МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – МЕРЕЙІМІЗ

119
0

Түркістан қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Түркістан қаласы әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер–киелі құндылықтарымыз» атты салтанатты жиын өтті.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Рәміздер алаңында өткен  мерекеге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев қатысып, жұртшылықты құттықтады.

«Құрметті түркістандықтар! Баршаңызды облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының атынан мерекемен құттықтаймын. Осыдан 27 жыл бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері қабылданған болатын. Еуразия төрінде орналасқан Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз әнұраны, өз туы, өз елтаңбасы бар мемлекеттер қатарына қосылып, ұлттық құндылықтарын паш етті. Ал 2007 жылы 4 маусымда ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданды. Міне, сол уақыттан бері 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні мерекесі ретінде аталып келеді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – отаншылдықтың белгісі. Кезінде Түркістаннның сайыпқыраны Бекзат Саттарханов Сидней төрінде чемпион атанып, рәміздерімізді күллі әлемге танытты. Міне, қазіргі жастар сол Бекзат батырдай намысты болып, елге қызмет етулері тиіс. Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Елтаңбамыз мәңгі жарқырап, көк туымыз көкте мәңгі желбірей берсін.  Күллі Алаштың болашағы жарқын болсын!», – деді ол.

Салтанатты жиында кітап көрмесі өтіп, ақындар мен әншілер отаншылдыққа шақыратын шығармаларын орындады. Тұлпар мінген жігіттер көк туды желбіретіп, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына асқақ рух пен жігер сыйлады.

Мерекелік іс-шарада «Асыл қазына» әжелер ансамблі, оқушылардың хор ұжымы, «Семсер», «Болашақ» топтары мен «Шабыт», «Бисұлтан» бишілер тобы өнер көрсетті. Сонымен бірге Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен өзге де жас әншілер ән шырқады.

Сарбаздар мен «Жас сарбаздар» клубының мүшелері мемлекеттік рәміздерді ортаға алып шығып, осы құндылықтарды құрметтеу жөнінде ұран тастады.

Рәміздер күніне арналған мерекеде Түркістан қаласындағы білім ұяларының өрендері белсенді қатысып, қала жастары флешмоб көрсетті. Аға буын өкілдері мен қала тұрғындары да рәміздердің маңыздылығы туралы ой қозғады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырған іс-шара түркістандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отаншылдықты дәріптелді.

uakit.kz