«МАСЛЕНИЦА» – КӨКТЕМ МЕРЕКЕСІ
Славян ұлтының қазақтың Көрісу күнінің ерекшеліктеріне ұқсас мерекесі «Масленица» деп аталады. Бір шаңырақ астында татулықты ту етіп өмір сүріп жатқан көпұлтты Қазақстанда да бұл мереке аталып өтеді. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының славян этномәдени бірлестігі мен қалалық орыс драма театрының ұйымдастыруымен славян халықтарының дәстүрлі «Масленица» мерекесінің тойлануы соның мысалы. Шара қаладағы Орыс драма театрының ғимаратында болды.
Биыл славян халықтарының дәстүрлі бұл мейрамы 8-наурызда басталды. 14-наурызға дейін жалғасқан «Масленицаның» мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін құрметтеу, олардың мәдениетаралық үлгісін көрсету, қоғамда халықаралық келісімді және тұрақтылықты нығайту.
Сонымен қатар «Масленица» қыспен қоштасып, көктемді қарсы алудың мерекелік нышаны болып табылады. «Масленицада» әннен шашу шашылып, бишілер билейді. Бір біріне ренжіген жандарды татуластыруға шақырады. Мерекенің шырайын ашатын бұл рәсімдердің барлығы көктемнің қысты «жеңуіне» ықпал етеді деген сенім де бар.
Шымкентте өткізілген «Масленицада» қаладағы 15-ке жуық өнер ұжымы, балалар ансамбльдері көрерменге мерекелік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар сахналық көріністер, ұлттық билер, хор әндері шырқалып, балаларға жұмбақтар жасырылды. Славян әдебиетінің частушка жанры да орындалды. Шараға Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбек қатысты. Ол:
- Бүгін — Көрісу күні. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әз Наурыз елімізде 10 күн бойы атап өтіледі. Шымкентте де осы онкүндікте 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталады. Сол сияқты славян халықтарының Масленицасы да — көктем мерекесі. Баршаңызды жыл басымен құттықтаймын, — деді.
Мерекелік шара барысында театр фойесінде шымкенттік қолөнершілер мен шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, көрме ұйымдастырылды.