арттырып, негізгі қуаттылыққа жетуді жүктеді.

Ұн өнімдерінің 15 түрін дайындайтын зауыт 2016 жылдың ақпан айында іске қосылған. Жобаның құны — 200 млн. теңгені құрайды. Зауыт былтыр  287654 мың теңгенің өнімін өндірген.  Сондай-ақ бұл зауытта ет өнімдерінен шұжықтың 8 түрі өндіріледі. Ол үшін зауыт арнайы мал бордақылайтын алаңын құрыпты.

«Қазіргі таңда зауыт тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Өнімдерімізге сұраныс мол. Негізінен  Түркістан қаласы мен көрші Қызылорда облысының бірқатар аудандарын ұн өнімдерімен қамтып отырмыз», — деді «Яссы нан» ЖШС-нің бас директоры Насиба Атаева.

Мұнан соң облыс әкімі Түркістан қаласына қарасты Шаға ауылдық округіндегі жыл басында іске қосылған «Ерасыл» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Ерғали Жолдасбеков басшылық жасайтын жылыжай көлемі 0,35 гектарды құрайды. Кореялық құрылғымен жабдықталған жылыжайдың сметалық құны 70 млн. теңге. Бүгінде мұнда егілген қиярдан 36 тонна жиналып отыр. Негізгі қуаттылыққа жеткен кезде бұл жылыжайдан гектарына 150 тонна өнім алуға болады.

Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында жылыжайлардың жалпы көлемі 50,6 гектарды құрайды. Оның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар 10,5 гектар. 2016 жылы жылыжайлардан көктемгі және күзгі ауысымда орта есеппен 1040 тонна қызанақ, 1130 тонна  қияр,  90 тонна  басқа да көкөністер, 200 мың дана гүл, барлығы 2260 тонна  көкөніс өндірілген. Қазіргі таңда жергілікті жердегі жылыжайларда өндірілген қызанақпен қала тұрғындары 45, қиярмен 67 пайызға  қамтамасыз етілуде.

Облыс басшысы Түркістан қаласына қарасты Оранғай ауылындағы Әріпжан Сыздықовтың «Яссы құс» шаруа қожалығына да атбасын бұрды. Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған құс шаруашылығы негізінен тауық еті мен жұмыртқа өндіреді. Жобаның бірінші кезеңі 2016 жылы іске қосылып, 12 мың бас етті бағыттағы және 22 мың бас жұмыртқа бағыттағы тауық өсірілуде. 2016 жылы жалпы 4,4 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, қала бойынша өндірілетін жұмыртқаның 30,4 пайызын құрады. Жобаның  екінші кезеңі 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Жобаның құны 312 млн теңгені құрап, қосымша 22 мың жұмыртқа бағыттағы тауық өсіріліп, жыл соңына дейін 90 тонна тауық еті және 10,8 млн. дана жұмыртқа өндірілмек.

«Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Десек те, кәсіпкерлік нысандардың қатарын арттырып, жұмыссыздықты азайту мәселелері назардан тыс қалмауы тиіс. Аудан басшыларының жұмысы сонда ғана нәтижелі болады», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Егер жоба толық іске асырылса, фабрика өнімдері Түркістан қаласына сырттан келетін тауық еттерінің орнын алмастырмақ.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі