ТҮРКІСТАН: ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ҮКІМЕТ САҒАТЫНДА МАҚТААРАЛҒА ҚАТЫСТЫ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

330
0

Түркістан облысының басшысы Үкімет сағатында Мақтааралға қатысты баяндама жасап, төтенше жағдай бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

«Алдын ала жинақталған мәліметтер бойынша көлемі 7639 гектар егістік жерді су басқан. Сонымен қатар, мал шығыны нақтылануда. Қазіргі таңда, осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз. Нақты шығын көлемі нақтыланып болған соң, қосымша баяндалатын болады», деді өңір басшысы.

Мәлімдемеге сәйкес, жалпы 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланған еді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 елдімекен (Мырзакент, Ақжол) тұрғындары өз үй-жайларына қайта оралып, жайғасуда. Жалпы 6 127 тұрғыны бар 5 елдімекенді су басқан  (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық), 7 елдімекенде су басу қаупі әлі де жоғары.

Бұл ретте, шұғыл түрде 2 мамыр күні Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды.

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар келуде.   

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының әскери бөлімінен 413 әскери қызметкер мен 37 дана техника тартылды. Қосымша Алматы қаласынан ҚР Ұлттық Ұланының құтқару батальонынан 320 әскери қызметкер мен 26 дана техника келуде.

Атакент кенті мен Мақтарал, Жамбыл ауылдық округтерінде ашылған 19 қабылдау-эвакуациялау пунктіне 3200 адам орналастырылған. Атап өтейік, Мырзакент және Ақжол елдімекенінің тұрғындары үйлеріне оралуына байланысты эвакуациялық пункттер саны 24-тен 19-ға қысқарды.

«Қабылдау эвакуациялық пункттері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 медицина қызметкері медициналық көмек көрсетуде. Жетісай қаласында да 3 эвакуациялық-қабылдау пункті әзірленген. Қажет болса эвакуацияланған тұрғындарды  қабылдауға дайынбыз», деді Ө. Шөкеев.

Көршілес облыстар мен кәсіпкерлер тарапынан түрлі көмектер көрсетіліп, қолдау білдірілуде.Төтенше жағдай салдарынан бүгінгі таңға, алдын ала есептеулер бойынша жалпы 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 бала-бақшаны,                      4 медицина нысандары мен 1 мәдениет үйін, 10 дүкенді су басты, Жеңіс ауылындағы көпірді (ұзындығы 10 метр, ені 6 метр) және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожолдарды су шайды.

Ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау және су басқан тұрғын үйлерді мүлкін қорғау үшін (Жаңатұрмыс, Фердауси, Т. Жайлыбаев (2), Нұрлыжол, Иіржар және Оргебас, Шұғыла ауылдарында) 8 блок бекет орнатылып, полиция департаментінің жеке құрамынан жалпы 335 қызметкері мен 57 арнайы автокөлігі жұмылдырылды.

 Елдімекендерді су басуының алдын алу мақсатында:

Халықты құлақтандыру мақсатында Мақтарал ауданының 15 елдімекенінде (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас, Достық, Арайлы, Нұрлытаң, Шұғыла, Нұрлыжол, Жантақсай, Ақжол, Мырзакент, Өркен, Ырысты, Қарақыр ауылдары) 38 дабылды ескерту құрылғысы орнатылды.

Нұрлыжол,  Өргебас,  Ырысты,  Жантақсай елді мекендерінде бөгеттер салынып, Мырзакент кенті бағытында Фердауси елдімекенінің аумағында 3 коллектор орнатылды.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданы аумағынан ағын суды тез арада шығару мақсатында Өзбекстан Республикасы тарапынан Жетісай ауданы, Қоғалы елдімекенінің маңынан «орталық бетпақдала коллекторы» арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылды.

«ҚазСушар» РКМ-нің мәліметтеріне сәйкес, кейбір елді мекендерде су деңгейі орташа 3-4 см-ге төмендегені байқалады.