«ЖЫЛ ӘКІМІ» БОЛҒАН ЕРЛАН АЙТАХАНОВ ЖЕЛІДЕ БЕЛСЕНДІ МЕ?

236
0

Елімізде отандық Tengrinews.kz  сайты «Әлеуметтік желіде ең белсенді әкім кім?» деген сұраққа жауап іздеген. Бұл үшін сайт тілшісі еліміздің Павлодар, Орал, Қостанай, Өскемен, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Алматы сынды 8 қала әкімінің желідегі  парақшаларына   шолу жасаған.  Материалда инстаграмдағы аккаунтына  жазылған 215 мың оқырманымен   Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың топ жарып тұрғаны жазылады. Екінші орынға 23,3 мың жазылушысымен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жайғасады. Үздік үштікті 15 мың оқырманымен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов түйіндеген.  Сонымен қатар онда мұндай шолулар алдағы уақытта жалғасатыны айтылады.

Өз кезегінде сайт  Шымкент қаласының әкімін әлеужеліні белсенді қолданушы ретінде атап өткен. Тілші қала әкімінің  аккаунтындағы 88 постпен танысып «Өңір басшысы Instagram желісінде белсенді. Парақшасында Шымкенттің өмірі туралы жазбалар жариялап тұрады. Алғашқы жазбасын тамызда жазған ол алғашында жұмыс барысындағы кездесулері туралы мәлімет тарататын. Одан бөлек Абай, Шәкәрім, Махамбет секілді қазақ ғұламаларының нақыл сөздерін, өлеңдерін жариялаған. Соңғы уақытта түрлі мерекелермен құттықтап, әлеуметтік тақырыптағы видеолар жүктеп жүр. Соңғы жазбасында жаңа жылмен құттықтаған. Ерлан Айтаханов парақшасында жазбаларының бәрін қазақ тілінде жазады» деген пікір берген.

Жалпы Ерлан Қуанышұлының қазақ әдебиетінің  көрнекті өкілдерінің қанатты сөздері, өлең шумақтарын насихаттау туралы бастамалары оған оң имидж беріп жатыр десек те артық емес. Мәселен, былтыр желтоқсанда «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы бірнеше номинациялар бойынша 2019 жылдың Жыл адамдарын  анықтап, Ерлан Айтахановты «Жыл әкімі» номинациясына  лайықты деп тапқан болатын. Және де олар «Шымкент қаласы­ның әкімі Ерлан Айтаханов үшінші мегаполистің экономикалық-әлеуметтік саласын көтеруге қатты кірісуде. Әсіресе, қала шетіндегі елді мекендер мәселесін қолға алуда. Ол сонымен  қатар өзінің қазақ руханиятының қам­қор­шысы екенін көрсете білді. Әкімнің бастамасымен Шымкент қаласында қазақ ақындарының өлеңдері жазылған баннерлер ілініп, қазақ поэзиясы насихатталды. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлының қолдауымен Шымкент қаласында белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған бірнеше ақынның жыр кештері жоғары деңгейде аталып өтілді» деп баға берген.

Айтпақшы, Tengrinews.kz  сайты жасаған желідегі белсенді әкімдер тізіміне 16,2 мың оқырманы бар Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың инстаграм аккаунты туралы ақпарат айтылмаған.  Сонымен қатар, парақшасын  12,4 мың адам бақылап отырған Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың белсенділігі жөнінде жазылмаған. 

uakit.kz

Сурет ашық ақпарат көздерінен алынды)