МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамның барлық тобына тең мүмкіндік жасау және өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жыл сайын күшейіп келеді. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау мен оларды қоғам өміріне белсенді тарту – өңір басшылығының басты назарында. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте осы саладағы жұмыстардың барысы егжей-тегжейлі қаралды. Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі, оңалту және абилитациялау бағдарламаларының орындалу деңгейі талқыланды.

Өңір басшысы өз сөзінде әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – көмекке мұқтаж адамдарға нақты әрі сапалы қолдау көрсету екенін атап өтті. Нақтырағы «Мүгедектігі бар тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жүйелі әрі тиімді болуы тиіс. Әрбір аудан мен қала әкімдігі, тиісті басқарма өкілдері өз міндетін жауапкершілікпен атқаруы керек. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы облыс әкімдігі тарапынан қатаң бақылауда болады» деді Нұралхан Көшеров. Әлеуметтік қорғау саласында Түркістан облысы республика бойынша ең ауқымды өңірлердің бірі. Бүгінде облыс бойынша 101 930 мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Бұл – халықтың 5 пайыздан астамын қамтитын айтарлықтай көрсеткіш. Соған сәйкес, әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты да осы азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадыров мәжілісте атқарылған жұмыстар мен нақты нәтижелер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап облыста әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі түбегейлі жаңартылып, «Әлеуметтік қызметтер порталы» іске қосылған. Бұл цифрлық жоба мүгедектігі бар адамдарға қажетті тауарлар мен қызметтерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріп, бұрынғы күрделі рәсімдерді едәуір жеңілдеткен. Мысалы, бұрын оңалту құралдарын алу үшін бірнеше мекемеге жүгіну қажет болса, қазір бұл процесс онлайн режимде жүзеге асады. Портал арқылы әлеуметтік көмек алушылар өздері таңдайтын жеткізушіні белгілейді, бұл – сапа мен ашықтықты қамтамасыз ететін тетік. Осы реформаның арқасында қызмет көрсету уақыты қысқарып, бюрократиялық кедергілер азайды.

2025 жылдан бастап жүйе тағы да жетілдіріліп, проактивті қызметтер енгізілуде. Енді азаматтар санаторийлік-курорттық ем қабылдауға, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметін алуға өтінішті электронды форматта береді. Бұл бастама өтініш берушілердің санын айтарлықтай арттырған. Мәселен, биылғы жылы өтініштер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға өскен: былтыр 62 628 өтініш түссе, биыл олардың саны 75 898-ге жеткен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста оңалту бағдарламасының орындалу деңгейі 95 пайызды құрады. 66 860 өтініш қанағаттандырылып, бұл мақсатқа 17,1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Ал 2025 жылға қарай абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламалары аясында өтініштерді қанағаттандыру көрсеткішін толықтай 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында 75 898 өтініш қабылданып, оның 55 502-сі қанағаттандырылған. Қалған өтініштер кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Бұл көрсеткіштің артуы – әлеуметтік қызметтердің сұранысқа ие екенін және азаматтардың оларға сенім білдіретінін айғақтайды. Мүгедектігі бар азаматтарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету де басты назарда. 2025 жылға міндетті гигиеналық құралдар мен оңалту бұйымдарын сатып алуға 6,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуы өңір басшысының жеке бақылауында.

Түркістан облысында инклюзивті қоғам құру бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеу, кедергісіз орта қалыптастыру және жұмыспен қамту бағдарламалары біртіндеп іске асырылып келеді. 2024 жылы облыс бойынша 800-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың көбі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда қызмет атқаруда. Бұған қоса, мүгедектігі бар адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалуда. «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары арқылы 400-ге жуық азамат грант иегері атанып, өз ісін ашуға мүмкіндік алды. Бұл шаралар – әлеуметтік қолдаудың ең тиімді түрі, өйткені олар азаматтардың өз әлеуетін іске асырып, қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады. Сондай-ақ, облыс аумағында әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен оңалту мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Бірқатар аудандарда жаңа ғимараттар салынып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылуда.