800-ДЕН АСА ОҚУШЫ ҚАТЫСҚАН БАЙҚАУДЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

49
0

Үшінші мегаполисте «Ата тілі және отбасы – 2023» байқауы қорытындыланды. Шымкент қаласындағы 10 білім ордасынан бас-аяғы 800-ден аса оқушы қатысқан байқаудың бас жүлдесі З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебіне бұйырды.

Шараның өтуіне қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен қалалық білім басқармасының әдістемелік орталығы мұрындық болды. Тіл саясатын іске асырудың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары аясында өткен байқаудың қорытындысы Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында өтті. Онда байқау жеңімпаздары марапатталды. Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова жеңімпаздарды анықтаудың қиын болғанын айтады. Өз сөзінде «Оқушылардың өнерін бағалау кезінде ата-аналардың белсенділігі мен өзге этнос балаларының қатысуы айрықша ескерілді. Сайысқа бірі ата-әжесімен, енді бірі әкесімен қатысты. Тағы бірі анасымен немесе аға-әпкесімен сынға түсті. Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар 5 кезең бойынша сайысты. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы жанынан құрылған әдістемелік кеңестің,  «Қазақстанның педагогикалық академиясы» қорының вице-президенті Тамара Махалқызы бастаған қазылар алқасының құрамы қатысушылардың біліміне, тапқырлығына, белсенділігіне, шығарманың көркемділігіне баса назар аударды» деп атап өтті ол. Байқау барысында қатысушылар қазақ халық ертегілерін ауызша айтудан, ырым-тыйымдар турасындағы тапсырмаларды орындаудан бақтарын сынап көрді. Мақал-мәтел мен нақыл сөздерді қаншалықты білетінін көрсетті. Сонымен қатар өз өнерлерін ортаға салып, «Өнерліге өріс кең» кезеңінің көркін қыздыра түсті. Әр қатысушының жарысқа тыңғылықты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Бәсеке өте жоғары деңгейде болды. Нәтижесінде әділқазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебіне бұйырды. I орынды Мукими атындағы №105 жалпы орта білім беретін мектебі, II орынды  Б.Садықов атындағы №112 жалпы орта білім беретін мектебі мен №57 жалпы орта білім беретін мектебі алды. Сонымен қатар бірнеше аталым бойынша марапатталған білім ордалары да бар. Атап айтқанда, «Өрісі кең білім ордасы» номинациясына Д. Нұрпейісова атындағы №116 жалпы орта білім беретін мектебі, «Белсенді білім ордасы»  номинациясына Хамза атындағы №108 жалпы орта білім беретін мектебі лайық деп танылды. Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейіне белсенділігі үшін арнайы алғыс хат та табысталды.  Қызу бәсекемен өткен байқаудың басты мақсаты – оқушылардың бойына патриотизм ұғымын терең сіңіру, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жастарға кеңінен насихаттау, ана тіліне деген құрметті арттыру.