АТА-АНАЛАРМЕН ӨТКЕН ЖИНАЛЫСТА ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАР ҚОЗҒАЛДЫ

Шымкент қаласының №125 жалпы орта білім беретін мектебінде қыркүйек айында өткен ата-аналар комитетінің жиналысы – мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы болды. Бұл жиын білім беру үдерісіндегі барлық тараптардың жауапкершілігін арттыруға, балалардың сапалы білім алып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне бағытталды.
Жиналыстың күн тәртібінде ата-аналарды, ұстаздар мен мектеп әкімшілігін толғандыратын өзекті мәселелер қаралды. Оның ішінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы туралы түсіндіру жұмыстары ерекше назарға алынды. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың бойында адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, жауапкершілік сынды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – тек білімді емес, сонымен қатар адамгершілігі жоғары, өз еліне пайдалы азамат тәрбиелеу. Кездесу барысында мектептің ішкі тәртіп ережелері де талқыланып, ата-аналарға оқу ордасындағы тәртіп пен оқу үдерісіне қатысты нақты талаптар түсіндірілді. Баланың оқу үлгерімін жақсарту, мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және мектеп ережесін сақтау – әр ата-ананың да жауапкершілігі екені атап өтілді. Сонымен қатар, мектеп пен ата-ана және оқушы арасындағы келісім-шартпен таныстыру рәсімі өтті. Бұл құжат үш тараптың – мектептің, ата-ананың және оқушының өзара міндеттемелерін айқындайды. Онда әр тараптың құқықтары мен жауапкершілігі нақты жазылған. Мұндай келісім – тәрбие мен білім сапасын арттырудағы маңызды құралдың бірі болып табылады. Жиналыста тағы бір өзекті мәселе – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбы қозғалды. Бұл бағытта мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы ерекше маңызға ие. Баланы тек мектеп қабырғасында емес, үйде де дұрыс бағытта тәрбиелеу – оның болашағына салынған инвестиция. Сондықтан ата-аналарға балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, зиянды әдеттерден алшақ болуына және жауапкершілік сезімін арттыруына баса назар аудару қажеттігі ескертілді.
Жолда жүру ережелерін сақтау мен жол-көлік жарақаттарының алдын алу мәселесі де ата-аналар жиналысының маңызды тақырыптарының бірі болды. Балалардың мектепке барып-қайту қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаяу жүргінші ретінде жолда өзін дұрыс ұстауға үйрету, жол белгілерін тану мәдениетін қалыптастыру – бұл да тәрбие жұмысының маңызды бөлігі екені айтылды. Жиын соңында ата-аналар комитетінің жаңа құрамы сайланды. Комитет мүшелеріне мектептің даму бағыттарына белсене атсалысып, ата-аналар мен ұстаздар арасындағы тиімді байланыс орнату міндеті жүктелді. Мектеп директоры өз сөзінде ата-аналармен бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, баланың табысты тұлға болып қалыптасуы тек мектептің емес, отбасындағы тәрбиенің де сапасына тікелей байланысты. Сондықтан ата-ана мен мұғалім арасындағы серіктестік – тәрбиелі әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің басты кепілі.