ЖУРНАЛИСТЕР ЖЕЛПIНГЕН КҮН

435
0

"Нұр Отан" ХДП ОҚО филиалы төрағасының 1-орынбасары Алмасбек Мамытбеков редакцияға келіп, газет басшысы Т.Балтабаевқа сый-сияпатын табыс етті.

Жегенi  — жантақ, арқалағаны —  алтын журналист ағайындар жылына бiр келетiн өздерiнiң кәсiби төл мерекелерiн ойдағыдай атап өтуге тырысып, бiр желпiнiп қалуға әрекеттенетiндерi анық. Әншейiнде елеусiз жүрген бұл саланың  қызметкерлерiне бұл күнi құрмет те, сияпат та мол. Бiрақ, бәрiне бiрдей бұйыра бермейтiнi тағы бар. Оның себебiн әр жылы құрамы ешбiр өзгерiске ұшырамайтын, өздерi мен төңiрегiне ғана бүйректерi көбiрек бұратын 21 комиссия мүшесi немесе комиссияны басқарып отырғандар бiлмесе, бiз бiлмедiк. Әйтпесе, көрiп жүрмiз ғой, журналистика деген саланың ауылына ойда-жоқта адасып келiп қалған әлдебiреудердiң шимай-шатпақ жазған дүниесi осы саладағы кексе журналистердiң еңбегiн «шаң қаптырып», аузындағы несiбесiн жұлып алып жатқандарын. Бiздiң бiреудiң алған дүниесiнде жұмысымыз жоқ, қызғанбаймыз да. Тек, тәлпiштiк жасап жүрген комиссияға көңiлiмiз қалған соң айтамыз ғой баяғы. Тiл туралы бiр мақала жазбаған, журналистиканың иiсi мұрнына бармайтын бiреу «Тiл жанашыры», есiмiн ел бiлмейтiн әлдекiм «Жыл есiмi» номинацияларын алып жатса жылайсыз ба, күлесiз бе? Мұндай-мұндай болып тұрады, елемей-ақ қоялықшы десек те, әр жылы бiрiнен бiрi өткен сорақылықты көрген соң, тiлiң қайтып қышымай тұрсын.

Биыл да сол, жүлде алудан алдына жан салмайтын «Қазақстан-Шымкен», «Оңтүстiк Қазақстан», «Отырар», «Шымкент келбетi» өзгелерге төбеден қарап, өздерiн зор көрсеткiлерi келдi. Бұларға ойда-жоқта «Рейтинг» қосылып, қызық болды. Әйтпесе, жазғандары мен көрсетiлiмдерiнiң түк татымы жоқ, оқырманы мен көрерменiн жалықтырып бiткен солардың сапасыз дүниелерiне қызығушылық танытқандарды, ауыздарының суы құрып тамсанғандарды әзiрге байқамаппыз. Әлде өздерiнiң «шыжықтары» өздерiне «қызық» болып көрiне ме екен? Биылғы жылғы тағы бiр ерекшелiк, марапаттау рәсiмiне бiрқатар басылымдар мен «Айғақ» телеарнасы қатысудан бас тартты. Келесi жылы олардың қатарлары тағы да артатыны анық. Айналып келгенде, жүлде алғыштардың өздерiмен өздерi қауышатын күндерi алыс емес секiлдi. Рахат емес пе, облыс әкiмдiгi қыруар қаржы бөледi, өзгелерге дым татырмай, рахатын өздерi көредi.

Жә, мейлi. Комиссияның құзыретiндегi мәселенi бiз емес, өздерi шешедi. Қазаншының еркi бар, қайдан құлақ шығарса да. Бiздiң айтпағымыз, «Уақыт» та, өзгелер де бәрiбiр бұл күндi атаусыз қалдырған жоқ. Өзгесiн айтпағанда, Талғат Балтабаев облыстық мәдениет, денсаулық сақтау басқармаларының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарына ие болса, Ордабасы ауданының әкiмi арнайы шақырту жiберiп, тиiстi марапатын жасады.

Облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов газет редакторы Е.Сұлтанға Алғыс хат тапсырды

Ердәулер Сұлтан  облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалынның, облыстық соттың Алғыс хаты пен бағалы сыйлықтарын, Тұтқабай Фазылбек облыс прокуроры Б.Құлтасовтың Алғыс хатын, естелiк сыйлығын, Асхат Сұлтанов қала әкiмiнiң Алғыс хаты мен бағалы сыйлығын олжалады.

Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының орынбасары Алмасбек Мамытбеков «Уақыт» газетiнiң ұжымын құттықтау үшiн редакцияға арнайы келiп, сый-сияпатын табыс еттi. Мұның барлығы да «Уақытқа» деген құрмет, ықылас-пейiл екенiн жақсы түсiнемiз.

Қауқары жоқ комиссияға қарағанда, құзiретi басым органдар мен

Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов газет қызметкері А.Сұлтановты марапаттады

басқармалардың «Уақытқа» деген көңiлдерi басым екенiне көз жеткiздiк. Есесiне, бiздiң де оларға деген құрметiмiз шексiз екендiгi даусыз.

Сөз соңында тағы бiр айтпағымыз, кешегi жиында марапатты айтасыз, атаулары бiрде-бiр рет ауызға алынбаған басылымдар көп болды. Мұндай елемеушiлiктiң түбi жақсылыққа апармасы анық. Онсыз да ынтымағы ыдыраған басылымдардың  басын бiрiктiруi  тиiс Журналистер одағының аймақтағы басшысы мен аға буын өкiлдерiнiң iстеп жүрген тiрлiктерi  анау болған соң, кейде оларға өкпе айту да жөнсiз сияқты. Айттың не, айтпадың не, бәрiбiр…

Қыдыр ҚАЛИЕВ.