ШЫМКЕНТТЕ «МӘРТЕБЕЛІ ПОЭЗИЯ МІНБЕРІ» БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

192
0

Шымкентте «Мәртебелі поэзия мінбері» атты  рухани бағдарлама бастау алды. Соның негізінде енді үшінші мегаполисте  аптаның әр жұмасы поэзия күніне арналады.  Бағдарлама аясында өткізілетін алғашқы жиын бүгін қаладағы «Отырар» кітапханасында болды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Поэзия күнінің алғашқы қонағы ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, ақын, журналист,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Ұлықбек Есдәулет болды. Кітапханада өткен поэзия кешінде қаламгердің өлеңдері оқылып, шығармашылығынан кітаптар көрмесі қойылды.

Поэзия кешінің салтанатты ашылуында сөз алған қала әкімі Ерлан Айтаханов аталған шараның мән-мақсатына тоқталып, рухани байлық-адамгершілік негізі екенін атап өтті.
«Бүгінгі күннің өзекті мәселесі жас ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни, адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Осы тұрғыда аталған рухани бағдарламаның ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор болады деп сенемін»,- деді Ерлан Қуанышұлы.

Поэзия кешіне көршілес Өзбекстан Республикасынан делегаттар мен елімізге белгілі Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы сынды ақын, жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Онда студент жастар мен мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерінен үзінді оқыды. Бұдан бөлек кеш қонағы Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері де оқылды.
Қаламгер Ұлықбек Есдәулет «Қанат қақты», «Жұлдыз жарығы», «Аптайдың алтынтамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Алтай асулары», «Заман-ай», «Киіз кітап»  сынды кітаптар мен «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының, қазақ тіліндегі «Ынтық зар», «Әбілхаят» 5 томдық шығармалар жинағы мен «Семей-Невада» қозғалысының әнұраны және «Заман-ай» әні сөздерінің авторы. Ақынның шығармалары  бірнеше шет тілдеріне аударылған. 

Алдағы уақытта Шымкентке «Мәртебелі поэзия мінбері» атты  рухани бағдарлама  аясында  ТМД елдері мен республикаға танымал белгілі ақындар арнайы шақыртылып, мінберде ой мен сезімнен туындаған парасатты жырлар оқылмақ.

uakit.kz