ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ 2021 ЖЫЛЫ ТҮПКІЛІКТІ ШЕШІЛЕДІ
Еңбекші ауданындағы 16 тұрғын алаптың 11-де ауыз су мәселесі толық шешілмеген. Осы жылы аудандағы 2 мыңнан астам абонентке су тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Аталған құжат осы жылы дайын болса, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Аудан әкімі Ғалымжан Ильиясовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жүргізілсе 2021 жылы Еңбекші ауданында ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады.
Бүгінде аудан тұрғындарын сапалы энергиямен қамту көрсеткіші 88 пайызды құрайды. Қалғаны жекеменшік жарық жүйесіне тәуелді. Мәселені шешу үшін 2020 жылы 5 мыңнан астам абонентке қуат көзін тарту үшін құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Ауданды көгілдір отынмен қамту жағы да «Бозарық» шағын ауданындағы газ таратушы бекет (АГРС) құрылысының аяқталуына қарай 2020-2021 жылдары шешілетін болады. Мұнан өзге Еңбекші ауданында осы жылы 53 шақырым жол салынады деп күтілуде. Нәтижесінде топырақ жолдарға толықтай тас және асфальт төселеді.
«Биыл қалада үлкен жұмыстардың жасалып жатқанын көріп отырсыздар. 2020 жылдан бастап топырақ жол Шымкент қаласында болмайды. Өйткені, өте көп асфальт жолдар салынуда. Биыл үлгермеген жолдардың жобалық-сметалық құжатын дайындап, келер жылы бастаймыз. Үш жыл ішінде бәрін асфальттаймыз»,- деді қала әкімі аудандағы «Бадам-1» тұрғын алабы тұрғындарымен кездесуі барысында.
Айта кету керек, ауданда 2 мектеп, 2 дәрігерлік амбулатория жетіспеушілігі бар. Билік бұл мәселелерді демеушілердің есебінен шешу жағы қарастырылуда.
uakit.kz