«ТАУ САМАЛЫ»..
Түркістан облысына келгендерді қызықтыратын орын, ол «Тау самалы». Өте әдемі жер. Қаланың қарбалас тіршілігінен байыз табатын мекен. Ауа райы да қарасып, күн беттен сүйіп тұрды. Таңертеңгісін аздап жаурап едік. Бірақ қар қалың. Ерімеген. Таңғаласың. Білетіндер бар, білмейтіндер бар. Мұндағы «Алатау» шаңғы базасы 2013 жыл іске қосылған. Кереметі сол, көпшілікті қызықтыратын аспалы жол (канатная дорога). Ұзындығы 1,3 шақырым. Әуеден 40 минуттай көзтартар жоталарды қызықтап (бару-қайту 20+20 мин), бойыңызды сергітесіз. Құны да қалтаға салмақ салмайды – 500 теңге. Онда шаңғы тебуді үйрететін білікті мамандар бар. Шаңғы мен шана, снегоход жалға беріледі. Қысқасы, қызмет сапасы жоғары.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген ұлағатты сөз бар емес пе. Осы демалыс аймағын салған облысқа белгілі кәсіпкер Әлішер Толыбаев деген азамат. Оны да айта кетейік. Бәрекелдіден басқа не айтасың. Елдің игілігіне қызмет етіп жатыр.
Біз сияқты қызықтап жүргендер көп. Қарияларды, отбасымен арнайы келгендерді кезіктірдік. Қысқасы, табиғат аясында, таза ауада демалыстың не екенін сезіндік. Кетерімізде тауға қарап қоямыз. Шыңдары ақ қармен арбасқан биік тау да «Демалсаң міне, осылай демал» деп тіл қатып тұрғандай..
С.Әуесбек