ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ ЖАНДАНЫП ТҰР

182
0

Түркістан қаласы облыс көлемінде жиһаз өндірісінен алдыңғы орында деп хабарлайды uakit.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қаланың өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің 20 пайызын осы қатты және жұмсақ жиһаз өндірісі құрайды.  Бүгінде облыс орталығында 7 ірі кәсіпорын болса, жеке кәсіпкерлікпен тіркелген бірқатар шағын жиһаз цехтары да бар.

Облысымыздың жиһаз өндірісінде өзіндік орны «Гранд Микс», «Азия бренд», «Мебель люкс», «Кордиал-Түркістан» сынды кәсіпорындарының өнімдері еліміздің өзге облыстары мен ТМД елдеріне шығарылады.

Атап айтар болсақ, өз жұмысын 2013 жылы шағын ғана цехтан бастаған «Азия бренд» (ИП-Абишев) өнімдері еліміздің бірқатар өңірлерінде сұранысқа ие. Бұл кәсіпорын бүгінде түркістандық 60 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Цехтың жылдық өнімділігі – 10 мың дана жиһаз топтамасы. Сондай-ақ, бүгінде жиһаз топтамасына қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың 80 пайызы өздерінен шығады. Жергілікті тұрғындар бұрындары Ташкент, Қытай елдерінін аттай қалап алдыратын жиһаз өнімдерін енді алысқа бармай-ақ, тиімді бағада қол жеткізіп келеді.  Қазір фабрикадағы жұмыстың 80-90 пайызы автоматтандырылған. Цехтағы жұмыс италияндық құрылғылар көмегімен жүргізілуде. Жобалық құны – 20 миллион теңге. Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру үшін кәсіпорын қызметкерлері шетелдік мамандардан тәжірибе алмасып отырады.

Сондай-ақ, Түркістандағы индустриалды аймақтағы үлкен жобалардың бірі – «Гранд Микс» кәсіпорынының өнімдері еліміздің барлық өңірлеріне таныс.  Себебі, фабрика өнімдері Қазақстанның 14 облысына және Қырғызстанның Бішкек, Ош қалаларына жіберіледі. Қазіргі таңда Ресей, Әзірбайжан елдерінен де сұраныстар қабылдауда. Жиһаз өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын «Гранд Микс» мекемесі жылына 1,5-2 млрд. қаржының өнімін өндіреді. Онда бүгінде жергілікті тұрғындардан 145 жұмысшы еңбек етеді.

Облыс орталығы Түркістан қаласында алдағы уақытта кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамытуға баса мән беріліп отыр. Бұл тек қаланың көркеюіне ғана емес, жұмыссыздықтың да азаюына сеп болмақ.

uakit.kz