Қуатты мемлекет қандай мемлекет?

1-4Осы сұрақтың мәнін толық ашып көрейікші. Қуатты деген ұғым күшпен емес, ең алдымен біліммен өлшенетін секілді. Қазақ халқы: «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады»,- деп өз сөзінде текке келтірмегені анық. Экономикасы асқақтаған, халқы азат, елі егемен, жастары тәрбие мен білімді қос қанатым деп білген елге қай жау қауіп төндіре алады  дейсіз. Білімді жастарды тәрбиелеу кез келген елдің алға қойған мақсаты. Осы тұрғыда Елбасымыз ең алдымен жастарға, әсіресе оңы мен солын тани қоймаған мектеп оқушыларына адамгершілік білімін, яғни, тәрбиесіз білім жоқ дегендей, тәрбие  беруді баса айтты. Қазіргі кезде балаға берілетін адамгершілік білімі дегеніміз не? Оны қашан, қай уақытта бастауға болады? Ол не үшін қажет? – осындай сұрауларға жалпы білім беретін мектептің, сонымен қатар қоғам мен болашағына немқұрайлы қарай қоймайтын жоғарғы биліктің алдына қойылатын мәселелі сұрақ болып отыр. Мектеп бітіруші әрбір оқушыға мектептік кезеңде сәйкес және жеткілікті түрде адамгершілік білім берілуі керек, яғни бала адамгершілік білімінің  бастауларымен үздіксіз әрі жүйелі түрде сусындауы қажет. Онсыз адамның қоғамда өмір сүруі, адамдар арасында өзін лайықты ұстай алуы қиынға түсері сөзсіз. Оның қоғамға пайдалы еңбек ететін, қызмет жасайтын, елі үшін жаны ашитын азамат ретінде өсіру үшін қазір үкіметтен жағдай жасалған. Адамгершілік – адамның қоғамдық өмірінің негізі. Адамгершілік білімі – қоғамдық  білімдердің басты және бастапқы бөлігі, оның базасы болып табылады.

Дарын Өмірбек