ШЫМКЕНТТЕ 260 АДАМНЫҢ ОРАЛМАН МӘРТЕБЕСІ ҰЗАРТЫЛДЫ
Шымкентте 2019 жылы 6 айындамемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан барлығы 152 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 131 заң бұзушылық анықталған. Соның негізінде 68 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының сақталмауы бойынша 5,4 млн. теңге көлемінде 40 айыппұл салынған. Жалпы 110 жұмыскердің жалақы қарыздары мен пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының күндері үшін өтемақы 10,2 млн. теңге төлемдері өндірілген.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың алты айында атқарған жұмыстарын қорытындылыған басқарма басшысы бұдан бөлек, бірнеше жылдан бері кәсіпорыннан 16,7 млн. теңгеге дейін жинақталып қалған жалақыларына қол жеткізе алмай жүрген 23 жұмысшы басқарманың араласуымен еңбекақыларын толық өндіріп алғанын хабарлады.
Бүгінде Шымкентте барлығы 20748 кәсіпорын (ірі, шағын және орта) бар болса, соның тек 261-де жұмыскерлердің еңбекақысы 22 пайызға өскен екен. Өндіріс орындарында 23 жазатайым оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 3 адам қайтыс болған.
Осы және өзге де деректерді алға тартқан Бауыржан Қалжанов:
–Елбасының 2019 жылғы 16-наурыздағы қауіпсіздік кеңесіндегі этникалық қазақтардың проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасымен бір реттік акциясы ретінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу мақсатында 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Осының негізінде бір реттік жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін 159 отбасы 260 адамға оралман мәртебесі ұзартылды,-деді.
uakit.kz
Фото авторы: С. Қосаев.