БІЛГІШПІН ДЕГЕН ТАРИХШЫ АЛДЫМЕН ӨЗ АТА-ТЕГІН ТАНЫСЫН
Момбек Әбдәкімұлы, жазушы, шежіреші. ОҚО «Шежіре» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Қазақ тарихы күрделі. Күрделілігі сол, сандаған ұлыс-тайпалардың ғасырлар тезінен аман өтіп, бір халық – қазақ боп қалыптасқанға дейінгі тарихы туралы көне жазбалар қалмағандықтан, оның бағзы замандардағы жүріп өткен жолдарын нақты айшықтап, бір тұжырым, бір байлам жасап шығу қиын-ақ. Сондықтан болар қай зерттеуші болса да, әмбе қазақтың шығу төркінімен жұрт болып қалыптасуын әлі күнге дейін дәлелдеп, байламды нақты тұжырым жасаған емес. Соған қарамастан, қазіргі қазақ халқын құрап жүрген қайсыбір ру-тайпа болмасын, осыдан ең кемі он бес, ал арысын айтқанда, жиырма-жиырма бес ғасыр бұрын пайда болған. Біз солардың үзінді-жырындысымыз. Бір кездері ұлан-ғайыр даланы дүр сілкінідіріп, батыс-шығыстағы елдерді дүрілдеткен Сақ, Ғұн жұрттарының көп бөлігі заманалар бойғы түрлі дүрбелеңдер мен үдерістердің, ауып-көшулер мен алапат соғыс-шайқастардың әсерінен жан-жаққа ыдырап, басқа ұлт-ұлыстардың құрамына сіңіп кеткенімен, бастапқы қалпы, яғни ата-жұртта қалған діңгек-тірек бөлігі біздің қазақтың халық боп ұйымдасуына әсер етті.
Нақтылап айтқанда, сол діңгек –тірек топ – біздің арғы ата-бабаларымыз. Ол кезде олар қазақ боп аталмағандарымен, со дәуірлердегі өз ат-атауларымен-ақ қазіргі қазақтың түптірегі болған. Сол дәуірлердегі тайпалардың ат-атаулары қазіргі қазақтың ру-ұлыстары болып жүргендігі – соның айғағы. Осы күнгі арамыздағы ірі-ірі делінетін ру-тайпалардың аттары мен атаулары өткен кезеңдерде оларға жолдан жабысқан жоқ, болмаса әлдебір халықтың оларға берген аттарымен аталған жоқ. Бәрі о бастағы өз атаулары. Осы атауларды әр ру-тайпа әлі ұмытпай, күні бүгінге дейін өздерін солай атап жүр.
Қазақта рулар шежіресі бар. Біз оны генеологиялық ата-тек тармағы дейміз. Сол шежіреге қарап отырсаңыз, қазақ халқының өсіп-өркендеу жолы тым тар, бәріміз бір қазақ деген кісіден туып, одан өрбіген – Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш жүзге бөлетін аталардан таралатын кенже халық боп шыға келеміз. Әлбетте, бұл ауызша қалыптасқан шежірелік ұғым. Бәріміз бір қазақтың баласымыз дегенді аз ғана түсінікпен көрсеткен шежірелік кесте. Бірақ, оның астарына үңілсеңіз, тарихтың диалектикалық заңдылығынан аттап кетпеген қисынды нәрсе екеніне көз жеткізе аласыз. Әрине, оған өресі жететін, білімі терең кісі қараса. Өйткені, шежіре сондай әдемі қисынмен құрастырылған. Онда қай ру-тайпаның болса да ата-тек тарихы қазақы ғұрып пен таным-түсінікке орай кестеленген. Өзіміз көріп жүрген осы шежіре ХІІІ ғасырда Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қолдауымен хатқа түскен. Олар сан ғасырлар бұрын жасаған ұлыс-тайпалардың аттарының бәрін кісі есімдеріне айналдырып, ескі жұрттардың ныспыларын белгілі бір аталарға айналдырған. (Мысалы, Үйсін. Арғын, Алшын). Оған қоса, әлдебір тарихи тұлғаларды, сол тұлғалар шыққан белгілі тайпалардың әкесі немесе атасы ретінде көрсеткен. (Үйсіннің атасы – Майқы би, Қыпшақ руларының атасы – Ойбас, т.б. дегендей). Мұндай көріністі – шежіре құрастырушылардың білімсіздігінен туған қатесі деп көрсеткеннен гөрі, олардың ата қасиетін сыйлайтын қазақы пайымы деп ұққан жөн. Одан соң шежіренің тағы бір қисынды жобасы – қай тайпа, қай ру – бұрыннан бір-біріне жақын немесе бағзыдан қай ру қай тайпаның құрамында болғандығын жазбай көрсеткенінде. Мұны шежіре тайпа-руларды бір-бірінен туылған бала ретінде жазбалайды. Мысалы, ертедегі үйсіндерде (үйсін хандығында) қандай рулар болғандығын қазіргі шежіреден байқауға болады. Шежіре оларды одан өрбіген балалар ретінде көрсетеді. Кіші жүз Алшын, Орта жүз Арғын, Қыпшақ, Найман т.б. руларының шежіресі де сондай.
Шежіренің тағы бір қисынды кестесі – ешбір ру-тайпаға оған қатысты емес ешбір аталық есімдерді эпоним (түп аталық) ретінде көрсетпеген. Себебі ол кездегі шежіре құрастырушылар өз ата-бабаларына еш қатысы жоқ көлденең аталарды тықпалаудан өте сақ болған. Оның үстіне сақ дәуірінен бері халық бойында сақталып келген таза аталық дәстүрді ұстану салтын о кездегілер қатаң ұстанған. Былайша айтқанда, көлденең адамдарды өз аталары етуге қатты намыстанған. Демек, шежіре қарабайыр нәрсе болса да, қазақ тарихының ауызша (бірақ, тым тар ұғымда қалыптасқан жүйе болса да) айтылып, есте қалған аса бір кәделі нәрсесі деп айтуға толық негіз бар.
Шежіреге жүйрікпін деген азаматтар жақсы біледі, үш жүздің ауызша шежіресі әкеден бала туылуы арқылы бір-біріне өте ұқсас келеді де, бас жағындағы тайпа-аталардың таралу-тармақталу жолдары өзара ұқсаспайды. Мысалы, Ұлы жүз басты-басты 12 тайпадан, Орта жүз 7 тайпадан, Кіші жүз – Байұлы, Әлімұлы,Жетіру сияқты 3 тайпалар бірлестігінен тұрады. Бекарыстан Қарақожаны тудырса, одан бірден Тарақты, Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Уақ, Керейді өрбітеді. Ал Жанарыстан – Арғымақ, Алауды тудырса, олардан бірден 12 ата – Байұлы, 7-ата Жетіруды, 6-ата Әлімұлын шығарады. Бұдан кейін бұлардан шығатын рулар бірлестіктерін әр түрлі жолдармен тарқатып әкетеді. Ал Ұлы жүз тайпаларының тармақталу жолы осыларға қарағанда бірқыдыру шұбалаңқы. Ақарыстан – Жұмантай, одан – Кейкі би, одан – Төбе би, одан – Қоғам, Құйылдыр, Майқы, Мерке. Қоғамнан – Қаңлы, Құйылдырдан – Қатаған, Шанышқылы, Меркеден – Мыңжүз, Қырықпанжүз. Майқыдан – Бақтияр, одан – Үйсін, Ойсыл. Ойсылдан – Сіргелі. Үйсіннен – Ақсақал, Жансақал. Жансақалдан – Жалайыр. Ақсақалдан – Қараша, одан – Бәйдібек, одан – Жарықшақ, Сарыүйсін, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Албан, Суан, Дулат.
Енді қараңыз, тарихта шығу тегі орта жүздегі Арғын – Найманмен бірдей, тіпті одан да арғы замандардан белгілі Қаңлы, Үйсін шежіредегі тектік сатыда сол Арғын-Наймандармен неге бірдей емес? Ыбырайымнан туатын –Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс (Кіші жүз) болады. Бекарыспен Арғын, Найман т.б. тайпа-аталардың арасы – үш ата. Жанарыс пен – Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың арасы да – үш ата. Ал бұлардан үлкен басы есептелетін Ұлы жүз Қаңлы мен Үйсіннің – Ақарыспен арасы – 7 ата.
Ал Үйсіннен шығатын, Ұлы жүздегі сан жағынан ең көп тараған тайпа – Дулаттың Ақарыспен арасы – 12 ата. Сонда шежіре құрастырушылар тарихта Найман, Қоңыраттармен қатар (ІV ғасыр) белгілі болған Дулаттардың туылуын аналардан неге әлдеқайда кейін көрсеткен? Олар шежірені қалай болса солай құрастыра салған ба, әлде Дулатты кенже тайпа етіп көрсеткісі келген бе? Түсінген кісіге мүлде бұлай емес. Дулаттың шежіреде үлкен ата боп көрсетілмеуі – ол осыдан 23 ғасыр бұрын Жетісуда жеке хандық құрған үлкен ел – Үйсіннің құрамында жүргендігі және сол кезде өз алдына дербес ел еместігі бұған себеп болған. Дулатпен қатарлас Сарыүйсін (Түргеш), Ысты, Ошақты, Шапырашты, Албан, Суан ұлыстары әу баста сол қатарда еді. Үйсін бірлестігі ыдырай бастағанда оның құрамындағы ұлыстардың дербестікке жеткенінің алғашқысы – Жалайырлар еді. Сондықтан да шежіреде Үйсіннің үлкен ұлы (ноқта ағасы) боп көрсетілген. Үйсіндер ұзақ уақыт ыдырамай жеке елдік құрған. Ол кейіннен ыдырап, құрамындағы ұлыстар жеке-жеке тайпаға айналған. Ұлы жүз генеологиясындағы шұбалаңқы шежіре осыны тап басып меңзеп тұр.
Осы ұлыстардың барлығы кейін түркі атанған. Түркілер тарихында бір кезеңдерде жалпы түркі атауы қолданыстан біршама шығып қалған уақыттар да болған. Бірақ, оған жататын ұлыс-рулардың аттары бәрібір сақталынған. Дәлірек айтқанда, сол ұлыс-рулардың өкілдері өз аттарын сақтап қалған. Бір өкініштісі со кезгі түркілердің тарихын өздерінен гөрі басқалар, нақтысы – қытайлар жазған. Қытайлар барлық ұлыс-ру аттарын өз тілдеріне икемдеп, сан түрлі қалыпқа салып жазған. Біздің тарихты зерттеушілердің кейбірі сол жазбаларға сүйеніп, кімнің кім екенін әлі нақты ажырата алмауда. Ол ол ма, қазақтың қарабайыр шежіресін білмек түгілі, таяу тарихқа арнап бір де бір оқырманның көңіліне ұнаған мақала жаза алмаған біреулер әлдебір ұлыс-рудың шыққан тегі мен ата-тек бастауына өзінше болжам жасап, кесімді пікір айтатын боп жүр бұ күнде. Соның бірі – аты да, заты да ешкімге белгісіз, әр түрлі басылымдарда араға жылдар салып, бір көрініп қоятын елеусіз авторлардың қатарына жататын – Өмірәлі Панзарбек. Жасыратыны жоқ, Өмекеңнің жазу стилі біршама қалыптасыпты-ақ. Бірақ логикасы шашыраңқы. Логикасы (қисыны) шашыраңқы болғасын, оған күрделі тақырыпты қамтитын зерттеу еңбектерді жазу бекер-ақ. Ол былтырғы жылы «Әділет» газетінің №28-29 және №31-ші нөмірлеріне «Дулат тайпасының шығу тегі» атты мақала жарияланды. Ол мақалада, біздің қазақтың «жан» және «жәні» деген сөздері әр түрлі тілдердің баламасы арқылы жасалады екен. Ұлы жүз шежіресіндегі «Жансақалды» қытай мен көне түркінің «чиди», яғни сақал-шашы жирен деген сөздерінен пайда болған атау екенін көрсеткен. Әлбетте, Жансақал атты атаның пайда болуының себебі терең. Бірақ ол Өмірбек мырза жазғандай «чиди» атауынан пайда болған емес. Ескі тарихтағы әр түрлі атаулардан құрап-жамап, бүгінгі сөздерді шығара беру пайдалы нәрсеге жатпайды. Одан соң шежіре бойынша Жансақалдан туылатын Қарашаны да әр түрлі нұсқаларға салып, негізсіз деректерді келтіреді. Оның көрсетуінше, Қараша алдында Араша екен. Оған кейін «қ» қосылыпты да, Қараша болыпты. Ал Қарашаның негізі – Алаша деген сөз екен. Алаша – Алаш – Мөде боп шыға келіпті.
Былай қарасаң, зерттеуі жөн-ақ. Бірақ тым қисынсыз. Олардың бәрін талдамай-ақ Дулат атауына көшейік. Панзарбектің жазбасында Дулаттар жергілікті этнос емес, нирун-моңғолдармен генетикалық байланысы бар Болгар дулу немесе Болжар дулу. Болгар дулу мен Болжар дулуды салыстыру мақсатымен ол Әбілғазы мен «Құпия шежіредегі» генеологиялық жазбаларды салыстырып, ақ терге түседі. Түсінген адамға Әбілғазының «Түрік шежіресінің» де, моңғолдың да құпия шежіресінің де бастаулары ата-тектік ауызша генеология. Яғни, өте тар ұғымда айтылған шежірелік жүйе. Сондықтан оны ғылыми негізге алуға болмайды.
Панзарбек қазіргі Дулаттарды «он оқ будунге» жатқан бес дулу емес депті. Бес дулулар моңғол тектес тайпа депті. Алайда оның қалай «он оқ» құрамына келіп қосылғанын айта алмайды. Солай болу керек-ау деген далбасамен әр түрлі тарихи фактілерден бір атау шығаруға талпынып, әуреге түседі.
Шу бойында тұратын Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр деген тайпаларға қай жақтан келгені белгісіз Дулаттар келеді де, әлгі төртеудің арасына сіңісіп, осы төрт руға өз атын бергізеді (Бұған өзбек атауын мысал етіп көрсетіпті). Сөйтіп, қазақ арасында аспаннан түскендей, ойда-жоқта Дулат тайпасы пайда бола салады.
Ол әр түрлі фактілерді алға тартып, өз тұжырымдамасының дұрыс екеніне жұрттың көзін жеткізбек болып талпынады. Алайда, бәрі бекершілік, керек десеңіз, мақаласы ел ынтымағы мен бірлігін бұзатын, белгілі бір топтың намысын жанып, ашу-ызасын тудыратын шығарма екенін білмейді.
Біз білмейді екенбіз, «Бөген» деген сөз –«беген» деген сөзден шыққан екен. Ал Бегеннің түп-төркіні Арғынның Бөгендік руынан қалған сөз екен. Бегендіктер бір кездері Қаратауды жайлапты. Он бесінші ғасырда. Қаратаудағы қос өзен сол кезде «Беген» аталыпты (ол кезге дейін оның аты болмаған тәрізді). Кім көрінген қазақтың әр сөзін әртарапқа тартып өзгерте берсе, біз сорлыда жөні түзу сөз қалмайтын шығар. Осы тұрғыдан алғанда Бөгеннің түп төркіні Бегеннен шықты деген тұжырым әрі күлкілі, әрі тұрпайы, сонымен қатар есі дұрыс емес кісінің сөзі. Олай болса, арқадағы Арғындардың Бегендік сөзін еш өзгертпей айтатын қазақ, Қаратауға келгенде неге оны Бөген деп өзгертіп атай салғанына, біздің «керемет» зерттеушіміз түсініктеме бермегені қалай…
Бөгеннің Бегендікке еш қатысы жоқ. Ол қазақтың суға, өзенге қатысты – бөгет, бөгел, яғни су ағар деген мағынадағы көп баламалардың бірі. Айтпақшы, Панзарбек мырза мақаласында Бегендіктің, тіпті жалпы Арғын шежіресінің басты аталарының ішінде жоқ Бәйдібек деген байды тауып алып, Ұлы жүз шежіресінде бірнеше ру-ұлыстардың түп атасы болып жүрген Бәйдібекті соған телиді. Яғни, ұлы жүздердің жарты жұрты бас иіп, өз атасы санап жүрген Бәйдібек Үйсіннің кісісі емес, Арғынның бір сараң байы екен. Ұлы жүз шежіресін құрастырушылар шатасып, Арғынның бір байын өз аталары етіп, ата-тек тарихына кіргізіп жіберіпті. Аталарыңның нақты кім екенін анықтап берген Бәйдібектің балалары, көрдіңдер ме, түп-тіректерінің кім екенін?..
Панзарбектің түкке алғысыз жазбагерсымақ екені – Бәйдібек атты атаның прототипі мен Домалақ ананың өмір сүрген уақытын салыстырып бекерге «өкпесінің өшкенінен» көруге болады. Зерделі тарихшы белгілі бір тұлғаның айналасына кім көрінгенді жинап, олардың өмірде болған-болмағанын анықтап, қисынсыз ойларды айтуды емес, өткен тарихтың болмысына саналы азамат ретінде көз жіберуі керек. Ол үшін киелі де қастерлі аталар мен аналардың неліктен шежіре төрінен орын алып тұрғандығына ойлы көзбен қарай алуы ләзім. Шежіреде ескі замандарда күллі бір тайпаға беделі жүрген немесе билігі асқан әлдеқандай ұлы тұлғаны оған бағынған барша тайпаның атасы, болмаса анасы етіп қоятын үрдіс-дәстүр бар. Панзарбек мырза келтірген қытайлардың «байды» атауы көне түркілер арасында басқалардан үстем руларға немесе кісілерге берілген. Одан соң ол жазған «ди немесе динлин, одан кейінгі дулу-дуғлат бәрі бір Дулаттың әр кезіндегі атаулары. Бес дулудың ұрпақтары қазіргі Дулаттар болмаса, онда сол бес дулудан тараған жұрт бұл күндері қайда, әлде сол кезде олардың бәрін жер жұтып кетті ме?
Бәйдібектің бастапқы шығу тегі «Байди» атауына байланысты. Бұл атау ІV-V ғасырларда белгілі болған. VІ-VІІ ғасырлардағы түркі қағанаты кезінде ел билеушілерін «Шора» немесе «бек» деп атаған. Байди — үстем кісі, бек – ел билеушісі. Сонда Бәйдібек VІ ғасырда пайда болған атау екені көрініп тұрған жоқ па. Тағы бір нұсқа –Бәйдібек VІ-VІІ ғасырлардағы Түркі қағанатын билеген қағандарының біреуінің прототипі, түсіндіріп айтсақ, ныспысы. Демек, Бәйдібек VІ-VІІ ғасырларда «он оқ тайпасын», яғни солардан қалған қазіргі ұрпақтар – Сарыүйсін, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Албан, Суан, Дулат ұлыстарын билеген ел басшысы. Қарапайым шежіреде ол осы рулардың түп атасы боп көрініп тұр. Кезінде шежірені осылай түйген ата-бабаларымыз жазу-сызуды білмесе де, оқып-жаза білетін Панзарбек сияқты зердесіздерден пайымы жоғарырақ болған.
Ендігі сөз – Домалақ Ана хақында. Қазақ аңыздарында қандай түрмен айтылса да Бәдібекпен қатар Домалақ ананы атайды. Демек, бұл екеуінің қандай да бір байланысы бар. Бірақ, Домалақ Ана күні кешегі – ХV-ХVІ ғасырдың өкілі емес. Ол VІ-VІІ ғасырлардағы Бәйдібектің замандасы. Кейін ол қарапайым шежірелік ұғыммен Жарықшақтан тараған рулардың анасы етіп көрсетілген. Домалақ Ана Бәйдібек заманында (VІ-VІІ ғасыр) бүкіл елге ақылшы, сәуегей ана болған. Ол замандарда да елден аты ерек аналарды кейінгі шежіре бірталай рулардың анасы ретінде жазбалаған. Ел есіндегі Домалақ ана кейін қазақ арасындағы исламдық ғұрыппен Қожаның қызы деп дәріптеліп кеткен тәрізді. Өйткені орта ғасырдағы шежіреге қатысты қазақ әпсаналарында белгілі бір тұлғаларды Қожалардың өкілі деп көрсету орын алған. Оның үстіне бұндай пікір исламдық наным-сенімді бойына сіңіре бастаған сол кездегі қазақтардың көңіліне тез жатталған әрі құлақтарына сіңісті болған. Осы себепті де Бәйдібекпен қатар өмір сүрген Домалақ Ана шежірелік аңызда Қожаның қызы болып жүр. Сондықтан да оның бейнесін діни-мифтік аңыз бойынша айтылатын әңгімелердің төңірегінен іздеуден гөрі, оның арғы замандардағы айтулы аналардың қатарына жатқызып, кімге болса да осы тұрғыда көбірек зерттегені жөн болар еді…
Байды, жауға шаптырмайды, тек өнегелі өсиет айтқыш, елге оң бата бергіш көреген кісі ретінде сипаттайды. Ал шежіреде оның қожаның қызы етіп көрсетілуі – аңызға діндік ықпалдық әсер еткен нұсқасы деп түсіну керек. Бір Домалақ Ана емес, қазақ шежіресінде көптеген ру-тайпаларының тарихнамасында қожалар араласып кететін нұсқалар да көп. Себебі өткен ғасырларда қазақ шежіресін көбіне сауаты бар қожалар қағазға түсірген. Сондайда түбі араб қазақтанған қожалар өздерін дәріптеу үшін қожаға қатысты әңгімелерді шежіреге тықпыштаған.
Сөз соңында айтарымыз, Панзарбек мырза, бір қиялдың жетегіне ерем деп, босқа арам тер болмаңыз, ту күндері өздерін Бәйдібек таратып, ата қасиетін қастерлеп отырған екі миллионға жуық халықтың көңілін нала, сенімін ала қылмаңыз дегім келеді. Өреңіз бен пайымыңыз жетпейтін нәрсеге қол созып, жаманатты болғанша, мықты болсаңыз, өзіңіздің әкеңіз бен жақын аталарыңыздың тарихын жазып, туысқандарыңыздан алғыс алып жүре берсеңізші.
Момбек Әбдәкімұлы,
жазушы, шежіреші. ОҚО «Шежіре» қоғамдық бірлестгінің төрағасы.