ҚАРТТАР КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

182
0

Жетісай ауданында 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Ж. Бейсенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Ә. Утанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Исаев қатысып, бұрынғы іріленген Мақтарал ауданының барша қарияларын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
«Қазіргі таңда біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп- өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептеймін. 1 қазан күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға- апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына, үлгі, өнеге», — деді Жамантай Қанайұлы.
Аудан басшысы жиналған ақсақалдарға Мақталы ауыл округіне қарасты арақ-шарап сатылмайтын Алмалы ауылындағы бүгінгі жағдайды баяндап, осы бастаманы қолдап-қуаттауға шақырды.
«Мен осы жерде Сіздерге ұтымды ұсыныс айтқым келіп отыр. Ауданымыздағы Мақталы ауыл округі Алмалы ауылындағы бір топ ақсақал бастама көтеріп, елдімекендегі дүкендерге арақ сатқызбау жөнінде бастаманы қолға алған. Соның нәтижесінде бүгінде сол ауылдағы қылмыс, төбелес, араздасу, ұрыс-жанжал, мал ұрлығы секілді қылмыстар сап тиылып, үлгілі ауылға айналып отыр. Ендеше, баршаңызды сол ауылдан үлгі алуға үндеген болар едім. Сіздердің бұл бастаманы қолдайтындарыңызға сенемін», — деді аудан әкімі.
Бүгінгі шараға аудан қарияларының ішінен әр салада жемісті еңбек еткен 300-ге жуық ардагер қатысып, бірқатары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін аудан әкімінің және аудандық ардагерлер кеңесінің, аудандық мәслихат хатшысының алғыс хаттарымен марапатталды. Шара соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
(с) Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

104