ШЫМКЕНТ: НАН БАҒАСЫН 75 ТЕҢГЕДЕН АСЫРМАУ ҮШІН НАУБАЙХАНАЛАРҒА АРЗАН БАҒАДА ҰН ТАРАТЫЛАДЫ

267
0

Қазіргі таңда елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты көптеген азаматтар азық-түлік түгесіліп қалады деп артық уайымға салынуда. Бұлай дүрлігудің қажеті жоқ. Себебі, Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті.

Бұл туралы бүгін Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Махсұт Исахов мәлімдеді.

Өз кезегінде ол:

– Тұрақтандыру қорында 2 млрд. 200 млн. теңге бар. Тұтынуға ең қажетті деген 11 тауар түрінің бағасын көтермеу бойынша GraMad гипермаркетімен келісімшарт түзілген. Олар бір жыл бойы тауарларды біз қойған шекті бағасынан асырмайды. Қазір азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруда осындай жолдарды қарастырып жатырмыз,-деді.

Сонымен қатар брифингте нан бағасын 75 теңгеден асырмау бағытындағы шаралар айтылды. Жергілікті билік нан бағасының көтерілмеуіне жол бермеу мақсатында наубайханаларға арзандатылған бағамен ұн таратуды қолға алатын болады. Соның негізінде  наубайхана иелерімен нан бағасын 75 теңгеден асырмау туралы келісім жүргізіледі.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз