ЖЕРГІЛІКТІ ДӘРІГЕРЛЕР ТІЛІКСІЗ ОТА ЖАСАУДЫ МЕҢГЕРУДЕ

406
0

Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықтың машықты мамандары қосалқы ауруы бар қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға тіліксіз күрделі ота жасау тәсілін меңгеруде.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасов және онкогинекология орталығының дәрігері Орынбасар Бертілеуов 22-сәуірден бері шымкенттік онкологтар үшін шеберлік сабағын өткізуде. Олар жергілікті дәрігерлерге жаңа аппаратта күрделі ота жасау кезеңін және техниканы қолдану әдісін іс жүзінде жасап көрсету үстінде.
Тәжірибе барысында Алматыдан келген дәрігерлер қосалқы аурулары бар обыр ауруына шалдыққан науқастарға лапароскопиялық әдіспен ота жасады. Операция жасалған науқастардың басым бөлігінде семіздік, қант диабеті, артериалды гипертензия сынды қосалқы аурулары бар.
Лапароскопиялық әдісте науқастың ағзасын кеспей ота жасайды. Мамандардың айтуынша, бұл науқастың тез оңалуына мүмкіндік береді.