Бойына сан қасиеттi сыйыстырған жан


Баспасөзде еңбек ететін қаламгерлерді арнайы оқытады, қолына диплом беріп, ақпарат саласының жұмысын тапсырады. Оларды кәсіпқой қаламгер деп атайды. Ал кейде сол жазу саласына мүлдем тосын мамандықтың иелері келіп, кәсіпкерлерден асып түсіп жатқанда кәдімгідей ойланасың. Біздің бүгінгі кейіпкерімізді таныстырып жату сәл артықтау.
Оны ел таниды, танығанда да етене біледі. «Аз и Я»-сымен әлемге танылған Олжас Сүлейменовтың геологтың балғасын қаламға ауыстырғаны секілді Ғалымжан Зиябек те Алматыдағы политехникалық институттан алған тау-кен инженері мамандығы бойынша көп қызмет етпеді. Саясат саласына, баспасөз ауылына қарай иығын беріп тұрды. Соңғы отыз жылдың көлемінде комсомолдан басталған жол ақпаратқа, мәдениетке, туризм мен спортқа, саяси партияға, мемлекеттік билік саласына апаратын сан алуан салалы жолдарға түсірді. Бірақ қаламын тастаған жоқ, баспасөздің әйтеуір бір саласында Ғалымжан Зиябектің аты тасқа басылып, елге танылып жатты. Оны өз оқырмандары, қаламгерлер қауымы журналист деп қабылдады. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Ғалымжан Ордабекұлы «Ордабасы оттары» газетінің директоры болып тағайындалды. Ол кісіні білетіндер «Ғалымжан өз орнын енді тапты» деп қуанып жатты, қуаныштарын жаңа басшымен бірге бөлісті. Осы басылымға барғалы Ғалымжан ағаның өзін тағы бір қырынан танытқандығы бізді кәдімгідей таңдандырды. Сөйтсек Ғалекең менеджерліктің қыры мен сырын бұрыннан біліп, көкейіне түйіп, көпшілікке танытпай жүр екен. Ауданның айнасы – «Ордабасы оттары» Ғалымжан Ордабекұлының қолына тигеннен кейін мүлдем жанып, жайнап шыға келді. Көлемі ұлғайды, беті көбейді, бояулары сан түрлі болды. Әр мақаланың ішкі мазмұны байыды, басылымның қамтитын мәселесі құлашын кеңге жайды. Ауыл-аймақтың аясында қалып кетпей, әлемдік деңгейдегі ауқымды мәселелер қозғалатын болды. Тақырыптар тыңнан түрен тартып, айдарлары алыстан менмұндалайтын дәрежеге жетті. Осыдан кейін Ғалекеңді менеджер демей, тек қана қаламгерлік дәрежесімен қалайша шектеп қоюға болады.
Бір қараған жанға Ғалымжан аға тұйықтау, сыр ашпайтын жан сияқты болып көрінеді. Етене әңгімелесе қалсаңыз әлгі ойыңыз жан-жаққа бытырып кетіп, сіз жаңа бір Ғалымжан Зиябекті танисыз. Оқымайтын нәрсесі жоқ екеніне көзіңіз жетіп, өзіңіздің таяздығыңызды білдіріп алмас үшін абайлап сөз қозғап, сауал салып, байқап жауап беріп отырасыз. Ашып айтпасаңыз да оның тереңінің тұңғиық екендігін мойындамасқа лажыңыз қалмайды. Сол білімдарлық бүгінгі «Ордабасы оттары» газетіне жан бітіріп, оны бұрынғы қай кездегіден де әрлендіре, нәрлендіре түсуде.
Біз аралас-құралас болғалы біраз уақыт өтті. Әр кездесіп, ортақ ой тоғыстырған сайын Ғалымжан ағаның ашылмаған қырларын байқаймын. Оның қарапайымдылығы, көкезу әңгімеден қашқақтайтыны, мәмілегерлігі, бір көрген жанның өзін баурап алып, ұмытылмастай әсер қалдыратындығы екі адамның бірінің бойынан табыла бермейді. Ғалекең аудандық газеттің басшысы болып барғаннан кейін ауданның әкімдігіне көп өтпей-ақ Алмасбек Мамытбеков тағайындалды. Басқа мекемелерді айтпағанда жаңа басшының атбасын ең алғаш болып редакцияға бұрып, қаламгерлермен әңгімелесуінің өзі Ғалымжан Зиябектің қадірі мен салмағын аңғартты.
Ентікпей елудің табалдырығын еркін аттап, ел ағасы болған Ғалымжан Ордабекұлы биылғы сайлауда өз сайлаушыларының сеніміне ие болып, Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Көппен етене араласатын туа бітті адамдық қасиеті оның атқарар міндетін ауырлата түсті. Баяғы белсенділігі артпаса, кеміген жоқ. Жұрттың жоғын жоқтап, ортайған ісін толтыруға, мұқтажын орындауға келгенде қарақан басының ісін кейін ысырып қоятын осы аға жайында аз ғана баяндауымызда ол кісінің сан қырын толық ашпағанмен, халқы танитын қастерлі азамат жайында жамиғатқа өз көкейіміздегі ойымызды, ішкі тілегімізді таныстыруды жөн санадық. Алда баспасөз майданының бел ортасында жүрген қаламгерлердің мерекесі келе жатыр. Ағаның атына айтылатын жақсы пікірлердің, көрсетілер ізгі құрметтердің куәгері болатындығымызға бек сенімдіміз. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт, ниеті адал бір ағаның қасиеттерін түгелдей түгендемегенмен, көңіл түпкіріндегі ізгілікке толы ниетімізді білдіруді парыз санап едік. Ол қаншалықты шықты, тек бағасын көпшілік бере жатар. Біз Ғалымжан ағамызға бүгінгі шыққан биігіңіз, арқалаған абыройыңыз асқақтай берсін деген бауырлық тілегімізді ғана білдіргіміз келеді.

Талғат БАЛТАБАЕВ.

ПІКІР ЖАЗУ