ШЫМКЕНТТЕ АРНАЙЫ ШАРАЛАРҒА ШАҚЫРЫЛҒАН ӘСКЕРИ МІНДЕТТІЛЕР ІСКЕ КІРІСТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлық шығарған болатын. Президенттің бұл бастамасын 100 шымкенттік азамат нақты іспен қолдауға толық дайын.
Өз кезегінде әскердегі қатарға қосылған сарбаздар қалада залалсыздандыру жұмысына қатысады. Оған қоса санитарлық блок-бекеттерде шектеу шараларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға да жұмылдырылатын болады. Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков бүгіннен бастап іске кіріскен 100 азаматқа сәттілік тіледі.
«Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Олар 13 сәуір мен 14 мамыр аралығында залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Оларды тасымалдау мен тамақтандыру мәселесі шешілген», — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Алмасбек Кеңесбекұлы.
Төтенше жағдай кезінде қала бойынша әзірге 100 азамат қабылданған. Қиын-қыстау кезде мемлекет басшысының үндеуін құлақ асқан жастар залалсыздандыру мен басқа да жұмыстар атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынған.
Шымкент қалалық әскери комиссариятында арнайы медициналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізген. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кететін мәселе, жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады.
Еріктілер бұндай қадамға пайда үшін емес, мемлекет мүддесі үшін барғанын алға тартады.
uakit.kz