ШЫМКЕНТТІҢ КРИМИНОГЕНДІК АХУАЛЫ УШЫҚПАҒАН

178
0

Былтыр Шымкентте 16142 құқық бұзушылық орын алған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 16,1%-ға аз.  Тіркелген қылмыстардың ашылуы 73,3%-ды құраған. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 70,1% болған.

Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасының 2019 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылау мақсатында өткен брифингте  айтылды. Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен жиында қала прокурорының орынбасары Манас Сабаншиев есепті мерзімде үшінші мегаполисте криминогендік ахуал ушықпағанын алға тартты.

Оның сөзінше   өткен жылы қалада қасақана адам өлтіру 38,7%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 40,8%-ға, тонау 35,5%-ға, есірткінің заңсыз айналымы деректері 28,3%-ға кеміген.

Бұдан бөлек прокурорлардың араласуымен қылмыстық қудалау органдарының қызметтік бөлмелерінде заңсыз ұсталып отырған 24 адам босап, құқықтары қалпына келтірілген.

Соттардың 5 адамға қатысты шығарған үш ақтау үкімдері апелляциялық өтініш хаттармен бұзылып, айыптау үкімдері қабылданған. Ал, 88 адамға қатысты 58 үкім апелляциялық өтініш хаттармен заңдастырылған. Осы мерзім ішінде калалық прокуратурамен кассациялық тәртіпте наразылық келтіру жөнінде 28 адамға қатысты 25 өтінішхаттар келтірілген, оның 12 адамға қатыстысы Жоғарғы сотпен қанағаттандырылған.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқытқаны үшін 4428 мұғалімнің жалақысына қосымша 62 млн. теңге, 623 мұғалімге ғылыми дәрежесі үшін қосымша 2,1 млн. теңге өндіріліп, конституциялық құқықтары қорғалған.

uakit.kz