ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Түркістан өңірі бүгінгі таңда жаңаша сипатта түлеп, жаһандық инвестицияның ірі орталығына айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, өңіраралық ықпалдастықты кеңейту және экономикалық байланыстарды тереңдету жөніндегі сыртқы саяси пайымын басшылыққа алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары осы жасампаздықтың айқын көрінісі болмақ. Сапардың келесі маңызды бекеті Түркістанмен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы – Ухань қаласында жалғасып, екі ел арасындағы экономикалық дипломатияның жаңа парағын ашты. Мұнда отандық делегация Қытайдың ең ірі, жетекші 50-ден астам компаниясының басшыларымен және алпауыт инвесторларымен кездесіп, өңір экономикасын өрге сүйрейтін ауқымды жобаларды талқылады.
Ухань шаһарында өткен іскерлік басқосу аясында облыс әкімі бастаған топ Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен мазмұнды жүздесу өткізіп, ірі инвесторлармен B2B және G2B форматтарында нәтижелі келіссөздер жүргізді. Екі елдің мемлекет басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сенім мен тығыз достық қарым-қатынас өңіраралық байланыстардың берік діңгегіне айналғаны белгілі. Жиында сөз алған Нұралхан Көшеров екіжақты байланыстың тек сауда-саттықпен шектелмей, аймақтық тұрақтылықтың маңызды тірегі болып отырғанын, сондай-ақ бұл әріптестік «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жаңа серпін алғанын ерекше атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында инвесторлар үшін ең қолайлы ахуал қалыптасқан және тоғыз жолдың торабындағы өңірдің логистикалық әлеуеті шетелдік капитал үшін өте тартымды. Осы ретте, 2024 жылдан бастап Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар қауымдастығы арасында орныққан берік серіктестіктің нәтижесінде Ухань қаласында Түркістан облысының өкілдігі, ал Түркістан төрінде қауымдастықтың арнайы кеңсесі ашылуы – екі ел арасындағы сенімнің алтын көпірі іспетті. Бүгінге дейін Түркістан өңірінде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 бірлескен жобаның сәтті іске қосылуы да осы сөзіміздің айқын айғағы.
Уханьдағы келіссөздер барысында талқыланған инновациялық жобалардың ауқымы сан түрлі саланы қамтиды. Соның ішінде адам өмірі мен денсаулығына арналған медициналық технологиялар бағытында жұмыс істейтін халықаралық компанияның жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Жасанды сүйек тіндерін қалпына келтіруге арналған озық материалдар мен күрделі күйіктерді, жарақаттарды емдеуге таптырмайтын жасанды тері матрицаларын шығаратын бұл компания Қазақстан нарығына шығып қана қоймай, болашақта Түркістан облысы аумағында жоғары технологиялық өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, инфрақұрылымды жақсарту мақсатында «Wuhan Engineering» компаниясының басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, өңірде заманауи саябақтар, гүл және құс базарларын құру мүмкіндігі қаралды. Жобаның алдын ала инвестициялық құны 180 миллион юаньды құрайды және бұл Түркістанның эстетикалық келбеті мен коммуналдық жүйесін дамытуға жаңа леп әкелмек.
Сапардың ең ірі әрі сенсациялық жаңалығы мәдени туризм саласында болды десек артық айтқандық емес. Халықаралық деңгейдегі ірі девелоперлік компания Түркістан облысында баламасы жоқ ауқымды океанариум немесе теңіз тақырыбындағы зор ойын-сауық және туристік парк салу жобасын ұсынды. Туристік инфрақұрылым объектілерін жобалау мен пайдалануда әлемдік тәжірибесі мол бұл компанияның ұсынып отырған жобасының инвестициялық көлемі шамамен 500 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, Орталық Азиядағы теңдессіз заманауи туристік мекенге айналып, шетелдік саяхатшылардың ағынын еселей түспек. Сонымен қатар, Қытайдың сәулет және құрылыс алпауыттары өңірдегі «Ирсу» және «Қасқасу» туристік-рекреациялық орталықтарын халықаралық стандарттарға сай дамыту жобаларына үлкен қызығушылық танытып, нақты келіссөздер жүргізді. Бұл бастамалар өңірде мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал етеді.



