ЖАҢАРҒАН БАЗА ЖЕМІСТІ ЖҰМЫСҚА СЕБЕП БОЛУДА

87
0

Шымкент қаласы еліміздегі демографиялық ахуалы жақсы өңірлердің қатарына кіреді. Туу көрсеткіші жоғары. Десе де мұның өзі медициналық қызметті әрі қарай дамытуға баса назар аудару керегін көрсетеді. Бүгінде қаламыздағы перзентханаларда барша жағдай жасалған ба? Материалдық-техникалық база күн сайын жаңарып жатқан талаптарға жауап бере ме?

Сала сөзінше, қазіргі уақытта стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Перзентханада 53 білікті дәрігер, 171 орта және 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Тұрғындарға 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетеді. 2021 жылы перзентхананың 6 ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған. Нәтижесінде нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталып отыр. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық сатып алынған. 11 мыңнан астам бала дүниеге келетін мекеме жаңғырту жұмыстарынан кейін 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасай алатын мүмкіндікке ие болған. Айта кету керек, жуырда медицина қызметкерлерінің біліктілігін, білім деңгейін және практикалық дағдыларын арттыру мақсатында Шымкент қаласына бір топ Литвалық дәрігерлер келді. Тәжірибе алмасу жұмыстары кезінде медицина мамандары қалалық перинаталдық орталық базасында кәсіби біліктілігін шыңдады. Шеберлік сабағына қаладағы медицина ұйымдарынан 50-ге жуық маман қатысты. Тренингті өткізу үшін Каунас қаласынан халықаралық деңгейдегі мамандар, профессорлар, магистрден тұратын Литва денсаулық ғылымдары университетінен мамандар бригадасы арнайы шақыртылған. Нақтырақ айтқанда, профессор, акушер-гинеколог Томас Биржетис; неонатолог, профессор Далья Стонене, анестезиолог-реаниматолог Сергей Истигечев, акушер -Данголе Качкаускене; неонаталдық медбике, клиникалық күтім магистрі.-Юлия Старик. Өзге елден келген білікті мамандар бір аптаға жуық жүкті әйелдер мен жаңа туған шақалақтарға медициналық көмек көрсету әдістері бойынша біліктіліктерімен бөлісті. Шетелдік мамандардың қатысуымен өткен шеберлік сабағында теориялық біліммен қатар симуляциялық манекендерде практикалық дағдылар да пысықталды. Оқыту жұмыстарын ұйымдастырған мамандардың сөзінше, мұндай шеберлік сабағы жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге дер кезінде шұғыл акушерлік, неонаталдық, реанимациялық көмек көрсету сапасын арттырып, ана мен бала өлімін азайтуға зор септігін тигізеді.