«ЧУМЧАК» ЖӘНЕ «КӨК» КАНАЛДАРЫ ҚАШАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ?

114
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан каналдарға барып, іс барысын бақылады.

Айтып өтейік, бұған дейін “Чучмак” және “Көк” каналдарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктірген мекемелерге 10 млн тг. көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі кезде құрылыстың 80% бітті. Жоспар бойынша қараша айында ел игілігіне берілуі тиіс. Ол үшін қыркүйек айының 10-ынан бастап ағын судың тоқтайтынын шаруаларға алдын ала ескерту керек. Осылай деген шаһар басшысы ауылшаруашылығы және табиғат басқармасына түсіндіру жұмыстарын жіті жүргізуді тапсырды.

Бұдан соң қала әкімі “Шапырашты”, “Сай ниже водопада” каналдарының да күрделі жөндеу жұмыстары барысын көрді. Сала мамандарына “Сай ниже водопада” каналына қойылып жатқан блоктардың сапа сертификатын тексеріп қабылдауды тапсырды. Әзірге мұнда істің 20% атқарылған. Нысан келесі жылға өтпелі.

Айта кету керек, Шымкентте жалпы 34 канал бар. Оның ішінде 27 канал ауылшаруашылығы бағытында қолданылса, 7-і ирригациялық мақсатта пайдаланылуда. Қазіргі сәтте ұзындығы 57,2 шақырымды құрайтын 5 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның екеуі өткен жылдан өтпелі болса, үшеуіне күрделі жөндеу жұмыстары осы жылы басталған. Каналдардың құрылысы аяқталғанда су өткізу қабілеттілігі ұлғайып, жаңадан 1700 га егіс алқабы игеріледі.

Бұған дейін шаһар басшысы қаладағы каналдардың маңызы турасында былай деген болатын «Каналдар калаға ауылшаруашылық үшін су жеткізудің негізгі көзі болғандықтан оларды күтіп ұстау мен тиімді пайдалану аса маңызды. Жөндеуден өткен каналдардың су өткізу қабілеті де жоғарылайды. Бұл өз кезегінде шаруалардың дәнді-дақылдар мен көгөніс және мал азықтық өнімдерін жетілдіруге мүмкіндігін арттырады. Сондықтан құрылыс барысында бетондаудың технологиялық талаптарын сақтап, жұмыстар өз мерзімінде аяқталуы тиіс».