ТҮРКІСТАН: БЫЛТЫР ТӨМЕНГІ ЛАУАЗЫМНАН ЖОҒАРЫ ҚЫЗМЕТКЕ 525 МАМАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН
Қазірі таңда Түркістан облысындағы 610 мемлекеттік органда 7061 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Былтыр мемлекеттік қызметкерлер саны 2018 жылмен салыстырғанда 124 бірлікке азайған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен 2019 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау брифингінде осылай деп мәлімдеді.
Өткен жылы 1522 мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылған. Бұл туралы Б.Әлмұханұлы: «Былтыр қызметінен босатылған мамандардың 865-і ішкі конкурстар арқылы басқа лауазымға тағайындалуына байланысты, теріс себептермен 50 қызметші, басқа себептермен 284 маман және таза ауысымдылық бойынша 323 қызметші жұмыстан босатылған», — деді.
Сондай-ақ, баспасөз жиынында бос мемлекеттік лауазымға жарияланған ішкі конкурсқа төменгі лауазымнан жоғары қызметке 525 маман тағайындалып, меритократия деңгейі 66,2% құрағандығы айтылды. Өткен жылы өңірде бірнеше кезеңді қамтыған іріктеу нәтижесінде түркістандық 19 жас Президенттік жастар кадрлық резервінің құрамына алынған. Оның 11-і мемлекеттік органнан, 4-і жеке сектордан, 3-уі квазисектордан және 1 өкіл құқық қорғау органынан болған. Алдағы бес жыл ішінде осы тұлғаларға конкурстан тыс уәкілетті комиссияның қорытындысымен басшы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігі беріледі.
uakit.kz