Бұхарбай ПАРМАНОВ: «АБАЙ АУДАНЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАНДЫ»
Шымкент қаласы, Абай ауданында коронавирустың 21 ошағы тіркелген. Олардың барлығы дер кезінде оқшауланған. Қазіргі таңда вирус анықталған 5 ошақ оқшаулау режимінен босатылған. Оқшауланған аумақтағы тұрғындардың барлығы өзіне қажетті азық-түлік өнімдер тізімін WhatsApp желісі арқылы дүкен сатушыларына жолдайды. Одан соң дүкендегі сатушылар еріктілердің көмегімен оларға тікелей жеткізіледі. Бұл мақсатта оқшауланған аумақтарда 20-ға жуық еріктілер жұмыс істейді.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, ауданда жұмыс істеп жатқан 6 сауда нүктесі, 935 кіші азық-түлік дүкені, 111 дәріхана, 81 жанар жағармай бекеті мен 3 базар қалалық бас санитариялық дәрігер бекіткен ережеге сәйкес күндізгі 10:00-ден бастап 17:00-ге дейін жұмыс істейтінін айтты. Нысандардың барлығына күніне екі рет дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Аудан бойынша барлық дүкен иелеріне әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдерін шекті бағадан асырмауы қажеттігі туралы ескерту жасалған.
Төтенше жағдай режимінің сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізілген рейд жүмыстары кезінде төтенше жағдай режимін бұзудың 3 дерегі анықталған. Атап айтқанда, қабылданған шектеу шараларына қарамастан «Сарыарқа» кафесі жұмыс істеген. «Қазығұрт» шағын ауданында көшеде бір тұрғынның қозықұйрық, тағы бір тұрғынның балмұздақ сатқаны белгілі болған. Осыған орай төтенше жағдай режимін бұзған кафе иесі мен сауда- саттық жасаған екі азаматқа тиісті хаттамалар толтырылып, іс сотқа жолданған.
Осы мәліметтермен қатар Бұхарбай Парманов аудандағы 34 елді мекен, 453 көп қабатты тұрғын үйдің кіре берістеріне залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
uakit.kz